Венгрия билігі кезекті мәрте Еуропалық бейбітшілік қорының Украинаға көмек бастамасын бұғаттап тастады. Қор қаржысына Киевке арналған қару-жарақ сатып алынуы тиіс болатын. Бұл туралы Польшаның СІМ басшысы Радослав Сикорский мәлімдеді.
«Венгрия кезекті мәрте қордың қаржысын бұғаттап отыр. Венгрия билігі Украина жері арқылы ресейлік «Лукойл» компаниясының мұнайын тасымалдау тоқтаған соң, осындай шешімге келуде», - дейді Сикорский.
Еуропалық бейбітшілік қорынан тек Украина ғана емес, сонымен бірге ЕО мүшелері де қаржы алады. ЕО елдері Украинаға қару жібереді, ал өтемін сол қордағы қаржыдан алатын. Ендігі таңда Польша Венгрияның шешіміне байланысты 2 млрд еуродан қағылып отыр.
ЕО-ның Дипломатиялық басқарма басшысы Жозеп Боррель Венгрия шешімінің Украинаға кері әсері болатынын айтты.
«ЕО елдері Украинаға берген қаруының өтемін осы қордан қаржы ретінде алатын. Енді олар Венгрияның кесірінен қаржысынан қағылып отыр. Демек алдағы уақытта ЕО елдері Украинаға азырақ қару жіберуі мүмкін», - дейді Боррель.
Украина өткен аптада өз аумағы арқылы Венгрия мен Словакияға ресейлік газ бен мұнайды тасымалдауды азайтты. Аталмыш елдерге мұнай мен газ «Дружба» құбыры арқылы жеткізіледі. Венгрияның СІМ басшысы Петер Сийярто Киевтің әрекетін «қастық» деп атады.
Ал бірнеше ай бұрын қастандық жасалған Словакия премьер-министрі Роберт Фицо Украинаға хабарласып, Киевтен мұнай мен газды транзиттеуді қайта бастауын сұраған. Украина оң шешім қабылдамаса, Словакия Украинаға өңделген дизельді жанармайды жеткізуді тоқтататынын айтып, сес көрсетті.
ЕО елдерінің ішінде Словакия, Венгрия және Чехия ресейлік газ бен мұнайды алуға келісіп, Батыстың Мәскеуге қарсы жариялаған эмбаргосына қосылмады. Ол үшін ЕО-ның ішінде өзара келісім жасалды. «Дружба» құбыры арқылы үш ел ай сайын жиынтығы 1,1 млн тонна мұнай алып отырған. Чехия Украинаға көмек көрсету бастамасына қосылды, алайда Венгрия мен Словакия Киевке қарсы позицияны ұстануда.
Сарапшылар Венгрияда жанармай тапшылығы артып, экономикаға кері әсері көріне бастағанын жазуда. Жанармай бекеттері жабылып, азық-түлік қымбаттай бастаған. Будапешт Украина тарапы құбырды ашпаса, ЕО тарапынан берілетін барлық көмекті бұғаттауға тырысатынын айтуда.
Mezgil.kz