Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжанға ресми сапармен келді. Ол 18-19 тамызда Әзербайжанда болып, Әлиевпен келіссөздер жүргізеді. Путиннің сапары Украина әскерінің Курск облысына басып кірген сәтінде іске асуда. Ресей ұлтшылдары президенттің бірінші Курск аймағынан эвакуацияланғандарға бармағанын айтып, сынға алуда.
(Сурет gazeta.ru сайтынан алынды)
Кремль ресми сапар барысында Әзербайжан мен Ресей арасында әріптестікті дамытуға бағытталған құжаттарға қол қойылатынын айтты. Путин мен Әлиев Ереван мен Баку арасында жасалуы тиіс бейбіт келісімшартты да талқы етпек.
Әзербайжанның ВВС арнасының редакторы, Кенуль Халилова Путиннің сапарына қатысты сараптама жасады. Сарапшы Владимир Путин Украинаға басып кіргеннен кейін, Әзербайжанға келгегенін айтты. Қазіргісі алғашқы сапар дейді. Яғни Путин билігін әлемдік қауымдастық оқшаулау саясатын күшейткен сәтте, Путин Бакуге сапарлап келді. Украина әскері Курск облысына басып кірген сәтте, Ресей басшысы Әзербайжанмен маңызды келісімдерді талқылау үстінде. Әзербайжан билігі Украинаға гуманитарлық көмек көрсетіп, Батыспен жақсы қарым-қатынас ұстануда. Баку Мәскеуден де бас тартқан емес. Әзербайжан сапарына дейін Путин Қытайға, Вьетнамға және Солтүстік Кореяға ресми сапармен барған болатын.
Украина мен Ресей арасындағы соғыс, Әзербайжан үшін жаңа мүмкіндіктер терезесін ашты. Ресей Еуропаға газ және мұнайын сатуды азайтты, ал Әзербайжан керісінше Кәрі құрлықпен байланысын күшейтіп, көбірек мұнай мен газ сатуға бел буды.
Саяси сарапшы Фуад Шахбазовтың пікірінше, Путин Әзербайжанға ең алдымен экономикалық мәселелерді талқы ету үшін келген. Соның ішінде Мәскеу үшін энергетика саласындағы сұрақтар маңызды саналады. Сарапшының ойынша сапар барысында Ресей мен Әзербайжан газды тасымалдау бойынша бірқатар келісімдер жасауы ықтимал.
«Ресей газын Әзербайжанға жеткізу бойынша келісім жасалуы мүмкін. Әзербайжан газын Еуропаға жеткізеді, ал Ресей керісінше Әзербайжанды газбен қамтамасыз етеді. Яғни ресейлік газды Әзербайжан ішкі нарық үшін қолдана алады», - дейді сарапшы Фуад.
Сарапшының ойынша Ресей билігі Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөздерге қатысуды қалайды. Соңғы уақытта екі ел арасындағы келіссөзге Батыс елдері араласуда және келіссөз алаңын ұсынуда. Ресей билігі Кавказдағы саяси процесстерден қалыс қалғысы келмейді және Ереван мен Бакудың бейбіт келісім жасасу процесіне ықпал жасауды ойластырады.
Соңғы айларда Әзербайжан мен Армения тікелей келіссөз форматына көшкен. Тамыз айының басында Баку мен Ереван бейбіт келіссөз жобасынан «Зангезур дәлізіне» қатысты тармақты алып тастады. Бұл жеке келіссөз тақырыбы болмақ.
Баку мен Мәскеу бұған дейін Зангезур дәлізінің қауіпсіздігін Ресей қамтамасыз етеді деп келіскен. Алайда Армения ол ұсынысқа қарсылық танытуда. Екінші Қарабақ соғысынан кейін Армения мен Ресей арасындағы қарым-қатынас суыды. Ереван тіпті ҰҚШҰ ұйымынан шығуға ниетті екенін білдіруде. Армения НАТО елдерінің кеңесшілерін шақыртып, екі мәрте әскери жаттығу да өткізді. Бұл Мәскеуге ұнамасы анық.
Мәскеу мен Ереван ресми түрде одақтас елдер саналады. Алайда Армения билігі Халықаралық қылмыстық соттың шешімін қолдап, 2023 жылдың 17-наурызында шыққан Путинді тұтқындау ордерін құптайтынын айтты. Сарапшылар Ресей мен Армения арасындағы қайшылық, Мәскеуді Бакуге жақындатып жатқанын айтуда. Бүгінгі сапар да соның бір көрінісі дейді олар.
Mezgil.kz