Мемлекет саясаты үшін Орталық сайлау комиссиясының атқаратын қызметі жоғары. Ол сайлау процесстерін насихаттау, жүргізу және қорытындысын шығарумен айналысады. Қазақстанда Оталық сайлау комиисясы барлық сайлау науқанының негізгі органы десек те болад. Ол президент, парламент сайлауларын, референдумды өткізуге қатысуда. Байқаушылар мен бақылаушылардың қызметін үйлестіріп, рұқсатнама беруді де іске асырады.
Қазақстанда Орталық сайлау комиссиясы тәуелсіздікті алған сәттен кейін қалыптаса бастады. Алғаш рет 1993 жылы Жоғары Кеңестің қаулысы бойынша аталмыш комиссия жасақталды. Ал 1995 жылы жаңа конституция қабылданып, «Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңы» негізінде үлкен өкілеттіліктерге ие бола бастады. Жалпы мемлекеттік деңгейдегі сайлау науқандарын қадағалайтын органға айналды. Яғни, Қазақстанның тәуелсіз ел болып даму барысында Орталық сайлау комиссиясы да қатар жүріп, сол бағытпен келе жатыр деген сөз. Мемлекетте легитимді билік институттарының қалыптасуына орасан зор үлес қосты және ол жұмысты жалғастыруда.
Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлау процестерін ашық ету және шынайы бәсекелестік жасау мақсатында аталмыш салада ұдайы реформа жасалу керектігін айтқан болатын. Бұл елімізде атқарылуы тиіс саяси реформалардың бір бөлшегі саналады. Сайлау науқанына қатысты үлкен өзгерістер болды. Мысалы президенттік мерзім бір мезгіл ғана және бес жылдан жеті жылға дейін ұзартылды. Конституция бір президенттің ұзақ отыруына тыйым салды. Сонымен бірге мажоритарлық және пропорциональды сайлау жүйесі қатар қолданылатын аралас сайлау жүйесі қалыптасты. Ол Мәжіліс және Мәслихат депутаттарын сайлауда қолданылып, көпшілік тарапынан қолдауға ие болды. Сонымен бірге сайлау науқанына қандай да бір күштердің араласуына қатаң тыйым салынатын ережелер енгізілді.
Орталық сайлау комиссиясы өзге елдермен қарым-қатынасын ұдайы дамытумен келеді. Ғылыми техниканың дамуы сайлау науқанына ұдайы өзгерістер енгізуді талап етеді. Бейнеақылау, дауысты онлайн форматта санау және басқа технологияларды енгізу әлем елдерінде кең етек жайып, дамуда. Қазақстан да бұл үрдістерден қалуға ниетті емес. Қазіргі сәтте Орталық сайлау комиссиясы жыл сайын өзге елдермен байланысын арттырып, меморандумдар жасасуда. Солардың ішінде соңғы уақытта екіжақты меморандум жасасқан Өзбекстан, Иордания, Оңтүстік Корея, Армения, Түркияны айтсақ болады. Халықаралық құқықтық органдармен де байланыс артуда. Олардың ішінде сайлау науқандарын бақылайтын ЕҚЫҰ басты міндетті атқарады.
2008 жылдан бері Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы және ЕҚЫҰ арасында әріптестік аясында арнайы оқыту курстары іске асып келеді. Курстар Алматы, Астана қалаларында жүргізіліп, оған ОСК мүшелері ғана емес, бақылаушы ұйымдар да, көрші мемлекеттің өкілдері де қатысуда. Бұл сайлау үрдісін дамытуға өз септігін тигізеді.
ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлауды дамытуға қатысты бастамаларды оң бағалайтынын айтты. Оның ішінде партияларды тіркеуге қатысты жеңілдіктердің пайда болғаны құп алынды. Мысалы ендігі таңда партияларды тіркеу үшін жиырма мың қол емес, бес мың қол жинақтау жеткілікті. Сонымен бірге Мәжіліске партияларды апару үшін жеті пайыз емес, бес пайыз жеткілікті болуда. Бұл сайлау науқанында партиялардың жаппай саяси белсенділікті арттыруына себепкер болды және оның нәтижесін соңғы сайлаудан көре аламыз. Соңғы сайлауда еліміздің парламентіне алты партия жайғасты, бұл жоғарыда жазған өзгерістердің арқасында мүмкін болды.
