Ресейдің Украинадағы басқыншылық соғысының жалғасып жатқанына көп-көрім уақыт өтті. Соғысты тоқтату туралы, келіссөздерді жалғастыру туралы әңгімелер әлсін-әлсін айтылып тұратыны да белгілі.
Болжалды келіссөздердің форматтары да, онда айтылып жатқан талаптар да әртүрлі. Соған сай, сарапшылар мен әскери мамандардың пікірлері де әрұшты. Жуырда америкалық талдаушы және стратег Раджан Менон соғыстың келіссөз арқылы аяқталуы туралы өз пікірін «Foreign Policy» журналына жариялапты. Біз аталған мақаладағы ойдым ойларды Mezgil.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн деп таптық.
Сонымен, стратег Раджан Менон: «Қазір Путинмен келіссөз жүргізетін уақыт емес», - дегенге кәміл сенеді.
Аталған мақалада: «Путинмен мәмілені жақтаушылар соғыстың аяқталуын болжай алатынына нық сенімді сияқты: Ресейдің жеңісі (айталық, Донбасс, Херсон және Запорожьені бақылау) және Украинаны өзіне бағындыруы. Алайда дәл осындай пайымдаулардың дәлелдеушілік негізі мүлдем жетіспейді деп айтуға болады. Жүріп жатқан соғыстың қалай аяқталатынына ешкім де сенімді сенімді емес. Осы орайда, айтылып жүрген, келтіріп жүрген болжамдардың барлығы дерлік бүгінге дейін дұрыс болмағанын ескерер болсақ, болжам жасаушылар қиыс кетіп жүр деген қорытынды жасауға тура келеді», - делінген.
Менонның пікірінше, бейбіт келіссөздерге шақырудың тағы бір кемшін жағы бар: Путинмен мәмілені жақтаушылар Украина Қарулы Күштерінің алдында тұрған проблемаларды атап өтеді де, оған керісінше, Ресейдің алдын кескестеп тұрған проблемалар жайында жақ ашпайды. Ресей жағынан соғыс құрбандарының саны Украинаға қарағанда анағұрлым көп екендігі де таса қалатыны көзі ашық жұртты ойландыруға тиістігі де тарс естен шығып кетіп жатады.
«Аяқ астынан Украинаның елеулі проблемалары жоқ және ол міндетті түрде жеңеді деген сөз туындауға тиіс пе? Жо-жоқ. Алайда, бұл пікірді алға тартушылар Ресейдің қуатты күшке айналғаны туралы сенімді, желілік болжамдардың бар екенін қаперлеріне ұстауға тиіс. Сондықтан Украина тарапынан жақын арада келіссөздерге бейілділік танытуға тура келеді деп көкушілік алжасқан жанның сандырағы болып та танылады», - делінген басылымда.
Украина бел ала бастаған сәтте дәл қазір Путинмен келіссөздер жүргізетін уақыт емес деген басты дәлелді сарапшы алға тартады. Бұл ретте америкалық талдаушы және стратег Раджан Менон Украина енді ғана Батыстың қажетті қару-жарағын ала бастағанын жұрт есіне салып өтті.
«Сарапшылар тарапынан ұсынылып отырған келіссөздер мерзімі де олардың келтірген дәлелдерінің елеулі кемшілігі болып табылады. Көптеген бейбіт келіссөздерді жақтаушылар олардың тезірек басталуын қалайды...Бірақ Құрама Штаттар мен оның еуропалық одақтастары Украинаға ондаған миллиард долларға қару-жарақ жеткізуді енді ғана бастаған сәтте келіссөз туралы сөз қозғаудың өзі ақылға да сыймайтын сандырақ дер едік. Қосымша қару-жарақтың жеткізілуінің қандайлық мәнге ие болғанын естен шығарушылық, Украинаның атыс қуаты артта түскен шақта, бұрын өзін еркін сезініп келген ресейлік қарулы күштер қазіргі қарқынын өрістете ала ма, алмай ма деген басы ашық сауалдың ұштығын көрмей, әйтеуір далбасалап келіссөздерге асығушылық ақымақтық болар еді», - делінген басылымда.
Менон егер қосымша әскерлер мен қару-жарақ күштерімен нығайтылған Украина көп аумақты өзіне қайтарып алса және Путин өз армиясының қосымша жетістіктерге жете алмайтынын түсінсе, Киевте саяси реттеуге ықпал ету тетігі арта түсетіне нық сенімді.
Сарапшы соғыс төмендегі үш тәсілдің бірімен аяқталуы мүмкін деп болжайды:
1. Ресей армиясы қазіргіден де көп жерді басып алған шақта Батыс Украинадан бас тартып, осыған орай дандайсыған Путин Киевті тізе бүктіре жазалайды да, Украинаның бір бөлігі РФ аумағына айналады. Қалған бөлігі тәуелсіздігін сақтағанымен, Мәскеудің айтқанынан шықпайтын қолбаласы болады.
2. Ресей Украинаның азғантай аумағын бақылайды, Путин өз армиясының көп жерге қол жеткізе алмайтынын және одан көп жер жоғалтуы мүмкін екенін мойындайды. Саяси реттеу орын алады және Украина ақыр соңында ЕО мен НАТО-ға кіреді.
3. Соғыс тұйыққа тіреліп, қарсылас екі жақ одан шығу мүмкін еместігін ұғынады. Бірақ Путиннің Украинаның бейтараптығын қамтамасыз етуге жеткілікті тетігі бар екені ескеріледі. Киев өзінің келіссөз күшін Батыс елдерінде өзінің қарулы күштерін оқытуға, өз армиясын батыстық қару-жарақпен жарақтандыруға және осылайша Ресейдің ықпал ету аясынан тыс қалуға еркіндік беретін қарулы бейтараптықты талап ету үшін пайдаланады.
«Әрине, бұл ұсыным қатып қалған дүние емес, басқа да сценарийлер болуы мүмкін. Біріншісін есепке алмағанда, қалған екеуі ортақ сипатқа ие: Украина Ресейдің арынын тоқтатып, өзінің қарсы шабуылын өрістетіп, жау қолындағы көбірек аумағын өзіне қайтарып, келіссөздер позициясын күшейтуді талап етеді. Ол үшін Украинаға Ресейдің сағын сындыратын уақыт қажет: батыстық қару-жарақ майданға енді ғана кіре бастады және таяу айларда бұндай қолдаудың көлемі арта түседі. Ресей мен Украина ақыр соңында саяси реттеу жөнінде келіссөздер жүргізе алады. Бірақ қазір оларға ымыраға келіңдер деп қысымшылық жасайтын уақыт емес», - деп сарапшы өз ойын жайып салады.
Mezgil.kz