Израиль-ХАМАС соғысы: АҚШ ұсынған жоба, Қазақстан жасаған мәлімдеме

АҚШ билігі Газа секторындағы соғысты тоқтатып, келіссөз бастау жобасын ұсынды. Аталмыш жобаны АҚШ БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне қарар ретінде шығарып, талқыламақ. Жобада ұрыс қимылдарын тоқтату және тұтқын алмасу жайында айтылған.


Как выглядит столица сектора Газа после ударов Израиля по объектам ХАМАС |  Forbes.ru

 

«Аталмыш жоба қазірдің өзінде әлем елдерінің қолдауына ие болды. Олардың ішінде Таяу Шығыс елдері де жетерлік. Біз БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдерді де осы жобаны еш өзгертусіз, уақыт созбастан мақұлдауын сұраймыз», - дейді Вашингтонның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилд.

 

Қазақстан билігі АҚШ-тың бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми парақшасында былай деп жазба қалдырды: «Қазақстан халықаралық қауымдастықтың Таяу Шығыстағы ахуалды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерін барынша қолдайды. Ақ үйдің Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату, кепілге алынған адамдарды босату, гуманитарлық көмекті қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың қолдауымен Газа секторын қалпына келтіру жайлы негізгі ережелерден тұратын бейбітшілік бастамасын құптаймыз.

 

Ұсынылған шаралар жүзеге асырылған жағдайда, олар бейбіт тұрғындардың қазасы мен құрбандар санын тоқтатуға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірде бейбітшілік орнауының алғышарты бола алады деген үміт білдіреміз.

 

Ұзақ жылға созылған қақтығыстың жалғыз шешімі ретінде «екі халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде астанасы Шығыс Иерусалим деп белгіленген Палестина Мемлекетін құру туралы Қазақстанның мызғымас ұстанымын растаймыз».

 

Жобаны БҰҰ-ның адам құқығы туралы комиссары Фолькер Турк қолдайтынын айтты. Ол қазіргі таңда тығырықтан шығу және жағдайды тым шиеленістірмеу үшін нақты ұсыныстар айтылғанына қуанышты екенін жеткізді. Ол Газа аймағындағы гуманитарлық жағдайдың аса күрделі екенін мәлімдеп, соғысты тоқтататын кез келген келісімді құптамақ.

 

Аталмыш жоба мақұлдануы үшін БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше тұрақты бес мемлекет, яғни Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Қытай және Франция жобаны бұғаттауы мүмкін вето құқығын қолданбауы тиіс. Жалпы жоба БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты және тұрақсыз мүшелерін қоса алғанда, кемі 9 дауыс жинауы міндетті.

 

АҚШ ұсынған жоба үш бөліктен тұрады. Сарапшылар АҚШ тарапынан Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысты тоқтатуға қатысты ұсыныстың болуын жоғары бағалайды және Вашингтонның Нетаньяху билігіне қысым жасау рычагтары барын мойындайды. Жобаны алғаш рет өткен аптаның жұмасында АҚШ президенті Джо Байден таныстырды, ал ендігі таңда Вашингтон бұл бастаманы өзге мемлекеттер қолдауын сұрап отыр.

 

Нетаньяху АҚШ тарапынан ұсынылған жобаға қатысты пікір білдіріп, Газадағы соғыс ХАМАС-ты толық талқандағанға дейін жалғасатынын айтты. Израиль билігі «АҚШ тарапы жобаны Израильмен талқыламастан ұсынып отыр» деп айыптады. Израиль ұрыс қимылдарын 42 күнге тоқтатып, тұтқын алмасу процесін іске асыруға дайын екендігін айтуда. Алайда соғысты толық тоқтатуға келіспейтінін, соғыс ХАМАС-ты толық жойғанда аяқталатынын мәлімдеумен келеді.

 

АҚШ тарапы Катар арқылы жобаның үлгісін ХАМАС өкілдеріне жолдағанын растады. Вашингтон ұрысты тоқтатуға ХАМАС тарапы кедергі және бейбіт тұрғындарды ұрыста қолдануда деген ойда, сонымен бірге Нетаньяху «саяси жағдайға байланысты Рафахтағы операцияны жалғастыру мүмкін» деп санайды.


Mezgil.kz

 

 



Ұқсас тақырыптар