«Үңгірдегі ұлтшылдық» саяси атауының егесі, бүгіндері Ресейдегі қазақ елшісі Дәурен Абаев «ТАСС-қа» көлемді сұхбат беріп, Қазақстандағы русофобия, АЭС құрылысы және Қазақстанның өзге елдермен әскери әріптестігі туралы тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбітіпті. Қазақ елшісі Дәурен Абаевқа «ТАСС» тілшісі Алексей Голенищев қандай сұрақтар қойды және оған Абаев мырза қалай жауап берді, сол төңірегінде сөз ете кетейік.
(Коллаж суреттері ТАСС және Ақорда сайттарынан алынды)
Сонымен, елші мырза Абаев БАҚ-тағы Астана мен Киевтің қорғаныс саласындағы байланыстары туралы хабарларды жоққа шығарды. Ол сондай-ақ: «Қазақстанда русофобия жоқ», - деп жіг жағпар болды және Мәскеу мен Астана ең жоғары саяси деңгейде өзара түсіністік орнатылған одақтастар екенін атап өтті.
«Соңғы айларда, тіпті соңғы күндердің өзінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Украинамен әскери өнімдерді жеткізу мүмкіндігін талқылаған деген ақпарат пайда болды. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі бұл мәліметтерді жоққа шығарды. Мұндай сыбыстарға қандай да бір негіз бар ма? Сіздің ойыңызша, олар қайдан пайда болуы мүмкін?». Бұл тілшінің қойған сұрағы.
БҰЛ АБАЕВТЫҢ АҚТАЛУЫ МА, ӘЛДЕ...
«Сіз дұрыс айттыңыз, бұл - сыбыс. Оларға осылай қарау керек - сыбыс, жалған, тексерілмеген ақпарат. Бірақ, өкінішке қарай, біз оны екі үлкен бөлікке бөлуіміз керек. Бірінші бөлік - фейктерге, тексерілмеген ақпараттың орасан зор ағынына қатысты. Менің ойымша, адамдарда цифрлық гигиена деп аталатын нәрсе қалыптасуы тиіс, қажет емес нәрсенің бәрін тастап, маңызды және қажет нәрсенің бәрін қалдыратын қандай да бір ішкі цензура болуы тиіс.
Қазақстанға келсек, өкінішке орай, иә, біз қоғамдық пікірге әсер ететін жалған аңыздарға, белгілі бір мифтерге жиі тап боламыз. Жеткіліксіз ақпарат ағыны жүріп жатыр. Мен елді сыбыстарға, түрлі аңыздарға сенбеуге шақырамын. Қазақстан мен Ресей - одақтастар. Біздің қарым-қатынастарымыз одақтастық сипатта. Ең жоғары саяси деңгейде және өте жақсы өзара түсіністік бар. Қалғанын әрдайым тексеру керек!
Бұл тақырыпты ұзақ талқылауға болады. Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшісі ретінде мені Қазақстанда русофобия бар деген жалған мәліметтер қатты мазалайды. Бұл - миф. Бұл абсолютті сандырақ. Қазақстанда ешқандай русофобия жоқ. Қазақстанда 3 миллионға жуық этникалық орыс - біздің орыстар, біздің азаматтарымыз тұрады. Егер қандай да бір русофобия болса, елестетіңіз. Ол жоқ және болуы да мүмкін емес. Неге? Себебі бізде ортақ тарих, ұқсас менталитет, тіпті мәдени код та ұқсас.
Егер екі оқушы ұрысса, оны ешкім оқымайды. Бірақ «тоғызыншы сыныптың қазақ оқушысы орыс оқушысымен ұрысты» деп жазса, ол оқылатын болады. Ал жақсы жаңалықтарды оқитындар аз. Алматыда Қазақстан мен Ресей ректорларының форумы өткенін жазған БАҚ-ты байқаған жоқпын. Ресейден 50-ден астам делегация, 35-ке жуық ректор және 20 проректор келді. Олар ауқымды мәселелер мен тақырыптарды талқылады.
