Венгрия билігінің ресейлік және беларусь паспорты бар азаматтарды Венгрия аумағына кіргізуге жеңілдік жасау шешімі ЕО тарапынан қатаң қарсылыққа ұшырауда. Әсіресе Балтық елдері қатаң қарсылық танытуда. Ал Еурокомиссия депутаттары Венгрия билігінің шешіміне сәйкес, ендігі таңда Ресей және Беларусь азаматтарына талапты күшейтуді қарастыруы мүмкін.
Венгрия шілдеде Еуропалық Кеңесте өз төрағалығын бастады. Аталмыш кеңесте ЕО-ның түрлі сала министрлік өкілдері жиналып, маңызды мәселелерді талқы етіп, шешім шығарады. Төрағалық етуші тарап кездесулер мен басқосуларды ұйымдастырады. Венгрия алдағы алты айда ЕО-ның күн тәртібіндегі мәселені ұсынады.
Төрағалық ресми басталған сәтте Венгрия премьері Виктор Орбан Киевке, артынша Мәскеу мен Бейжіңге сапарлап барды. Ол Украина-Ресей соғысын тоқтатуға қатысты өз көзқарасын ұсынды. Бұл ЕО елдері тарапынан үлкен саяси жанжалға ұласты. ЕО басшылары соғыс басталған сәттен кейін Ресейге барған емес. ЕО бірауыздан Венгрияның түсіндірме беруін талап етті. Себебі ЕО заңдылығына сәйкес Еуропалық Кеңес төрағасы ЕО-ның сыртқы саясатын анықтайтын ресми тетікке ие емес. Сәйкесінше Венгрия басшысының сапары ЕО-ның позициясы болып саналмайды.
Орбанның сапарынан кейін «Венгрия жаршысы» газеті «ұлттық карта» бойынша жаңартылған тізімді жария етті. Ұлттық карта - Венгрияға басқа ел азаматтарының келіп, еңбек келісімшарты бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін жоба. Тізімде ендігі таңда Ресей мен Беларусь та бар. Ұлттық карта жобасы аясында келген азаматтарды Венгрияның ұлттық қауіпсіздік қызметі жіті тексермеуі мүмкін. Бұл ЕО елдерін алаңдататын басты мәселе.
Венгрия билігі «ұлттық карта» аясында келетін азаматтар мен елдердің санын арттыруды жақында екі реактордың құрылысы басталатын «Пакш-2» АЭС-імен байланыстырады. Құрылысты Росатом іске асырады. Бұл ЕО басшылары үшін тағы бір мәселе. Себебі ЕО басшылары Росатом қызметкерлерін Ресейдің қауіпсіздік саласымен байланысты деп топшылайды.
Венгрия жеріне ыхтиярхатпен келген ресейліктер не беларусьтар «Шенген аймағының» барлық игілігін қолдану мүмкіндігіне ие болмақ. Ендігі таңда ЕО басшылары Венгрияны Шенген аймағынан уақытша шектеуге шақыруда.
Балтық елдері, Финляндия мен Польша мемлекеттері Ресей мен Беларусь азаматтарын елге кіргізуге қатысты қатаң саясат ұстануда. Аталмыш елдер Ресей азаматтарына виза беруді еселеп азайтқан. Мысалы Эстония билігі 2021 жылы 34 мың ресейлікке виза берсе, 2023 жылы ол көрсеткіш бар болғаны 2 мың адамды құраған. Латвия мен Литва ресейліктерге виза беруді 5 есеге дейін азайтты.
Жалпы ЕО елдері ресейліктерге виза беруді азайтумен келеді. Бұл Украинадағы соғыспен және санкциялық саясатпен тікелей байланысты. Мысалы 2019 жылы ЕО елдері 4 млнға жуық ресейлікке виза берсе, 2023 жылы 449 мың ресейлікке виза берген.
ЕО елдерінің басшылары Венгрияға қатысты қатаң саясат ұстануға шақыруда. Олар Орбан өзінің саясатымен ЕО аумағына мыңдаған ресейлік және беларусь тыңшыларын, диверсанттарын кіргізуі мүмкін деп қауіптенуде. Бұл айыпқа Венгрияның премьер-министрінің баспасөз хатшысы Золтан Ковач жауап беріп, Венгрияға келетін Ресей азаматтары мен Беларусь азаматтары қатаң тексеруден өтетінін айтты.
ЕО-ның жекелеген саясаткерлері Венгрияның саясатын «ұлттық мүдде мәселесі емес, ұлы сатқындық» деп сипаттауда. Венгрия Украина соғысында ЕО-ның Киевке көмек беру жобаларына вето қоюмен келеді. ЕО-ның сыртқы саясаттағы ұстанымына қарама-қайшы мәлімдемелер жасауда. Венгрия Венесуэладағы президенттік сайлауға байланысты ЕО-ның айыптау мәлімдемесін бұғаттап тастады. Осы және өзге де фактілерді алға тартқан ЕО басшылары «Венгрияны ұйымда ұстаудың қажеті бар ма» деген сұрақты көтеруде.
Mezgil.kz