Қырғызстан банктері ресейлік және қырғызстандық банктер арасындағы ақша аударымын шектеу үстінде. Бұл антиресейлік санкцияларға байланысты қабылданған шешім саналады. Қазіргі сәтте Қырғызстанның «Бакай Банк», «Демир Банк», «Дос-Кредобанк», «Керемет Банк», «Банк Азия», «Оптима Банк», «Элдик Банк», «Қырғызкоммерцбанк», «MBANK», Қырғыз инвестициялық несие банкі ақша аударымын шектеуде.
Қырғызстанның Ұлттық банкі коммерциялық банктер терроризмді қаржыландыруға және заңсыз ақшаны заңдастыруға қарсы шаралар өткізіп жатқанын айтты. Оның аясында транзакциялар мен қаражат көздерінің заңдылығын растайтын құжаттарды ұсыну кіреді. Банктер депозиттердің сақталуына жауап береді және заңсыз құрылымдарды қаржыландыруға қарсы шараларды қабылдауға міндетті. Қырғызстан тарапы ақша аударылымдарының азаюын осы бір себеппен түсіндіріп, оның Ресейге қатысы жоқтығын айтты.
Дей-тұра Қырғызстан банктері антиресейлік санкцияларды бұзбауға тырысады және жанама санкцияға ұшырамау әрекеттерін жасауда. Ұлттық банк тұтынушылардың және компаниялардың санкциялық тізімде бар-жоқтығын тексеруді күшейткен.
Сәуір айында Қырғызстан банктері ресейлік «Мир» картасына қызмет көрсетуді тоқтатты. АҚШ «Мир» жүйесін санкцияға қосқан болатын. Мир жүйесі арқылы есеп айырысуды «Элкарт» ұлттық төлем жүйесі тоқтатқанын ресми мәлімдеген еді. Ендігі таңда Қырғызстанның сауда үйлерінде, банкоматтары арқылы ресейлік картамен қызмет алу, аударым жасау қиынға соғуда.
«Мир» карталарынан Армения елі де бас тартуда. Қазіргі сәтте Mir Pay қосымшасы Android Google Play-ден өшірілген. Ал Samsung компаниясы сәуір айынан бастап тұтынушылар «Мир» картасын Samsung Pay-ге тіркей алмайтынын айтты. Қазақстанда «Мирді» Bereke Bank пен «Фридом Финанс» алып тастады, ал қытайлық UnionPay жүйесі «МИР-UnionPay-ге» Ресей аумағынан тыс аймақта қызмет көрсетпейтін өзгерісті енгізді.
Ресейлік банктерге қызмет көрсетуді Орталық Азия банктері тоқтатуда. Қытайдың ірі банктері де Ресеймен қаржы айналымынан қашқақтай бастаған. Ендігі таңда Қытайдың кіші аймақтық банктері де Ресеймен қаржы айналымын жасауға ниетті емес.
Ресейлік «Импая Рус» компаниясы Қытайдың 98% банкі Ресей компанияларымен жұмыс істеуден бас тартқанын айтуда. Қытайдың ірі банктері ресейлік компаниялар үшін жыл басында төлем жасауды қиындатса, ендігі таңда олардың қатарына аймақтық кіші банктер де қосылған.
2023 жылдың соңында АҚШ президенті Джо Байден ресейлік тарапқа қаржы аударым барысында санкциялық заңды бұзған шетелдік қаржы ұйымдарына жанама санкция салу туралы жарлыққа қол қойды. Байденнің жарлығынан кейін Ресеймен Қытай, Қазақстан, Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения банктері жұмыс жасаудан бас тартуда.
Mezgil.kz