АҚШ президенті Жо Байданнің кешегі «президенттік додадан» бас тартуы – әлем жұртшылығы үшін ашық күнгі найзағайдай болды десек еш қателеспейміз. Сонымен, Байден неге жарыстан шықты? Демкораттардың көзіні кім? Трамптың ендігі қарсыласы кім? Рет-ретімен, тарқатып жазайық:
БАЙДЕН ДОДАДАН НЕГЕ ШЫҚТЫ? ЕНДІ НЕ БОЛАДЫ?
Мәселенің мәнісі мынада: жексенбі күні Жо Байден өз төңірегіндегілерге сайлау алдындағы жарыстан бас тартқысы келетінін айтты. Бұл оның маңайына топтасқан тобы үшін күтпеген жағдай болды. Өйткені, сенбі күні ғана ол сайлауға қатысуды жалғастыруға ниетті екенін айтқан болатын.
Байденнің президенттік додадан шығу жоспарын қайта-қайта сұраған БАҚ-қа презизденттікке үміткерлік науқанының басшылары қатулана: «Президент екінші мерзімге дауысқа түсуге ниетті деп қанша айта аламыз», - деген еді. Байденнің өзі де өте ашуланып, партиялық элитаның қысымына көнбейтінін айтқан. Десе де, арада бір күн өткенде, Байден президенттік жарыстан шығатынын мәлімдеді.
Оның президенттік додадан қалайша бас тартқаны және кімдер Байденді осы қадамға барғызғаны жайында саяси сарапшылар тарапынан 41 құмалақ шашылып, түрліше жорамалдар жасалынып жатыр.
Соңғы апталарда Ақ үйдің төңірегінде президенттің жақтастары үнемі демонстрациялар өткізіп тұрды. Олардың транспаранттарында жүректер мен «Біз сені сүйеміз, Жо. Бірақ, эстафетаны беру уақыты келді» деген жазулар болды.
ОЛАР БАЙДЕНДІ ЖАҚСЫ КӨРДІ: БАЙДЕН АҚШ ҮШІН НЕ ІСТЕДІ?
Ұйысқан АҚШ жұртының едәуір бөлігі шынымен де Байденді жақсы көрегендігін ашып айтуымыз керек. Ол Американың қазіргі тарихындағы ең үздік президент ретінде ауызға алына бастады. Неге Қараңыз:
Бірінші: Ол тәжтажал кезінде халқы үшін 1,7 триллион доллар бөліп, қанды қасаптай болған ковидті жеңе алды.
Екінші: Байденнің кезінде халық үшін көптеген әлеуметтік жеңілдіктер жасалды. Инфляция төмендеп, экономика көтерілді. Жүздеген мың жаңа жұмыс орындары ашылды.
Үшінші: Конгресс арқылы жолдарды, хайуанаттарды, әуежайларды және басқа да инфрақұрылымдарды салу үшін 1 триллиондық пакет жасалды.
Төртінші: Қарт американдықтар үшін дәрі-дәрмек сатып алу бағасы төмендеді.
Бесінші: Байденнің тұсында Трамптың кезінде кежегесі кері кеткен Батыс Еуропамен альянстық байланыстар қалпына келтірілді. Оның әлемдік климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі күш-жігері елеулі екенін айта кеткіміз келеді. Оның нағыз елағалығы Украинаны қолдаудың халықаралық коалициясын құруы болды.
Егер ол өзінің президенттігін сақтап қалса, Америка ілгерілеуін жалғастыра алар еді. Бірақ жарты жолда арбасының сынып, өгізінің өлуі де Байденнің кінәсі еместігін ұғынуға тиіспіз.
(Сурет: CNN сайтынан алынды)
БАЙДЕН АҚШ ТАРИХЫНА ҚАЛАЙ ЕНДІ?
Өз кандидатурасын алып тастау – президент Жоны тарихи тұлғаға айналдырды. Оған дейін АҚШ-та тек үш президент қана төрт жыл қызмет етіп, қайта сайлануға қол жеткізуге тырыспады. Бірақ мұның бәрі XIX ғасырда президент болған. Олар: Жеймс Полк, Жеймс Бьюкенен және Ратерфорд Хейс.
