Жаһандық БАҚ пен саяси сарапшылар соңғы жылдары болжамды ядролық қақтығыс туралы риториканың жиі талқылана бастағанын айтуда. Ядролық қақтығыс туралы риториканы жиі қолданатын – солтүстіктегі сойы бөлек көршілеріміз – Ресей екені де әмбеге аян.
Рас, КСРО келмеске кеткен соң, әлемде ешкім «ядролық шантажға» баруға дәті шыдамады. Тек Сотүстік Корей ғана қодыраңдап, сес көрсетіп қоюшы еді. Алайда, бұл санатқа соңғы жылдары Путиндік Ресей де мықтап қосылды. Мәскеу мен оған бағынышты территориялардан соңғы жылдары «ядролық бопса» жиі айтылып, Ресейдің федералды арналарында жиі талқыланып жүр. Оған себеп те жоқ емес. Бейбіт жатқан Украинаға соғыс бастап, танауы тасқа тиген Мәскеу жаһандық шетқақпайға тап болды. Экономикалық һәм саяси оқшаулауға кез келген Ресейдің саяси-әскери басшылығы «атомдық шантажға» көшуге мәжбүр болды.
Батыс лидерлері тарапынан Мәскеудің мұндай арандатуына реакция үнсіз болып келгенімен, күні кеше НАТО Бас хатшысы Путиннің «атомдық шантажына» қатқыл жауап қатты.
НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг «The Telegraph-ке» берген сұхбатында: «НАТО Ресей мен Қытай тарапынан төнген қауіп-қатердің салдарынан ядролық қаруды жауынгерлік әзірлікке келтіруде. Альянс өз қарсыластарына тікелей дабыл қағу үшін әлемге өзінің ядролық арсеналын көрсетуі тиіс», - деп мәлімдеді.
Осыдан соң, болжалды ядролық қақтығыс һәм оны бастаушы туралы талқы жаһандық саяси кеңістікті шарлап кетті. Сонымен, әлем лидерлері не дейді? Қараңыз:
Франция президенті Макрон ядролық мәселені «Украинадағы ұзақ бейбітшілік аспектілерінің бірі» деп атады. Француз көшбасшысы «Швейцариядағы саммит Украинадағы қақтығыстың аяқталуына негіз болуы мүмкін» деп есептейді.
«Ядролық қару «тұрақсыздандыру немесе қауіп-қатер құралы емес, ол қауіпсіздік құралы. Ядролық әлеует француздарға қауіпсіздікті береді», - деп мәлімдеді Макрон.
Сәуір айында Франция президенті Эммануэль Макрон: «Басты элементі француз ядролық қаруы болып табылатын ЕО-ның жалпы қорғаныс стратегиясы еуропалық елдер күтетін қауіпсіздік кепілдіктерін құруға мүмкіндік береді», - деп мәлімдеген еді.
Бұған неміс канцлері Шольц: «ЕО-ның өз ядролық қаруы болмайды, бұл шындыққа жанаспайды», - деп жауап қатқан еді. Германия канцлері Олаф Шольц Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуына жол бермеу және ядролық қақтығыстың алдын алу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, «Германия өзінің одақтастарымен бірге Украинаға қару жеткізеді, бұл қорқыныш емес, саяси жауапкершіліктің салдары болып табылады». Сонымен қатар, канцлер Украина тарапы талап етіп отырған ұшуға жарамсыз аймақ НАТО-ны қақтығыс жағына айналдыра алатынын атап өтті.
«НАТО мен Ресей сияқты ядролық державалар арасындағы тікелей әскери конфронтацияға жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек», - деді Шольц.
Ал Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак: «РФ президенті Владимир Путиннің немқұрайлы мінез-құлқы бізді Кариб дағдарысынан (1962 ж.) бері бұрынғыдан да қауіпті ядролық шиеленіске алып келді», - деді.
Британ премьері Сунак атап өткендей, «таяудағы бес жыл Ұлыбритания үшін «ең қауіпті, бірақ корольдік басынан өткерген ең үлкен өзгерістердің бірі болуы мүмкін».
Ақ Үй: «Байден ұсынған жаңа ядролық стратегияда АҚШ ядролық арсеналдың өсуіне және Ресей мен Қытайды ұстап тұру қажеттігіне сүйенеді», - деп хабарлады.
АҚШ президенті Жо Байден Ресей президенті Владимир Путиннің Украинадағы соғыс кезінде тактикалық ядролық қаруды қолдану туралы бұйрық беретінін «нақты» деп атады.
«Мен осыдан екі жыл бұрын Колорадо өзені құрғап қалуы мүмкін деген алаңдаушылығымды айтқанымда, бәрі маған ақылсыз адамдай қарады. Путин тактикалық ядролық қару қолдана алады деп алаңдағанымды айтқанымда да маған алайып қарады. Бірақ бұл шындық!», - деді Байден.
Сарапшылардың бағалауынша, қырғи-қабақ соғыстан бері ядролық қару ешқашан қазіргідей елеулі рөлге ие бола қойған жоқ. 2024 жылғы мамырда Ресей Беларусьпен стратегиялық емес ядролық күштердің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізетіні туралы хабарлады. Маусымда осы оқу-жаттығулардың екінші кезеңі басталды.
Mezgil.kz