Әлемде ядролық соғыс қаупі артқан сайын, ядролық оқтұмсықтар мен бомбалар, зымырандар саны да арта түсуде.
(Сурет pikabu.ru сайтынан алынды)
SIPRI зерттеу орталығының мәліметінше, соңғы жылда Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция, АҚШ жаңа ядролық оқтұмсықтарды қолданысқа алған. Сонымен бірге бейресми ядролық қаруға ие болған Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея мен Израиль де аталмыш тенденциядан сырт қалмаған.
Сарапшылардың санағы бойынша, 2024 жылы әлем елдерінде 12121 ядролық қару бар. Олардың ішінде, соңғы ақпараттар бойынша 9585 ядролық қару ұрысқа жарамды. Оның ішінде 3904 ядролық қару зымырандар мен ұшақтарға бекітілген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 60 данаға көп деген сөз. Ал қалған ядролық қарудың басым бөлігі құпия сақтау қоймаларда тұр.
Қазіргі сәтте әлемде 2100 ядролық оқтұмсық соғыс жағдайына келтіріліп, баллистикалық зымырандарға орнатылған. Аталмыш зымырандардың басым көпшілігі Ресей мен АҚШ-қа тиесілі. Қытай 2023 жылдың соңында бірнеше ядролық зымыранды соғыс жағдайына келтіргені анықталды. Бұл туралы SIPRI зерттеулерінде айтылған.
SIPRI директоры Дэн Смиттің пікірінше қырғи-қабақ соғыстан кейін әлемде ядролық қару саны азайса да, соңғы жылдары ұрыс жағдайына келтірілген ядролық қару саны керісінше артқан. SIPRI-дің бағамдауы бойынша, қазіргі сәтте әлемдегі ядролық қарудың 90 пайызға жуығы Ресей мен АҚШ-тың қолында.
Қытай ядролық қаруын модернизациялау және ядролық арсеналын күшейту бағытындағы жұмыстарды жүргізуде. 2023 жылдың басында Қытайда 410 ядролық оқтұмсық болса, 2024 жылдың басында Қытай қолындағы ядролық оқтұмсықтар саны 500-ге жуықтаған. Бейжің алғаш рет 24 дана ядролық оқтұмсықты ұрыс жағдайына келтірген. Сарапшылар алдағы он жыл ішінде Қытай билігі ядролық оқтұмсық санын Ресей мен АҚШ деңгейіне жеткізетініне сенімді.
Ұлыбритания мемлекеті алдағы уақытта ядролық оқтұмсық санын 225 данадан 260 данаға жеткізуді ойластыруда. Ал Франция ядролық қаруды модернизациялау, атом сүңгуір қайықтарын жасау және ядролық торпеда бағдарламасын күшейту жұмыстарын іске асыруда.
Үндістан мен Пәкістан да ядролық қару санын бірнеше данаға арттырған. Солтүстік Кореяда ядролық қару саны 50 данаға жуық. Алайда Ресеймен байланысу арқылы, Пхеньян алдағы таңда олардың санын 100-ден асыруы мүмкін дейді мамандар. Өзінде ядролық қарудың бар-жоғына қатысты ақпарат бермейтін Израиль билігі де, ядролық арсеналын модернизациялауда. Бұл туралы сарапшылар Димон ядролық орталығындағы жұмыстың қызу жүргізіліп жатқанына сүйене отырып болжам жасауда.
SIPRI сарапшылары әлем елдері қайтадан ядролық қаруға басымдық беру кезеңіне аяқ басқанын айтты. «Бұл өте қауіпті құбылыс. Адамзат бір мәрте, яғни қырғи-қабақ соғыста ядролық қақтығыстан аман қалды. Алайда екінші мәрте шиеленістер бейбіт сценариймен шешілмеуі де мүмкін», - дейді SIPRI директоры Дэн Смит.
Mezgil.kz