Қазіргі уақытта онлайн дауыс беруді қарастыру қажет деген ұсыныс жасалуда. Бұл заман талабы дейді кей сарапшылар. Себебі әр адамның қолында смартфон бар және камера арқылы ID таныстырылымнан өткен соң, артынша ЖСН арқылы дауыс беру мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтуда. Бұл дауыс беруді жылдам етіп, дауыс санауды оңай етуге тиімді әдіс дегенді айтумен келеді. Алайда оның өз тәуекелдері де бар дейді мамандар. Ең алдымен бұл жоғары интернетті және барлық азаматта смартфон болуды қажет етеді. Қазақстанның кей шалғай ауылында жоғары интернет мәселесі әлі толық шешімін таппады, сәйкесінше аталмыш нұсқаны барлық аймақта толық өткізу қиындығы туындайды. Бұл бір. Екіншіден онлайн дауыс беру сайлауға түсуші тараптар арасында және үшінші күштер қатысуымен онлайн платформаның нәтижесін өзгерту немесе жұмысын тоқтатуға қатысты түрлі кибершабуылдарға ұласуы ықтимал дейді сарапшы мамандар.
АҚШ-та 2020 жылы өткен президент сайлауында дәл осындай мәселе туындап, сайлау нәтижесі әлі де даулы тақырып болып қалуда. Мысалы АҚШ билігі сайлауға қарсылас елдер тарапынан килігіп, сайлау нәтижесін өзгерту әрекеті болғанын айтты. АҚШ-тың экс-президенті Трамп сайлау нәтижесін әлі мойындамайтынын айты.
Дегенмен әлемнің бірқатар елдері тәуекелге бел буып, онлайн дауыс беру (электронды дауыс беру) тәжірибесін бастап кетті. Жасанды интеллект дәуірінде түрлі ақпарат арқылы онлайн дауыс беруді өзгерту әрекеттерін де байқағандарын айтуда. Әлемнің 40-қа жуық елі онлайн және офлайн (дәстүрлі) дауыс беру форматын қолданып, аралас жүйені қалыптастырды. Қазақстан да бұл үрдісті зерттеу үстінде және техникалық мүмкіндіктерге байланысты оны болашақта қолдануды жоққа шығармайды.
Соңғы екі жылда Қазақстан тарихындағы ең көп саяси науқандар іске асты. Оның басым бөлігі сайлаумен тікелей байланысты. Оның ішінде Конституцияны өзгертуге қатысты рефередум, президенттік сайлау, Парламент депутаттарын сайлау, ауыл және аудан әкімдерін сайлау бар. Сонымен бірге алдағы күзде бізді АЭС мәселесі бойынша тағы бір референдум күтіп тұр. Дәл осындай ызу-қызу сайлау процесі Қазақстан тарихында бұрын-соңды болған емес. 2023 жылы пилоттық жоба ретінде 42 аудан әкімі мен үш ірі қаланың әкімін тікелей сайлау процесі өтті. Ол Курчатов, Приозерск және Рудный қалалары. Аталмыш әрекет ауылдық және аудандық аймақтағы саяси белсенділікке әсер етіп, сайлау науқаны динамикаға толы бола бастады. Яғни, сайлауда тек қалалық аймақта ғана бақылаушылар саны көп болса, ендігі таңда бақылаушылар институты ауылдық аймақтарда да пайда болып келеді.
Орталық сайлау комиссиясының жұмысы ашық болуы үшін, ОСК басшысы мен комиссия мүшелері қандай да бір партияда, одақта, ұйымда болмауы керектігі заңда көретілді. Бұл ОСК жұмысына сенімді арттыру үшін жасалған дұрыс қадамның бірі.
Қазақстанның сайлау органдары жүйесінің тұрақты сайлау циклі форматына толық көшуі орын алуда. Орталық сайлау комиссиясының жұмысы ашық әрі айқын болуы тиіс. Ұлттық және халықаралық институттармен тұрақты және берік байланыстар орнатылып, нақты қадамдар жасалуда. 2022 жылы Орталық сайлау комиссиясы жанынан құрылған тұрақты диалог алаңдары серпінді дамып келеді. Оның ішінде «Сараптамалық кеңес», «Жас сайлаушылар клубы» бар және аталмыш ұйымдар мен бірлестіктер Орталық сайлау комиссиясы мен қоғам арасындағы шынайы байланыстырушы көпірге айналуда. Мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы да қайта жасақталып, оның қызметі белсендірілді.
ОСК тарихында алғаш рет 2022 жылы «Сараптамалық кеңес» алаңында Қазақстандағы ел сайлауының барысына халықаралық мониторинг нәтижелерін кеңінен және ашық талқылау дәстүрге айналып үлгерді. Сайлау науқаны кезінде де, сайлау аралық кезеңде де ОСК мүшелері мен өңірлер жұртшылығы мен жастары арасында тұрақты, тікелей, ашық диалог форматы құрылуда. Бұл ОСК-ның негізгі басым міндеттерінің біріне жатады.
Осылайша ОСК жұмысы жыл өткен сайын жанданып, заман талабына сай жаңа технологиялармен жабдықталып, еліміздегі саяси науқандардың әділ, шынайы, ашық өтуіне мұрындық болуда.
Mezgil.kz