Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Мәскеуде екі күн ресми сапармен болып, Путинмен ауқымды келіссөздер өткізді. Үндістан премьері үшін бірнеше маңызды тақырыптың басын ашу қажет еді. Оның ішінде ресейлік қаруды сатып алу, ресей мұнайына жеңілдік сұрау, Қытай мен Ресей қарым-қатынасы, Украина соғысына қатысушы үндістандықтардың жай-күйі және оларды соғыстан босату мәселесі және басқа.
Нарендра Моди жақында ғана премьерлікке үшінші мәрте сайланды. Ол өзінің алғашқы ресми сапарын Мәскеуден бастауды жөн көрді. Келіссөздер барысында ресейлік тарап Үндістанда АЭС салу жобаларына қатысуға ниетті екенін айтты. Үндістан тарапы ұсынысқа ойланатынын жеткізді.
Украина соғысы басты тақырыптың бірі болды. Ресей мен Үндістан арасындағы сауда қатынасының қарқынды дамуына да осы бір соғыс өз әсерін тигізді. Соғыс басталған сәттен кейін, Үндістан Ресей мұнайын сатып алушы басты елдің біріне айналды. Соғыс басталғаннан кейін ресейлік мұнай Үндістанға соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 20 есе көп сатылған.
Economic Times жазуы бойынша Үндістан ұзақ уақыт бойы қандай да бір саяси қақтығыстарға қосылмайтын принципті ұстануда. Аталмыш принцип ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болды және Үндістанды қырғи-қабақ соғыста ірі қақтығыс ошағына айналудан сақтап қалды. Дәл осы саясатты Үндістан әлі де жалғастыруда.
Bloomberg басылымы Үндістан АҚШ-пен байланысын аттырып, Мәскеумен де қарым-қатынасын дамытуға ниетті екенін жазды. 1971 жылы үшінші Үндістан-Пәкістан қақтығысы болған сәтте КСРО бейресми тұрғыдан Делиді қолдады. Бұл екі ел арасындағы байланыстың артуына әкелді және ол әлі де жалғасуда. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген сәтте ресми Дели соғысушы тараптарды келіссөзге шақырды, алайда тікелей Мәскеуді айыптаудан бас тартты. Бұл 1971 жылы Мәскеудің Үндістан-Пәкістан соғысындағы позициясымен де байланысты болатын.
Үндістанды соңғы жылдары Мәскеу мен Бейжіңнің тым жақындасуы алаңдатады. Украинаға басып кіргеннен кейін, Мәскеу мұнайы мен газын негізінен Қытайға, артынша Үндістанға саудалауда. Ресей нарығындағы электронды технология мен автокөлік өндірісі де Қытай өнімдеріне толды. Күн санап Мәскеудің Бейжің алдындағы тәуелділігі артуда. Бұл сөзсіз Делиді алаңдатады.
Financial Tіmes басылымы Үндістан премьері Ресейге маневр жасау алаңын арттырып, Бейжіңнен алшақтатуды ойлайды деп жазды. Dainik Bhaskar басылымы Үндістанның Ресейден 65 млрд долларға мұнай мен газ сатып алғанын мәлімдеді. Алайда бұл жерде Мәскеу мен Үндістан үшін қиындықтар бар. Үндістан компанияларына батыс тарапынан жанама санкцияға ұшырау қаупі артса, Дели мұнайды рупийге сатуда. Рупийді конвертизация жасау Ресей үшін қиынға соғуда. Сонымен бірге сауда Қытай юаны мен БАӘ дирхамы арқылы іске асады. Ресейдің қаржылық секторы санкция астында жатыр, демек қаржыны долларға айналдыру өте қиын дейді сарапшылар.
Украина мен Ресей арасындағы соғыс Мәскеу мен Дели арасындағы қару бойынша келісімдердің де орындалуына кедергі болуда. Үндістан әлем елдерінен ең көп қару сатып алатын елдің бірі саналады. Ресей Үндістанға қару жеткізу бойынша көшбасшы саналып келді. Алайда соңғы бес жылда ресейлік қару үлесі Үндістан нарығында екі есеге азайған. Ал Ресейдің орнын Франция басқан. Мәскеу Үндістанға жеңілдетілген бағамен қару сатуға дайын, алайда келісімшартты бірнеше айға немесе жылға кешіктіріп орындайтынын айтуда. Бұл Украинадағы соғыспен тікелей байланысты.
2018 жылы Үндістан Ресейден бес С-400 кешенін сатып алу келісімшартын жасасты. Қазіргі таңда Үндістанға үш кешен жеткізілді, ал қалған екі кешенді жеткізу соғысқа байланысты кешіктірілуде.
Сарапшылар Үндістан мен Ресей арасындағы байланысты Батысқа қарсы әрекет деп санамайды. Бұл сапар керісінше Қытай мен Ресей арасындағы шиеленісті нүктелерді ушықтыру әрекеті деп бағалауда. Ал Модидің сапары және Путиннің жылы қабылдауы Си Цзиньпинге ұнамасы анық дейді Батыс басылымдары.
Mezgil.kz