БАЙДЕН БИЛІКТЕН ҚЫСЫММЕН КЕТІП БАРА МА?
Американдықтар кеше ғана ол туралы: «Жақсы президент, егер ол елді сақтап қалу және оны Трамптан құтқару үшін жарыстан шығып кететін болса, онда ол игі іс істеген болар еді», - деп айтқан болатын.
Ол ел жадында тап солай болып қала ма, оны болашақ көрсетеді. Байден мемлекеттік істерде жарты ғасырға жуық тәжірибесі бар саясаткер. Ол сонау 1972 жылы Американың ең жас сенаторларының бірі болып, үлкен саясатқа араласқан. Ал енді «саяси көтерген жүгін» орта жолда жерге түсіріп, билік сахнасынан қысыммен кетуге мәжбүр болып отырғаны да жасырын емес.
АҚШ САЯСАТЫНДАҒЫ ҰРПАҚ АЛМАСУ ПРОЦЕССІ...
Жо Байденнің кешегі шешімінен кейін болатын нәрсенің бәрі де - Америка мүлдем ұғынып та, түсініп болмайтын саяси ен жайлау. Әңгіме бұл орайда АҚШ саясатындағы ұрпақтардың ауысуы турасында болып отыр.
(Сурет: ВВС сайтынан алынды)
КАМАЛА ХАРРИС
59 жастағы Камала Харрис 78 жастағы Трамппен салыстырғанда қарама-қайшылықтағы тұлға. Ол да Байден сияқты көптеген қателіктерге жол беретін болса, АҚШ жұрты тарапынан оның танымдық келеңсіздігі хақындағы сауалдар туындайды.
Харрис алдымен демократтардың көшбасшысына айнала біліп, содан кейін Трампты сайлауда шаң қаптыра алуы керек. Ал, Трамптай саяси әккі көкжалды алып соғып, жеңіп шығу оңай мәселе емес!
Харристің 19-22 тамызда өтетін Чикагодағы Ұлттық сиезге дейін бар болғаны 75 күні мұрсаты бар. Оның үстіне өзін басынан бағы тайған Байденнің қолдауына қарамастан, оның кандидатурасын көпшілік мақұлдайды деген ойдан аулақ болғанымыз абзал. Калифорниядан келген бұрынғы сенатор сиезге партия алдындағы барлық міндеттемелерімен келіп, жеңілістері үшін есеп береді. Оның рейтингтері 2021 жылдан бастап құлдырай бастағаны да жасырын емес. Ал 2020 жылғы оның демократтардың праймеризіне қатысуы мүлдем сәтсіз болып, дауыс беру басталғанға дейін аяқталып үлгергендігін де жадымыздан шығармауымыз керек.
Демократиялық партия 7 тамызға дейін Конгрессте өз мүшелерінің есімін 50 штаттың бюллетеніне енгізу үшін бір кандидат туралы шешім қабылдауы тиіс. Сайып келгенде, партиядан кандидат праймеризде сайлаушылардың 100 пайызға жуығын жинау мүмкін емес дүние. Әзірше оның аты-жөні бюллетеньдерде жоқ және Ұлттық сиездің 4 мың мүшесі жаңа кандидатты жақтап дауыс беретін болады.
БАЙДЕННІҢ ЖЕҢІЛІСІ...
Байденнің жұрт мүлдем күтпеген шешімі Американы және бүкіл әлемді айран асыр етті. Бұл айран асырлық Байденнің сәтсіздігінен кейін басталып, ол өзін мүлдем сайлау додасында маңдайы жарқырап, жеңіп шыға алмайтын кандидат ретінде көрсетті.
АҚШ-тағы сайлау әрқашан адамзат үшін маңызды оқиға болып табылатындықтан, әлемнің саяси қызуын бірден көтеріп жібергендігі де жасырын емес. Себебі, шын мәнінде Трамп 2.0 не істейтінін ешкім білмейді!
Ал американдықтар неге дайын? Бұл да ашық мәселе. Қалай болғанда да Байденмен арадағы байланыс ел үшін пайдалы болады. Трамп реалити-шоуды жақсы көреді. Бұл оның ерекшелігі. Міне, ол үшін тікелей эфирдегі саяси дуэльдегі көпірме сөздің көбігі көбіне басты орында тұрады.