Ресейде Қазақстаннан 60 мыңнан астам студент оқып жатыр деген жаңалық та жоқ. Қазақстан - шетелдік студенттер саны бойынша Ресейде бірінші орын. 60 мың баланың Ресейде оқитыны бізде тілдік кедергінің жоқтығын көрсетеді ғой. Бұл Ресейде жақсы білім бар екенін білдіреді. Жақсы жаңалықтар көп, бірақ олар жағымсыз жаңалықтарға назар аударады», - дейді Дәурен Абаев.
Әрі қарай, «ТАСС» тілшісі Алексей Голенищев Дәукеңнің бұл епірмесі мен желпілдемесін елең қылмай: «Яғни, Астана мен Киев арасында әскери немесе қорғаныс салаларында ешқандай байланыс жоқ па?», - деген сауалды төтесінен қояды.
Бұған Абаев: «Жоқ. Біз дереу теріске шығарған бұл фейк БАҚ-та тарап үлгерді. Тіпті елеулі басылымдар да оны тексермей шығарды. Біз барлық жалған әрекеттерге өте жедел әрекет етеміз. Егер сұрақтарыңыз болса, бізге қоңырау шалып, ең нақты ақпаратты жедел ала аласыз»,- деп ақталғандай сөйледі.
Осыдан кейін Ресей тілшісі Путин аузына салып беріп отырған түпкі ойын: «Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Армения мен Әзербайжан арасындағы даулы мәселелерді реттеу үшін Қазақстанда байланыс орнату бастамасын көтерген болатын. Ал Қазақстанның Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша қандай да бір делдалдық әрекеттерге қатысуы мүмкін бе? Астана осындай жұмыс үшін алаң бола ала ма?», - деп өрбітті.
ҚАЗАҚСТАН УКРАИНА МЕН РЕСЕЙГЕ КЕЛІССӨЗ АЛАҢЫН ҰСЫНАДЫ
Бұған Қазақстан Елшісі: «Сөзсіз, Қазақстан әлемге қатысты барлық үдерістер бойынша әрқашан көмектесуге дайын. Бұл тек Ресей мен Украина ғана емес, Сирия мәселесі бойынша, Иран мәселесі бойынша, Армения мен Әзербайжан бойынша да солай. Алаң ұсыну, қандай да бір жағдай жасау... әрине, біз дайынбыз.
Өздеріңіз білесіздер, қазір түрлі бастамалар көп. Және Ресейдің қатысуынсыз бұл үдерістер мүмкін емес деген түсінік бар. Әрине, бұл үдерістерде Ресейдің пікірін әрқашан ескеру керек. Әрине, мен айтқандай, біз делдал болуға емес, алаңды ұсынуға, қандай да жағдай жасауға дайынбыз.
Келіссөзді бастау өте маңызды. Тіпті, мен қазір Ресей мен Украинаны емес, жалпы кез келген қақтығысты айтып отырмын. Жай ғана сөйлесе бастау өте маңызды. Бұл адамдардың қандай да бір келісімге келе бастауының алғашқы қадамы.
Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы аясындағы халықаралық құқық және барлық процестерді жүзеге асыру қағидаттарын берік ұстанады. Біздің ұстанымымыз айқын», - деді.
Одан ары сұхбат ауаны халықаралық тақырыпқа ойысты. Абаев Швейцарияда өтетін бейбітшілік конференциясына Ресейдің шақырылмауына тоқталды. Онан соң Росатоммен байланыс жасау туралы әңгімеге: «Барлығын рефернендум шешеді», - деп шорт кесті.
Сарапшылар Қазақстан елшісі Дәурен Абаевтың бұл жолғы сұхбатының мазмұнына қарап екі түрлі пікір айтады. Бір тобы: «Абаев Мәскеудің ығына жығыла сөйледі», - деп бағаласа, екіншілері: «Абаев дипломатияның шеңберінен шыққан жоқ», - деп пікірлеуде. Қазақ елшісінің бұл әңгімелесуін дипломатияның шеңберіндегі әрекетке жатқысасыз ба, әлде жоқ па, оны мәртебелі оқырман, өздеріңіз бағамдай жатарсыздар...
Mezgil.kz