Биыл мамырдың басында: «Ресей тактикалық ядролық қаруды қолдану бойынша оқу-жаттығу өткізеді» деген хабар әлем жүртшылығының жүрегін дір еткізгені жасырын емес. Ал кеше Ресей Қорғаныс министрлігі пәрмен беріп, тактикалық ядролық қаруды қолдану бойынша оқу-жаттығуды бастап кетті.
Бірақ әлемдік саясаткерлер мен әскери сарапшылар бұны - Ресейдің кезекті ядролық қоққан-лоққысы деп қабылдады. Шынымен солай ма? Дегенмен Ресей сөзден іске көше бастағаны бірте-бірте белгілі бола бастады. Енді Ресейдің «Атом шоқпарын» қолдануға көшудің ар жағына не жатқанына көз жіберейік.
РЕСЕЙДІҢ «АТОМ ШОҚПАРЫ»: КРЕМЛЬДІҢ ОЙЛАҒАНЫ НЕ?
«Ресей билігі елдің Балтық теңізі жақта Литвамен және Финляндиямен теңіз шекарасын біржақты тәртіппен өзгертуге шешім қабылдады». Дәл осындай мәтін құқықтық актілер порталында жарияланды. РФ Үкіметі қаулысының жобасы, бұл.
(Сурет: Талаграм ақпаратының скрині)
Сарапшылар, «Ресейдің едел-жедел тактикалық ядролық қаруды қолдану бойынша жаттығу бастап кетуіне де дәл осы территория өзгерту туралы шешім себеп болып отырғанын» айтады. Батыстың құптауына қол жеткізу үшін РФ тактикалық ядролық қаруды қолдану бойынша оқу-жаттығу өткізуді алға тартып отыр.
РЕСЕЙ ЕНДІ ЛИТВА МЕН ФИН ЖЕРІНЕ КӨЗ ТІКТІ МЕ?
Жоғарыдағы территория сызығын біржақты тәртіппен өзгерту туралы жоба авторлары: «1985 жылы КСРО Министрлер Кеңесi белгiлеген қолданыстағы географиялық координаттар қазiргi географиялық жағдайға толық сәйкес келмейдi», - деп пайымдайды.
(Сурет: moscowtimes скрині)
Сонымен 6 мамырда РФ тактикалық ядролық қаруды қолдану бойынша оқу-жаттығу өткізу ойында барын алға тартса, Кеше стратегиялық емес ядролық күштердің оқу-жаттығуы басталғанын жария етті.
РЕСЕЙ ЖАТТЫҒУ БАСТАДЫ: ЯДРОЛЫҚ БОПСАНЫҢ АВТОРЫ КІМ?
Кеше басталған оқу-жаттығуларды өткізуге тапсырманы Ресей президенті Владимир Путин берген. Мұны да РФ Қорғаныс министрлігі мәлім етті.
Сөйтіп, РФ ҚК Бас штабы «авиацияны, Әскери-Теңіз флотының күштерін тарта отырып, Оңтүстік әскери округтің зымыран құрамаларымен» оқу-жаттығуларды бастады.
Оқу-жаттығу барысында «стратегиялық емес ядролық қаруды дайындау және қолдану мәселелерін іс жүзінде пысықтау жөніндегі іс-шаралар кешені жүзеге асырылады».
«Мұндай қаруды жауынгерлік қолдану жекелеген батыстық ресми тұлғалардың Ресей Федерациясына жасаған арандатушылық мәлімдемелері мен қауіп-қатерлеріне жауап ретінде Ресей мемлекетінің аумақтық тұтастығы мен егемендігін сөзсіз қамтамасыз ету мақсатында пысықталатын болады», - деді РФ Қорғаныс министрлігі.
(Коллаж: Mezgil.kz)
МӘСКЕУ: БІЗГЕ МАКРОН МЕН КАМЕРОННЫҢ СӨЗІ ӨТТІ...
Бірақ, РФ Қорғаныс министрлігі нақты қай тұлғалардың сөзі Кремльдің шымбайына тигені ашып айтпайды. Десе де, Дмитрий Песков (Ресей президентінің баспасз хатшысы) бірсыпыра адамның аттарын атапты. Олардың қатарында: Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания сыртқы істер министрі Давид Камеронның аттары аталады. Сонымен қатар, «кейбір америкалық саясаткерлер» деп жалпылама сөз етіледі.
Песков: «Макронның «Батыс елдерінің әскери қызметшілерін Украинаға жіберу мүмкіндігі» туралы мәлімдемесіне байланысты «бұрын-соңды болмаған шиеленіс» туып отыр. Камерон өз кезегінде, Ұлыбритания жеткізген қаруды пайдаланып, Украинаның Ресейдегі нысандарға соққы беру мүмкіндігіне жол берді. Екі көшбасшының да сөздері Ресейде қатты сынға ұшырады», - деп сөйледі. Песков «кейбір америкалықтар» деп сөйлегенімен, нақты бір адамның атын атамады.
(Сурет: The National Interest)
ТАКТИКАЛЫҚ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ ДЕГЕНІМІЗ НЕ? ОНЫҢ ҚАУПІ ҚАНДАЙ?
Стратегиялық емес, тактикалық деп аталатын ядролық қару - салыстырмалы түрде аз радиустағы зымырандар (яғни, стратегиялық құрлықаралық зымырандар емес). Стратегиялық қарумен салыстырғанда қуаты аз. Мысалы тротил баламасындағы бiрнеше килотоннасы бар ядролық оқ-дәрiлер. Мұндай тактикалық ядролық қаруды «Искандер» зымыран кешендері қолдана алады. Бұл қару жақында Беларусь жеріне де орналастырылды. Есептеулер бойынша, Ресей әлемде мұндай қарудың ең көп қорына ие. Ұрыс алаңында ол ешқашан қолданылмаған.
КСРО-да тактикалық ядролық қаруды пайдалана отырып оқу-жаттығулар өткізілді. Қазіргі Ресейде мұндай оқу-жаттығулар болған жоқ.
«Financial Times», осыдан 10 жыл бұрын Ресей Қытайдың гипотетикалық агрессиясына қарсы осындай қаруды қолдану мүмкіндігіне негізделген әскери ойындар өткізгенін жазды. Ресей Украинаға басып кіргеннен бастап, Батыс елдері Ресейдің тактикалық ядролық қаруды қолдану мүмкіндігіне, атап айтқанда майдандағы сәтсіздіктерге байланысты алаңдаушылық білдірді.
Ресейлік әскери доктрина «мемлекеттің өміріне қауіп төнген» жағдайда ядролық қаруды бірінші болып қолдану мүмкіндігін көздейді. Ал ресми Мәскеу Украинаның халықаралық мойындалған шекарасына кіретін бірқатар облыстарды Ресейдің аумағы деп санайды.
Батыс елдері Ресейді ядролық қатерлер үшін сынға алды. Ресейдің стратегиялық ядролық күштері 2022 жылдың ақпанынан бастап жоғары жауынгерлік әзірлік режимінде.
Mezgil.kz