Тайуан билігі Қытаймен соғыс болу мүмкіндігін ескеріп, саяси және әскери салада үлкен реформалар жасауда. Дағдарыстық жағдайда басқару жүйесін жылдам әскери басқаруға өткізу моделін талқылау жүргізілуде. Міндетті әскери қызметтің мерзімін ұзарту іске асуда. Резервтік күштерді дайындықтан өткізу бағдарламасы қабылданды. Тайуан билігі ел халқын да психологиялық тұрғыдан соғысқа дайын болуға үндеуде.
The Washington Post басылымы келер жылы Тайуанда шығатын сериалға назар аударды. «Нөлдік күн» деп аталатын сериалдың сюжетінде Қытай әскері мен кемелері Тайуанды толық құрсауға алып, өзге әлемнен үзіп тастағаны көрсетіледі. Сериал желісі бойынша елдегі экономикалық жағдай нашарлап, дағдарыс болмақ.
Сериалда Тайуан қоғамының соғысқа дайын еместігі суреттелген. Әскери колонналар, жұмыссыздық, елдегі қылмыстың артуы, тонау фактілерінің жиілеуі сипатталады. Сериалда Тайуан елі жеңіліс табады деген месседж басым. Алайда биліктің мақсаты сериалды көрсету арқылы қоғамды жеңіліске емес, жеңіске жігерлендіру дейді сарапшылар.
Соңғы жылдары Тайуан мен Қытай арасындағы қайшылық артты. Қаңтарда Тайуан президенті Лай Циндэ таққа отырды. Бейжің Лай Циндэні қауіпті қарсылас санайды. Ал Қытай төрағасы Си Цзиньпин Тайуан мен Қытайдың қосылуы іске асатынын айтумен келеді. Тіпті бұл жоспарды іске асыру үшін әскери қадамға баруға дайын екенін де айтуда.
Тайуан билігі кәсіби резервтік күштердің санын арттыруға тырысуда. Олар соғыс жағдайында 155 мың тұрақты әскерге көмекке келуі тиіс. Осы міндетті іске асыру үшін жаңа заң қабылданды. Ол бойынша 2005 жылдан кейін туған барлық ер азаматтар міндетті түрде әскери дайындықтан өтуі қажет. Ал бұрын әскерде болған 2 млн ер азамат әр екі жыл сайын әскери дайындықтан өтуі міндетті.
Алайда Тайуан билігі әскерге жастарды шақыртуда үлкен мәселе барын айтуда. Көптеген жастар университетке түсу үшін әскерге уақытша бармау анықтамасын алған. Бұл 2027 жылға дейін резервтік күштерді толықтыруда қиындықтар болатынын білдіреді. Тайуан әскерінің саны Қытайдан әлдеқайда аз, сәйкесінше Тайуан әскер санына емес, сапасына басымдық бермек.
Қытай әскері әлемдегі ең көп әскер саналады. Бейжің жыл сайын әскери борышын өтеу үшін 400 мың адамды әскери дайындықтан өткізеді. Қытайдың әскери бюджеті 230 млрд доллар, демек Тайуаннан 15 есе көп деген сөз.
Тайуан билігі әскер сапасына және Батыс қаруына сенім артуда. Вашингтон «Біртұтас Қытай» принципін мойындаса да, Тайуанға қару сатуға және оның қорғаныс саласын күшейтуге қатысты заңдарды қабылдады.
АҚШ президенті Байден Қытай әскері Тайуанға басып кірсе, АҚШ әскерін көмекке жіберетінін айтып, бірнеше мәрте мәлімдеме жасады. АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп шілдедегі бір сұхбатта «Тайуан АҚШ-тан 15 мың шақырым қашықтықта жатыр, ең алдымен қорғанысын өзі қамтамасыз етуі тиіс» деген болатын.
Сарапшылар Қытай билігі 2027-2028 жылдары Тайуанға басып кіруі мүмкін деген ойда. Бейжің Ресейдің Украинада жіберген қателіктерін сараптауда және соғыс жүргізудің жаңа әдісін үйренуде дейді мамандар.
Mezgil.kz