26 мамырда Грузияда Тәуелсіздік күні атап өтіледі. Бұл күні 1918 жылы тәуелсіздік актісі қабылданып, алғашқы Грузин демократиялық республикасы құрылды.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Осы күнге арналған мерекелік шаралар Тблисиде және Грузияның 17 қаласында өтті. Сол күні кешке қоғамдық ұйымдар шеруді өткізді. Бұл акцияға қатысушылар тәуелсіздіктің бірінші жылдығында өткен 1919 жылғы мерекелік шерудің бағытын символикалық түрде қайталады. Наразылық шеруіне шыққандар: «Грузия!» және «із қайда барамыз?! Еуропаға!», - деп ұрандады.
КОБАХИДЗЕ МЕН ЗУРАБИШВИЛИДІҢ ЕРЕГЕСІ
Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе мен президент Саломе Зурабишвили текетіресіндегі «сатқындық» пен «Ресей елесі» осы күні жиналған жұрттың есінде мәңгіге қалды. Грузияның президенті мен пермьер-министрі Тәуелсіздік күніне арналған митингіде бір-біріне айыптаулар тағып, аш қасқырдай арсылдағаны әлемдік БАҚ-ты шарлап кетті. Президент Зурабишвили мен премьер Кобахидзе бір-бірін «ұлттық мүдделерге сатқындық жасады» деп айыптады.
Грузин көшбасшылары арасындағы қақтығыстың тууына «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заңды, яғни, «шетелдік агент» туралы заңды қабылдау себеп болғаны жасырын емес. Өйткені, президент пен қоғамдық ұйымдар осы бір «шетелдік агенттер» туралы заңды «ресейлік заңнаманың көшірмесі» деп санайды. Әрі оның төңірегіндегі даулар осы мемлекетте мүлдем шиеленісіп тұр.
ЗУРАБИШВИЛИ: ГРУЗИЯ АСПАНЫН РЕСЕЙ ЕЛЕСІ ТОРЛАДЫ!
Президент Зурабишвили: «Бізден жерімізді қаққа бөліп, кім тартып алғанын, біздің аумақтық тұтастығымызды кім бұзғанын, ал біздің егемендігіміз бен ешкімді мойындамау саясатымызды кім қорғайтынын бек жақсы білеміз! Бүгінде Грузияның аспанын Ресейдің елесі торлаған кезде, елдің тәуелсіздігі мен бейбітшілігін сақтау мен нығайтудың шынайы жолы - бұл Еуропамен, АҚШ-пен серіктестік», - деді.
Әрі қарай Зурабишвили: «Осы жолды бұзатындар - еліміздің бейбіт және қауіпсіз болашағын, еркін және демократиялық әлемнің толыққанды мүшесіне айналу жолын аяққа таптап жатыр», - дегенді қосты.
ТАҢДАУ: НЕ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ГРУЗИЯ, НЕ АВТОРИТАРЛЫ РЕСЕЙ ЖОЛЫ...
Президент Зурабишвили биылғы қазан айында өтетін парламенттік сайлауда ел тұрғындары тарихи таңдау жасауға тура келетінін алға тартып: «Бұл сайлауда бізге басты таңдау жасау керек: не еуропалық, демократиялық, тәуелсіз Грузия, не ресейлік үлгідегі авторитарлық және оқшауланған Грузия! Мұндай таңдау халықтық референдум деп аталады», - деп ағынан жарылды.
КОБАХИДЗЕ НЕ ДЕП ЖАУАП ҚАТТЫ?
Президент сөзіндегі таяқтың бір ұшы өз басына тиген және ашық денесіне тиген шоқтай болған отты сөздерге жыны қозған премьер-министр Ираклий Кобахидзе мінберге жұлқына шықты.
Сөз тізігіні қолына емін-еркін тиген премьер-министр Ираклий Кобахидзе бірден парасаттылықты белден басып, Зурабишвилиді «сатқынсың» деп айыптап, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты.
«Ақылға қонымды қадамдар бізге экзистенциалдық қауіп-қатерлерге және көптеген сатқындықтарға, соның ішінде Грузия президентінің сатқындығына қарамастан, соңғы екі жылда елімізде бейбітшілікті сақтауға мүмкіндік берді», - деп мәлімдеді Кобахидзе.
ДАУДЫҢ БАСЫ – «ШЕТЕЛДІК АГЕНТ» ТУРАЛЫ РЕСЕЙЛІК ҮЛГІДЕГІ ЗАҢ
Мамыр айында Грузия парламенті «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заңды қабылдады, бұл оппозиция мен елдің азаматтық секторы өкілдерінің жаппай наразылығын тудырды. Грузия президенті 18 мамырда үш тыңдауда қабылданған заңға вето қойды, бірақ билеуші партия оны келесі аптада еңсеруге ниетті.
БАТЫС ҚАТАҢ ЕСКЕРТТІ! АҚШ: «ТАҒДЫРШЕШТІ ТАҢДАУ ЖАСА», - ДЕДІ...
Батыс елдерінің өкілдері Грузия парламентінің «шетелдік агент» туралы заңды қабылдауын қатаң айыптады. Еуропалық шенеуніктер Грузияны ЕО-ға үміткер статусынан айыруға шешім қабылдады. АҚШ билігі өз тарапынан грузин демократиясының бұзылуына кінәлі адамдарға қарсы визалық санкциялар енгізуге уәде беріп отыр. АҚШ «шетелдік агент» туралы заңға байланысты Грузиямен қарым-қатынасты қайта қарауда.
АҚШ Мемлекеттік департаменті басшысының айтуынша, билеуші «Грузин арманы» партиясы парламент арқылы өткізген «шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң сөз бостандығы мен жиналыстарды шектейді және тәуелсіз баспасөздің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін.
Түйін: Грузия парламенті «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заңды 14 мамырда, мыңдаған адамның наразылықтарына қарамастан, үшінші, түпкілікті оқылымда қабылдады. Билеуші партияның президент ветосын еңсеруі қиын болмайды. Бұл үшін 76 депутаттың қолдауы жеткілікті, ал парламенттік көпшілікте 83 депутат бар. Осыдан кейін Зурабишвили тағы да вето құқығын пайдалана алмайды. Егер ол заңға қол қоймаса, оған төраға қол қояды.
Міне, тап осы оғаштық Грузин демократиясының қолын байлап отырған жайы бар.
Mezgil.kz