"Арқамыздан пышақ сұғып, сатып кетті": Сербия - қару сату бизнес!

Сербия билігі Украина мен Ресей арасындағы соғыс басталған сәттен кейін, Батыс елдеріне 800 млн еуроға қару-жарақ сатқан. Бұл туралы 23 маусым күні Financial Times (FT) басылымы мақала жария етті. Мақалада қарудың басым бөлігі снаряд болғаны және оның үшінші елдер арқылы Украинаға да берілуі мүмкін екені айтылды.


Несмотря на протесты, лидер Сербии с почестями встретил Путина в Белграде

 

Аталмыш ақпаратты Сербияның президенті Александр Вучич растады және соңғы 2-3 жыл ішінде Сербия қорғаныс өнеркәсібі шамамен 1 млрд доллардың тауарын экспорттағанын айтты.

 

«Біз өзіміздің оқ-дәрімізді сатып келеміз. Біз оны Ресей немесе Украинаға сата алмаймыз. Алайда біздің испан, чех, американдықтармен көптеген келісімдеріміз бар. Олар бізден алған қаруды не істейтінін өздері шешеді. Менің міндетім өз халқымның жағдайын ойлау. Біздің Киевте де, Мәскеуде де достарымыз жеткілікті. Барлығымыз да славян тектес бауырлармыз ғой», - дейді ол.

 

Сербиядан келген ақпарат Ресей қоғамында қызу талқыға түсті. Ресейлік пропаганда серкелері Сербияның әрекетін сатқындыққа балап жатса, Кремль мән-жайды анықтаймыз деп салқынқанды мәлімдеме жасады.

 

Осы бір ақпараттан кейін Сербияның түрлі деңгейдегі саясаткерлері сан түрлі мәлімдеме жасауда. Мысалы серб премьері Милош Вучевич Батысқа сататын қарудың айналып барып Украина майданына түсу мүмкіндігін ескерсе де, Батыс елдеріне қару сатуды шектеуге қарсы екенін айтты.

 

«Мен біздің компанияларымыздың оқ-дәріні Испания, Чехия немесе АҚШ-қа сатуына кедергі болғым келмейді. Қару өндіріп, оны сату қандай да бір ұят әрекет, адамгершіліктен аттау емес. Әрине, қарудың ұрыс қимылы өтіп жатқан аймаққа өтіп кету қаупі де бар. Алайда солай екен деп, қару сатуға тыйым салуды жөн санамаймын», - дейді ол. Ол өз сөзінде Сербияның Украина-Ресей соғысында қандай да бір тарапты қолдап, қару бермейтінін, ал соғысушы тараптарды келісім арқылы мәселені реттеуге шақыратынын да айта кетті.

 

Қазіргі таңда Сербия билігінің ақпараты бойынша елдегі қорғаныс өнеркәсібі саласында 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі снаряд және оқ шығару кәсіпорындарының қызметкерлері саналады. Белград қару-жарақ экспортын бизнесті дамыту мүмкіндігі санайтынын айтуда, ал Ресей саясаткерлері Сербияның ұстанымын «арқадан сұққан сатқындық пышағы» деген сипаттауда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар