АҚШ-тың жаңа стратегиясы: Қытай күшеюде, Иран қару жасауда...

АҚШ президенті Джо Байден ядролық стратегияға өзгерістер енгізді. Әлбетте стратегия мәтіні құпия сақталады. The New York Times (NYT) басылымы стратегиялық құжатқа алғаш рет Қытайды тежеу қажет екені жазылғанын айтты. Пентагон құжатта алдағы он жылда Қытайдың ядролық арсеналы Ресей және АҚШ-пен теңесу мүмкіндігін болжауда. АҚШ-тың бұған дейінгі стратегиясы Ресейді тежеуге, ал оған дейін КСРО-ны тежеуге бағытталған еді.


Спрогнозирован сценарий ядерной войны в 2025 году | Новости мира | Известия  | 05.10.2019

 

Стратегияда АҚШ-тың ядролық күштері Ресей, Қытай және Солтүстік Корея тарапынан төнетін қауіпке қарсы тұрып, қатер төнген жағдайда қарсыласқа есеңгірете соққы беруді қарастыратыны жазылған. Құжат әр төрт жыл сайын жаңарып, қалыптасқан жағдайға байланысты өзгерістер енгізілуі мүмкін. Құжаттың толық мәтіні жоғары лауазымды әскерилерге ғана белгілі. Құжаттың құпия сақталуына АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі мен арнайы қызметтер жауапты. Байден ядролық күштерге қатысты жаңа жоспарды наурыз айында мақұлдаған, алайда ол туралы ресми енді жария етті.

 

Қару-жарақты бақылау қауымдастығының атқарушы директоры Дэрил Кимбаллдың пікірінше, Қытай 2030 жылға дейін ядролық оқтұмсықтарының санын 500-ден 1000-ға дейін арттыра алады. Ресейде қазірдің өзінде 4000-ға жуық ядролық қару бар, сол себепті де Кимбалл әзірге басты қарсылас Ресей деген ойда.  

 

Кимбалл бұған дейін АҚШ ядролық оқтұмсықтар санын ядролық қаруды азайту келісімдеріне сай азайтып келгенін айтты. Дей-тұра Қытай ядролық оқтұмсықтарын көбейтуде. 2023 жылы Ресей елі Стратегиялық шабуыл қару-жарақтарын қысқарту мен шектеу туралы келісімнен шықты. Бұл келісім бойынша тараптар шабуылдаушы қару түрлері, зымырандарды азайтуы тиіс болатын. Келісім 2011 жылы күшіне еніп, 12 жыл ғана өміршең болды. Ресей Украинаға басып кірген соң, Мәскеу келісімді тоқтатты. Ендігі таңда Вашингтон Мәскеу мен Бейжіңнің ядролық қаруды көбейтуіне байланысты әрекет етпек.

 

Сарапшылар Украина мен Ресей соғысына дейін АҚШ-тың қарсыластары ядролық арсенал күштерін біріктіріп, Вашингтонды тығырыққа тіреуі мүмкін деген сценарийді қарастырмағанын айтты. Алайда Украина соғысына байланысты Ресей-Қытай-Иран-Солтүстік Корея арасындағы байланыс артып, жаңа қауіптер пайда болуда. NYT басылымы Ресейдің Солтүстік Корея мен Иранға алыс қашықтыққа ұшатын зымыран жасау технологиясын ұсынғанын жазды. Сәйкесінше бұл АҚШ аумағына төнетін қауіпті арттыра түседі.

 

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея басшысымен келіссөз жүргізіп, Ким Чен Ынның ядролық қаруды азайтарына сенімді болған. Алайда Солтүстік Корея керісінше ядролық қару саласын дамытуда және болжамды негізде 60 дана ядролық оқтұмсыққа ие. Солтүстік Корея ядролық арсенал тұрғысынан Пәкістан мен Израильге жетуге аз қалды.

 

АҚШ сарапшылары Иранның әне-міне алғашқы ядролық оқтұмсықты жасап шығарына сенімді. Вашингтон жан-жақты қауіпті ескеріп, жаңа стратегия жасақтады және одақтастарымен ядролық қауіпсіздік бойынша жаңа келісімдер жасауға ниетті.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар