Украина соғысы табиғатқа да өзінің кері әсерін тигізуде. Осыған дейін мамандар Қара теңізде делфиндердің жаппай қырылғанын жазған болатын. Су жануарлары теңіз минасына түсіп, қырылуда. Ал белсенді ұрыс қимылдары өтіп жатқан теңіздік аймақтардан алшақтап, тамақ табуда қиындық көруде.
Ендігі таңда ғалымдар Украина-Ресей соғысына байланысты құстардың миграция жасау бағыттарының өзгергенін анықтады. Еуропадағы сирек кездесетін, жыртқыш құстар отрядына жататын үлкен ала қырандар соғысқа байланысты ұшу маршруттарын өзгерткені белгілі болды. Ала қырандар Еуропада жоғалу қаупі бар құстардың қатарына жатады. Current Biology зерттеуінің баяндамасында құстардың ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтарды айналып өтетіні жазылған.
Ғалымдар 19 құстың ұшу маршрутын арнайы GPS-трекерлер арқылы бақылаған. Ғалымдар Грекия мен Шығыс Африкадан Беларусьқа ұшып баратын және кері маршрутта ұшып қайтатын құстардың бағыттарын анықтаған.
Алынған нәтижені 2018-2021 жылдар аралығындағы 20 ала қыранның ұшу маршрутымен салыстырған. Нәтижесінде соғыс басталған сәттен бастап ала қырандар ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтарды айналып өтетіні анықталды. Ендігі таңда олардың ұшу бағыты 85-90 шақырымға ұзарып, ұшу сағаты 55-60 сағатқа артқан. Соғысқа дейін зерттеудегі ала қырандардың 90% Украина жерінде тұрақтаса, қазір бар болғаны 32% тұрақтайды. Кей құстар Украина аумағына мүлде кірмейтін болған.
Құстар балапан шығаратын өлкеге жету үшін көбірек уақыт пен энергия жұмсауда. Ғалымдар ала қырандарға бұл үлкен қиындық әкелгенін айтты. Құстардың балапан шығаруы азайған. Бұл құрып кету алдында тұрған құстар үшін аса қауіпті дейді мамандар. Мамандар Путин бастаған соғыстың табиғатқа да кері әсері тиіп жатқанын мәлімдеді.
Ала қыран салмағы 3,5 келіге жететін жыртқыш құс. Финляндиядан бастап Украинаға дейінгі аралықта, орманды және тоғайлы алқапта ұя салады. Ала қыран Ресейдің Қызыл кітабына енгізілген, ал Еуропада жоғалуы мүмкін құстардың санатында.
Mezgil.kz