Ресей президенті Владимир Путиннің Солтүстік Кореяға ресми сапары басталды. Сапар 18-19 маусым аралығында өтіп, екін күнді қамтиды. Соңғы екі жылда Украинадағы соғыс Мәскеу мен Пхеньян арасын жақындатты.
Владимир Путин КХДР-ге екінші мәрте сапарлап келді. Алғаш рет ол 2000 жылы ресми сапармен Пхеньянда болған. Ол сәтте Ресей президенті Ким Чен Ирмен кездесіп, екі ел арасындағы әріптестікті арттыру туралы декларацияға қол қойған-ды.
2023 жылы КХДР басшысы Ким Чен Ын Ресейге бірнеше күнге созылған ресми сапарын жасады. Ол сапар барысында Путинмен кездесіп, «Шығыс» ғарыш айлағын көріп, ресейлік әскери техникалар зауытына барып, ауыл шаруашылық өнімдері көрмесіне қатысты.
Сарапшылар Ресей мен КХДР арасындағы байланыс келесі мәселелер бойынша дами түсетініне сенімді. Ресей Солтүстік Кореядан артиллериялық снарядтар мен зымырандар кешенін алуда. Аталмыш процессті жалғастыру Кремль үшін аса маңызды. Сонымен бірге Ресейге жұмыс күші қажет. Ресейдің Украинаға соғыс ашуынан кейін, ресейлік нарықты тастап, басқа елге кеткен ресейлік мамандар мен мигранттар саны артқан. Мәскеу кемі 2 млнға жуық жұмысшының жетіспейтінін айтуда. Крокустағы лаңкестіктен кейін Ресейге баратын еңбек мигранттары саны азая түскен. Бұл санкциялармен де байланысты.
Ал КХДР-ге азық-түлік, шетелдік валюта және әскери технология қажет. Сарапшылар Ким Чен Ын ядролық технологияны дамытуға ниетті екенін айтты және оны ресейлік мамандар көмегімен іске асыруға ұмтылатынын болжауда. Пхеньян үшін азық-түлік тапшылығы соңғы 70 жылда шешімін таппаған ең қиын мәселе саналады. Азық-түліктің тапшы болуы бірнеше мәрте аштыққа да әкелген. 2020-2022 жылдар аралығында коронавирустық шектеулер сәтінде «Солтүстік Кореяда аштық болуда» деген ақпараттар шықты, кейін Батыстық барлау қызметтері оны растады. Пхеньян осы бір сценарийдің қайталанбауын қалайды.
Ресей мен Солтүстік Корея стратегиялық әріптестікті дамытуға қатысты құжатқа қол қойды. Бұл екі ел арасындағы әскери, экономикалық байланыстарды арттыруға жол ашады.
2023 жылы Солтүстік Корея ғарышқа көпмақсатты әскери барлау спутнигін ұшырған болатын. Алайда спутникті ұшыру сәтсіз аяқталды. Сарапшылар осы мәселе бойынша Пхеньян Мәскеуден көмек сұрап, бірнеше барлау спутниктерін бірлесе жасауды ұсынып көруі мүмкін дейді.
БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына сәйкес Солтүстік Корея жұмысшылары шетелде жұмыс істей алмайды. Алайда Ресей тарапы Солтүстік Корея азаматтарын жұмысқа алуға қарсы еместігін бірнеше мәрте мәлімдеді. Мәскеудің БҰҰ санкцияларын бұзуы халықаралық қауымдастықтың наразылығын арттыруы ықтимал.
2024 жылдың ақпанында Ресей Солтүстік Кореяға турист жіберуді бастады. Covid-19 пандемиясына байланысты КХДР-ге бағытталған туризм тоқтаған болатын. Екі апта бұрын Солтүстік Корея мен Ресей арасында қатынайтын жолаушылар пойызы да төрт жылдық үзілістен кейін жандана бастады. Ресейдің «Восток Интур» туристік агенттігі Солтсүтік Кореяға турды 750 долларға сатуда. Тур уақыты 5 күнді құрайды. Тур барысында ресейлік туристер Пэкту тауына шығып, Мазон жағажайын көреді, Солтүстік Кореяның тарихымен танысады.
Ресей басшысы Владимир Путиннің ресми сапарынан кейін Украина майданында Солтүстік Кореяның өзге қару түрлері пайда болуы мүмкін дейді сарапшылар.
Mezgil.kz