АЭС салу: Референдум күзде өтеді!

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлерін марапаттау рәсімінде Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысы туралы сөз қозғады. Сөз барысында мемлекет басшысы тұрақты энергиямен қамтамасыз етпей экономиканың дамуы мүмкін емес екенін атап өтті.


Стоимость строительства АЭС в Казахстане сопоставима с затратами на LRT –  эксперт | Inbusiness.kz

 

«Мен атом электр станциясын салу мәселесін пысықтауды тапсырдым. Қазіргі сәтте кең талқылаулар жүруде, түрлі көзқарастар айтылуда. БАҚ құралдары да бұл сұраққа белсене қатысуы тиіс. Расымен де елімізде атом энергетикасын дамытудың үлкен мүмкіндіктері бар. Оны тиімді пайдалану маңызды. Бұл сұраққа қатысты соңғы шешімді халық қабылдайды. Референдум күзде өтеді. Үкімет нақты күнін анықтайтын болады», - дейді президент.

 

Қазақстанда Атом электр станциясын салу мәселесі ондаған жылдар бойы талқы тақырыптың бірі саналады. АЭС салу жайлы ұсыныстар мен пікірлер тәуелсіздікті алған сәттен бастап бір сәт толастаған емес. Кейде бұл тақырып ақпарат беттерінде қызу талқыланса, кейде ұзақ уақытқа ұмыт қалады.

 

Алғаш рет АЭС салуға қатысты ұсынысты 1997 жылы ғылым министрі болған Владимир Школьник көтерген еді. Алайда экономикалық жағдайға байланысты ұсыныс тек ұсыныс күйінде қалды. Ал 1999 және 2006 жылдары АЭС салуға қатысты ұсыныстар жобаның техникалық-экономикалық негіздерін талқылауға дейін жетті. 2014 жылы тіпті АЭС-ті кім салуы керек деген сұрақ та талқыланып, шетелдік компаниялардан «біз салайық» деген ұсыныстар да келіп жатты.

 

АЭС-ті қайда салады деген сұрақ та аса маңызды. Себебі ғалымдар мен тұрғындар түрлі пікірлер айтумен келеді. АЭС салуға қатысты талқыға экологтар мен табиғат жанашырлары да қосылуда. АЭС салынады деген аймақтар ретінде Ақтау қаласының маңы, Курчатов қаласы немесе Балқаш көлі айтылуда. Алайда сарапшылар нақы елді-мекеннің таңдалмағанын да айтумен келеді.

 

АЭС салуға қатысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың маусымында пікір білдірді. Өз пікірінде мемлекет басшысы АЭС салу жоспары әзірге жоқ екенін айтты. Алайда қандай да бір АЭс-ке қатысты шешім болатын болса, онда оны халық талқысына шығаратынын жеткізді. Тіпті референдум өткізу мүмкіндігін жоққа шығармады.

 

Алайда АЭС тақырыбы тақы бірнеше жылға ұмыт қалды. 2023 жылдың 31-тамызында президенттің халыққа жолдауы болып, жолдау барысында мемлекет басшысы АЭС тақырыбын тағы көтерді. Жолдауда ел басшысы мемлекеттегі энергия тапшылығы жайлы айтты және мәселені шешудің бір жолы атом электр станциясын салу екендігін мәлімдеді. Осылайша АЭС салуды жалпыұлттық референдум арқылы анықтау қажеттілігін айтқан болатын. «АЭС салу немесе оны салмау мәселесі біздің мемлекетіміздің болашағына қатысты аса маңызды сұрақтың бірі. Сол себепті де бұл сұрақты жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынамын. Нақты мерзімін кейін анықтайтын боламыз», - деді президент.

 

Президент елдегі түрлі қарама-қайшы пікірдің бар екендігіне қарамастан энергетика саласында тапшылық барын атып, оны шешу маңызды екенін атап өтті. Болашақтағы энергия тапшылығы ел экономикасының дамуына кері әсерін тигізуі ықтимал дейді ол.

 

Мемлекет басшысы АЭС салуға қатысты қоғамдағы екіұдай пікірдің барын жоққа шығармайды. Ол Қазақстандағы уран қорының көп болуы, Қазақстанның ядролық саладағы тәжірибесін атап өтіп, АЭС салу орында болатынын меңзеді. Екінші жағынан ядролық сынақтарға байланысты қоғамда АЭС салуға қатысты үрей мен қорқыныш сезімінің бар екенін де жасырмады.

 

Ал мәселені халық референдумда дауыс беру арқылы анықтайды. Жалпы референдум дегенміз не? Референдум – азаматтардың дауыс беру арқылы тікелей өз еркін білдіру рәсімі, оның нәтижесі қоғамдық және мемлекеттік маңызы бар мәселе бойынша шешім қабылдау болып табылады. Қазақстанда республикалық референдум Конституциялардың, конституциялық заңдардың, заңдардың және мемлекет өмірінің басқа да маңызды мәселелері бойынша шешімдердің жобалары бойынша бүкіл ел бойынша жалпыхалықтық дауыс беру арқылы іске асады. Осы кезеңге дейін Қазақстанда референдум негізінен Конституциялық реформа және мемлекет басшысының өкілеттілігіне қатысты сұрақтарды қамтыған болатын.

 

ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов журналистерге берген түсініктемесінде референдумның қалай өтетінін айтты. «Референдум халықтың атом электр станциясын салуды қолдайтыны немесе қолдамайтыны туралы болмақ. Шешім қабылданғаннан кейін оны іске асыру механизмі, тізім, кімді таңдау керек және т.б сұрақтар талқыланады. Сұрақ «қолдаймын» немесе «қолдамаймын» деп берілуі мүмкін. Мен солай ойлаймын, бірақ оны үкімет анықтайды», - деді.

 

Қаңтар айында Тоқаев Қазақстан үшін таза атом энергетикасы өте маңызды екенін айтты. «Бұл біздің экономикамыздың болашағы үшін негізгі мәселе. Өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша біз әлемде бірінші орындамыз, ядролық отынның құрамдас бөліктерін өзіміз өндіреміз. Сондықтан мен еліміздің аумағында атом электр станцияларын салу мәселесіне ерекше назар аударамын. Түптеп келгенде, энергетикалық қауіпсіздік мәселесін геосаяси пайымдауларға емес, нақты қажеттіліктер мен мүмкіндіктерге, әрине, ғылыми зерттеулерге сүйене отырып шешу керек», - деген еді.

 

Мамыр айында энергетика министрлігі бірнеше ел атом электр станцияларын салуға алдын-ала біліктіліктен өткенін және үкімет барлық өтінімдерді қарап шыққаннан кейін жеткізушіні анықтайтынын айтқан болатын. Олардың ішінде Оңтүстік Корея, Ресей, Қытай, Франция елдері бар. Тізім толық емес және өтінім беруші елдер саны артуы ықтимал. Жапония мен АҚШ компаниялары да қатысуы ықтимал. Алайда бұл процесстің бәрі АЭС салуға қатысты референдумнан кейін іске асады. Ал референдум күзде өтеді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар