31 мамыр: Қазаққа жасалған бұл қастандықты ешқашан ұмытпаймыз, кешірмейміз!

Бүгін елізімде аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бүгін – қазақ тарихында қаралы күн. Бүгін – қылышынан қан тамған ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Дәл осы күні Советтің құрсауынан босап, азаттық алуға талпынған Алаш зиялыларын ардақтайтын күн.

1717094028848236.jpg

(Коллаж: Ақ Жайық сайтынан алынды / azh.kz)

31 мамыр – «Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні»: «Үлкен террордың» басталуы 1937 жылдың 5 тамызы деп есептеледі. Бұл Сталиннің «антисоветтік элементтерді» құрту туралы бұйрыққа қол қойған күні. Осыған орай, политбюроның арнайы шешімімен әр республика бойынша репрессиялануға тиісті адам басына «квота» белгіленді. Жергілікті партия органдары мен НКВД басқармалары бұл шешімді өте бір өлермендікпен, жанталаса орындап жатты. Тіпті, Сталин мен халық комиссары Ежовтың атына «өлім лимитін» өсіріп беру туралы өтініш-хаттар үздіксіз ағылды. Көзсіз конвейер дүрілдеп жұмыс істеді. 1937-1938 жылдарда террор жаппай сипат алды. 

Бүкіл КСРО көлемінде барлық ұлттардың зиялы атаулысы, ғалымдары мен ағартушылары, батырлары мен қолбасшылары, дәулеттілері мен білімділері, діндарлары мен ақындары айдалды, атылды. Тіпті, тұтас ұлттар атамекенінен жер аударылды. Осының барлығын атышулы «58 статьямен» жүзеге асырып отырды. Атақты «58 статья» миллиондаған кінәсіз адамдардың тағдырын тәлкек етіп, өмірін үзді.

Өткен ғасырдың басынан бастап елуінші жылдарына дейін созылған түрлі саяси науқандар, зұлмат-сүргіндердің ащы зардабын барша кеңес халқы татты дегенімізбен, дәл қазақ халқы сияқты рухани, демографиялық апатқа, орны толмас қасіретке ұшыраған бірде бір ұлт жоғы және рас. Он алтыншы, жиырма бірінші, отыз екінші жылғы сүргіндер мен аштықта ұлтымыздың үштен екі бөлігі опат болды. Жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы жылдардағы жазықсыз жазаға ұшырап қыршын кеткен мыңдаған ұлт қаймақтарының тағдырын ойлағанда жан түршігеді.

Тәуелсіздік жылдары жарияланған деректерде Кеңестiк билiктiң алғашқы 1920-1930 жылдарында қазақтар 4-4,5 млн адамынан айырылған. 1921-1922 жылдардағы аштық кезiнде 1 млн 700 мың адам (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі бойынша), 1932-1933 жылдары 2 млн 300 мыңға жуық адам құрбан болған...

Репрессия қанды шекпенін 1929 жылдан сала бастады. 1931 жылы Жүсіпбек Аймауытов атылды. 1937 жылдың күзінде Алаштың ар-ожданы Ахмет Байтұрсынұлы Алматыда, көшбасшысы Әлихан Бөкейханов пен тұңғыш елшісі Нәзір Төреқұлов Мәскеуде атылды.  Сондай-ақ Мәскеуде 1938 жылғы ерте көктемде Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов, күзге салым Жаһанша Досмұхамедов оққа ұшты. Жаппай репрессияға 1938 жылдың күзінде тоқтау салынса да, қуғын-сүргін одан бергі жылдарда да жалғаса берді. Мәселен, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегі бойынша, «халық жауларын әшкерелеп» ату Алматыда 1946 жылға дейін жүргізілген.  Көмусіз қалған, рұқсатсыз атылғандармен қоса есептегенде 130 мыңдай қазақтың зиялы қауымы репрессия жылдарында атылып кеткен...

Кешегі Қазақстанға доқ көрсете сөйлеген Толстойдың «ортақ тарихы» осы, міне! «Қазақтар жаңа тарих жасап, ортақ өткенімізді бұрмалап жатыр», - деген Толстойдың шыр-пыры – 2020 жылғы президент Тоқаевтың пәрменімен құрылған «Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» болса керек. Толстойдың өті жарылып кетсе де, біз Қызыл жүйенің, қанды жүйенің жазықсыз құрбандарын ақтаймыз! Жүз-жүздеп, мың-мыңдап ақтаймыз! Ең түбінде – миллиондаған қазақты ойнап отырып опат қылған ашаршылықты әлем алдында «геноцид» деп мойындаймыз һәм мойындатамыз!

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар