Израиль ұшақтары 20-шілдеде Йемендегі Ходейда портына және порт маңындағы мұнай қоймасы мен кіші мұнай өңдеу зауытына соққы жасады. Шабуыл салдарынан 3 адам қаза тауып, 82 адам жараланған. Осылайша Израиль хуситтермен қақтығыс басталған сәттен бері алғаш рет Йеменге тікелей соққы жасауды іске асырды.
19-шілде күні Израильдің Тель-Авив қаласына хуситтер шабуыл жасаған болатын. Хуситтер жіберген Samad-3 дроны тұрғын үйдің біріне соғылып, бір адам қаза тапқан еді. Израиль бұл шабуылға қатаң жауап болатынын ескертті.
Хуситтердің ресми өкілі Мұхаммед Абдулсалам былай деп мәлімдеме жасады: «Біз Израиль аумағына осы уақытқа дейін 200-ге жуық шабуыл жасадық. Израиль порттары қаңырап бос қалды. Біздің нақты әрекеттеріміз Газадағы бауырларымызға шынайы көмек бола білді. Қазіргі сәтте сионистік режим құлдырау алдында тұр. Газада үлкен қиындыққа тап болды, ал Хезболламен үлкен соғыс күтіп тұруы мүмкін. Біздің шабуылдарымыз да Израильді тығырыққа тіреуде. Бүгінгі шабуыл үшін Израильге қатаң жауап болады. Біздің жауабымызды Хайфа порты отқа оранғанда көре аласыңдар», - деді.
Ходейда портына шабуылды Израиль жеке іске асырған. Ұлыбритания мен АҚШ тарапы операцияға қатыспады, алайда Израиль шабуылды іске асыратынын Лондон мен Вашингтонға алдын-ала айтқан. Израильдің хуситтерге қарсы операциясы «Ұзын қол» деп аталды. Израиль шабуылға 18 дана ұшақты қолданған. Оның ішінде F-16 және F-35 ұшақтары мен әуеде жойғыш ұшақтарды жанармаймен қамтамасыз етуші ұшақтар да бар. Израиль жалпы операция барысында Ходейда портына 11 тоннаға жуық жарылғыш тастаған.
Операциядан кейін Израиль премьері Нетаняху мен әскери штаб арасында кеңейтілген отырыс өтті. Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант былай деп мәлімдеді: «Ходейдада тұтанған өрт дәп қазір тұтас Таяу Шығысқа көрінуде», - деді. Сарапшылар Израиль әскері 2000 шақырымға жуық қашықтықтағы Йемен портына соққы жасау арқылы аймақтағы өзге күштерге де ескерту жасағанына сенімді.
Хуситтердің Қызыл теңіздегі Израильге бағыт алған кемелерді атқылауы 9-шы ай қатарынан жалғасуда. Халықаралық қауымдастық хуситтерді тоқтату әрекеттерін іске асыруда, алайда ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбеді. Қызыл теңіздегі хуситтердің әрекеті Израильге ғана емес, әлемдік экономикаға да орасан шығын әкелуде. ВВС зерттеуі бойынша хуситтердің шабуылына Израильге бағыт алған кемелер ғана емес, өзге елдің кемелері де ұшыраған. Мысыр президенті Ас-Сиси Оман билігін хуситтерді тоқтату үшін келіссөзге арағайындылық жасауға шақыруда. Өйткені, хуситтердің әрекетінен аймақта ең үлкен зардап шеккен елдің бірі Мысыр саналады. Мысыр экономикасы кемелердің азаюына байланысты алым-салықтан қағылуда. Ал бюджет тапшылығы 35 пайызға артқан.
2021 жылы хуситтер қақтығысушы тараптарға Ходейда портын демилитаризацияланған аймақ деп жариялауға ұсыныс жасады. Алайда ол ұсыныс іске аспады. Сарапшылардың болжамынша қазіргі таңда портқа Иранның кемелері қару-жарақ жеткізуде. Израильдің портқа соққы жасауы да осыған байланысты болуы мүмкін. ISW сарапшылары Израиль Газадағы ұрыс қимылдарын аяқтап, солтүстікте Хезболламен, ал Қызыл теңіз маңында хуситтермен шайқасуға дайындалып жатқанын айтты.
Mezgil.kz