(Коллаж: Mezgil.kz)
ӘЛЕМ КӨШБАСШЫЛАРЫ БАЙДЕННІҢ ШЕШІМІН ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?
Батыс Еуропаның кейбір көшбасшылары: «Біз қазір Трамптың екінші рет таққа отыруына жақсы дайындалдық», - дейді.
Неміс канцлері Олаф Шольц: «Менің досым Жо Байден өз елі үшін, Еуропа үшін, әлем үшін көп нәрсеге қол жеткізді. Оның арқасында трансатлантикалық ынтымақтастық ұйысып, НАТО күшейіп, ал АҚШ - біз үшін жақсы әрі сенімді серіктеске айнала алды. Оның жаңа мерзімге сайланбаймын деген шешімі құрметке лайық», - деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.
Польша премьер-министрі Дональд Туск: «Құрметті президент Жо Байден! Сіз көптеген қиын шешімдер қабылдадыңыз, соның арқасында Польша, Америка және бүкіл әлем қауіпсіз, ал демократия күше түсті. Сіз өзіңіздің түпкілікті шешіміңізді жариялаған кезіңізде осы жағдаяттарды басшылыққа алғаныңызды білемін. Бәлкім бұл сіздің өміріңіздегі ең қиын жағдай шығар», - деп пікір білдірді.
Британ премьер-министрі Кир Стармер: «Менің білуімше, ол өзінің тамаша маманы. Ол американдық халық үшін не жақсы деп ойлайтынын негізге ала отырып, шешім қабылдайды», - деді.
Испания премьер-министрі Педро Санчес Байденнің шешімін «батыл әрі лайықты» деп санады. Ол мемлекет басшысына өзінің таңданысы мен ризашылығын білдірді.
Чехия премьер-министрі Петр Фиала: «Байденнің доданы тастап шығуы - ондаған жылдар бойы өз еліне қызмет еткен мемлекет қайраткерінің шешімі. Бұл жауапты әрі қиын қадам, бірақ сол себепті өте құнды», - деп жазды.
Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс бейтарап ұстанымға ие болды: «Саясат ешқашан мұндай қызықты болған емес», - деп жазды ол X желісінде.
Украина президенті Владимир Зеленский: «Соңғы жылдары көптеген күшті шешімдер қабылданды және олар президент Байденнің қиын кезеңдерге қарсы батыл қадамдары ретінде есте қалады. Біз бүгінгі қатал, бірақ күшті шешімді құрметтейміз. Біз әрқашан ризашылығымызды білдіреміз», - деп мәлімдеді.
Ол Байденге «Украинаның бостандық үшін күресіне мызғымас қолдау көрсеткені үшін» алғыс білдірді.
Байденмен бірге президент болып жұмыс істеген экс-президент Барак Обаманың Байденге сайлау науқанына қатысудан бас тарту туралы шешімі үшін ризашылығын білдіргені, оны «жоғары тәртіптің патриоты» деп атағаны, бірақ Харриске тікелей қолдау білдірмегені назар аударарлық жайт.
Оның Х желісіндегі мәлімдемесі әлдеқайда түсініксіз: «Біздің партия көшбасшылары көрнекті кандидаттың пайда болуына әкелетін үдерісті ұйымдастыра алатынына сенімдімін», - деп жазды Обама.
ДЕМОКРАТТАРДЫҢ КӨЗІРІ КІМ?
Демократтардан президенттікке үміткерлердің қатарында сенатор Марк Келли, көлік министрі Пит Буттиджич, сондай-ақ губернаторлар Гэвин Ньюсом, Гретхен Уитмер, Джошуа Шапиро, Уэс Мур және басқалардың есімдері бар.
Ал Жо Байденнің өзі демократтардың үміткері ретінде вице-президент Камала Харристі ұсынатынын және оның кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді.
Камала Харристің өзі де президенттік додадан кетәрі емес екенін ашық білдірді. Ал алдын ала сауалнамалар бойынша, Харристің рейтингі Трамптың рейтингін қуып жетіп қалған.
Mezgil.kz