Атышулы Ассанж бостандыққа шықты: Арнайы келісім, мойындалған айып

WikiLeaks-тің негізін қалаушы Джулиан Ассанж АҚШ-тың сот билігімен келісімге келіп, өзінің әскери құпияны жария еткенін мойындап, бостандыққа шығуға дайындалуда. Қазіргі таңда Ассанж аталмыш келісімнің алғашқы кезеңі бойынша Ұлыбританиядағы абақтыдан босап шығып, Лондоннан кетті. Әлем БАҚ-тары бұл оқиғаны жарыса жазуда.


Основатель WikiLeaks Ассанж заключил сделку, чтобы избежать заключения в  США | Украинская правда

 

«Джулиан Ассанж бостандыққа шықты. Ол «Белмарштағы» қатаң режимдегі түрмеде 1901 күн бойы отырып, 24 маусым күні абақтыдан шықты. Лондонның Жоғары соты оны кепілдікке босатты. Артынша Ассанж «Станстед» әуежайына отырып, Ұлыбританиядан ұшып кетті», - дейді Ассанждың қолдаушылары. Олар бұл жайында Х желісіне жазба қалдырған.

 

Ассанждың ұшағы алдымен Бангкок әуежайына қонады. Артынша ұшақ Солтүстік Мариан аралдарына бет алады. 26 маусымда аралда сот отырысы өтіп, шешім шығуы тиіс. Сотта 52 жастағы Ассанжға қорғаныс саласындағы ақпараттарды иемдену айыбы тағылмақ. Ақпарат көздері Ассанж 62 айға бас бостандығынан айырылады деп болжам жасауда. Ол Ұлыбритания түрмесінде бес жылдан астам уақыт отырды. Сол мерзімі ескеріліп, алдын-ала келісім аясында оны сот залынан босату іске асуы ықтимал. Сот залынан Ассанж бірден өз отаны Аустралияға ұшып кетеді деп күтілуде.

 

WikiLeaks-тің негізін қалаушы Ассанжды сот о баста 18 бап бойынша айыптаған еді. Оның ішінде Ауғанстан мен Ирактағы түрлі құжаттарды жария ету де бар. Ассанж 18 баптың ішіндегі біреуіне қатысты кінәсін мойындап, АҚШ билігімен келісімге келмек.

 

Сәуір айында АҚШ президенті Байден Аустралияның ресми өтініші бойынша Ассанжды қудалауды тоқтату мәселесін қарастырып жатқанын айтқан болатын.

 

Ассанж бен АҚШ билігінің келісімінің артында АҚШ пен Аустралия билігінің келісімі жатыр дейді сарапшылар. Ассанждың ісі он жылдан астам уақытқа созылып, әлемдегі ең талқыға түскен шулы істердің біріне айналды. Ассанжды АҚШ-қа экстрадициялаған болса, АҚШ заңы бойынша оған 175 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі ықтимал еді.

 

Ассанж Лондондағы Эквадордың елшілігінде 7 жыл бойы жасырынып отырды. Елшілікте ол өзінің жұбайын жолықтырды. 2012 жылы Эквадор оған саяси баспана мен азаматтық берді. Алайда Ассанж елшіліктен шыға алмады. 2019 жылы Эквадор елшілігі Ассанжды елшілік талаптарын сақтамады деп айыптап, азаматтықтан айырып, елшіліктен шығарып жіберді. Ассанжды Ұлыбритания билігі бірден тұтқындап, оны қатаң режимдегі «Белмарш» түрмесіне қамады.

 

Ассанж құрған Wikileaks сайты 2006 жылдан бастап АҚШ билігінің, әскерінің құпия құжаттарын, әскери операциялар барысын жария ете бастады. 2010 жылы АҚШ әскерінің Бағдатта бейбіт тұрғындарға оқ жаудырғаны туралы ақпарат жарияланды. Сауд Арабиясы билігінің заңсыз әрекеттері, Йемендегі лаңкестік ұйымдардың араб елдерімен байланысы жайлы да ақпараттар жарияланды. Жүздеген мың ақпарат сайтқа салынып, әлемде дипломатиялық шу мен дауға ұласты.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар