Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазір Сингапурде жүр. Сингапур президенті Тарман Шанмугаратнаммен келіссөз жүргізуде.
(Коллаж суреттері Ақорда сайтынан алынды)
Бұл 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан Президентінің Сингапурға жасаған бірінші сапары екен. Тәуелсіз қазақ саясаты мен қоғамында «Сингапур үлгісі» деген термин ұзақ жылдар бойы қолданылып келеді. Өткен-кеткен саяси кадрлардың аузында: «Қазақстан Орталық Азияның Сингапурына айналады» деген ұранды сөз де аз айтылмады. Сөйткен, Сингапурмен мемлекетаралық әріптестіктің орнағаны кеше-бүгін емес! Азды-кем сауда-саттық орнады. Экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасты. Әсіресе, бизнесте, агросекторда, логистика мен қаржы технологиясы т.б. байланыстарда айтарлықтай перспектива бар. Енді солар жайлы сөз шығарайық...
(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Сонымен, Қазақстан мен Сингапурдың арасындағы байланыс қандай?
* Бүгінге Қазақстанда 140-тан астам Сингапур компаниясы мен бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді.
* Сингапур Қазақстан экономикасына 1,7 млрд доллар инвестиция салған.
* Екі ел арасындағы сауда айналымы 2 млрд доллардан асып барады.
* Сингапурлық компаниялар отандық инвесторлармен бірге Алматы облысында «G4 City» жобасын іске асыруға қатысып жатыр. Сондай-ақ, «Kazakh Invest» ҰК ақпараты бойынша, Сингапурлық Endorama Corporation компаниясы Қазақстанда Фосфорлы тыңайтқыштар өндірісін ашуды жоспарлап отыр (инвестиция сомасы 1 млрд. АҚШ доллары).
(Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Осы жолы ресми тұлғалармен жолығуда 6 маңызды құжатқа қол қойылған.
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сингапур Республикасының Үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Сингапур Республикасының Ішкі істер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Сингапур Республикасының Әділет министрлігі арасындағы зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Сингапур Республикасының Әділет министрлігі арасындағы құқықтық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сингапур Республикасының Білім министрлігі арасындағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
6. Қазақстан стандарттау және метрология институты мен Enterprise Singapore компаниясы арасындағы Сингапур стандарттарын тарату және аудару жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім.
Ресми тұлғалармен жеке-жеке жолығулар аяқталған соң, бизнес форум өтті. Онда Қазақстан тағы 12 құжатқа қол қойды.
1. «Қазпошта» АҚ мен SingPost арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
2. «KTZ Express» АҚ мен Global DTC арасындағы Цифрлық дәлізді іске қосу туралы декларация;
3. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, PSA KZ Pte Ltd, KPMC Ltd және G-trans Service арасындағы Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы меморандум.
Бұдан бөлек бизнес форум аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Forebright Capital Asia Private Limited, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ және «BGI Hong Kong Tech Co., Limited арасындағы Forebright Life Science Technology Fund туралы инвестициялық келісім;
2. «Бирюк Алтын» ЖШС мен AlDigi Holdings Pte. Ltd компаниясы арасындағы келісім;
3. Қазақстанның «Сыртқы сауда палатасы» ЖШС мен Сингапурдың өндірістік федерациясы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;
4. «Caspian Group» АҚ мен China Regional Development and Planing Institute Co., Limited арасындағы Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
5. «Caspian Group» АҚ мен KPMG Samjong Accounting Corp. арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;
6. «Mandarin building» ЖШС, «Singapore International School Kazakhstan» ЖШС және Kinder World International Group арасындағы Ынтымақтастық туралы келісім;
7. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Nomadic Innovation Hub компаниясы арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;
8. Nomadic Innovation Hub пен Clockster арасындағы инвестициялық келісім;
9. Nomadic Innovation Hub пен Snap hunt рекрутинг платформасы арасындағы инвестициялық келісім.
Осы жолы Қазақстан Сингапурға шикізат пен табиғи ресурстар ұсынды.
«2040 жылға қарай сирек кездесетін металдарға деген әлемдік сұраныс төрт есе артатынын ескере отырып, шамамен барланбаған 5000 кен орны бар Қазақстан осы әлеуетті бірлесе дамыту үшін сенімді серіктес бола алады», - деді Тоқаев.
(Сурет: Getty Images)
СИНГАПУР КЕРЕМЕТІ ТУРАЛЫ СӨЗ...
1867 жылдан Британ империясының отарына айналған Сингапурды кезiнде ағылшындар теңiз саудасының тоғысында орналасқан iрi теңiз айлағы және Азиядағы әскери бекiнiсi ретiнде пайдаланып келдi. 1959 жылы өзiн басқару құқығына ие болғанда шағын аралдағы мемлекеттiң әскерi де жоқ едi. Елдiң жалпы iшкi өнiмi жан басына шаққанда бар-жоғы 400 доллардан айналған. Империядан мұраға теңiз айлағы мен әскери база жұрнақтары ғана қалды. Тұрғындарының басым бөлiгi теңiзден аулаған балығын сатумен күн көрдi.
1959 жылғы парламент сайлауының нәтижесiнде «Халық бiрлiгi» партиясының жетекшiсi, қытай ұлтының өкiлi Ли Куан Ю үкiмет басшылығына келдi. Бұл адамды қарсыластары «авторитарлы билiк құрушы» деп айып¬таса, жақтастары «Сингапур кереметiнiң әкесi» ретiнде таниды. Расында да, Ли Куан Ю 31 жыл үздiксiз ел басқарып, премьерлiктi ұлына табыстағаннан кейiн де билiктен қол үзбедi. Осы үшiн айыптағандарға ол үнемi уәж ретiнде қысқа уақытта жемiсiн берген экономикалық саясатын алға тартып келдi.
1965 жылы Малайзия федерациясының құрамынан шыққан соң, Ли Куан Ю үкiметi бiрiншi кезекте елдiң даму жолындағы мүмкiндiктерi мен кемшiн тұстарын саралап алды. Пайдалы қазбалардан Сингапур жұрдай. Құмның өзiн сырттан алдырады. Ауыз суды Малайзиядан тасып iшедi. Табиғи ресурстардан теңiз балығы ғана бар. Дегенмен табиғат бұл елдi мүлдем құралақан қалдырмапты. Теңiздегi тоғыз жолдың торабындағы Сингапур Еуропа мен Азияның ортасындағы теңiз қақпасы iспеттi. Еуропа мен АҚШ-тан шыққан кемелер жанармай құю үшiн аралға соқпай кете алмайды. Бұл жағынан Сингапур «Азияның Суэц арнасына» айналған. Екiншiден, британ отаршылдығы кезiнде ел тұрғындары ағылшын тiлiн үйрендi, батыстық үлгiдегi заң-сот және әкiмшiлiк жүйесi қалыптасты. Ли Куан Ю бұл факторлар Сингапурды қысқа уақытта «үшiншi ел» қатарынан әлемнiң озық мемлекеттерiне қосудың маңызды алғышарттарының бiрiне балайды. Осы жайттарды саралай келе, Сингапур үкiметi бiлiмдi, iскер, жемқорлықтан таза адамдарды елдiң басты «қазба байлығы» ретiнде жариялайды. Шыншылдық пен сенiм – сингапурлық ұлттық идея деп танылды.
Mezgil.kz