24-тамызда Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров Францияның Ле-Бурже әуежайында ұсталды. Дуровқа француз билігі бірнеше айып тағуда. Телеграм арқылы есірткі сату, терроризмді насихаттау, адам және заңсыз қару саудасына тосқауыл қоймай, желіні халықаралық қылмыстық топтың ошағына айналдырушы деген ауыр айыптар бойынша күдікке ілінді.
Жалпы Дуров деген кім? Павел Дуров 1984 жылы Петерборда өмірге келді. Ол 2006 жылы филология факультетін «ағылшын тілі аудармасы және филологиясы» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Бос уақытында интернет жобаларды дамытумен айналысты.
2007 жылы ол «Вконтакте» желісін жасап шығушылардың бірі болды. 2008 жылы «Вконтакте» желісі танымалдылыққа ие болып, қолданушылар саны 20 млннан асты. Артынша желіде жарнама артты, монетизация жүйесі пайда болды. Павел Дуров желінің бас директоры болып, 20 пайыз акциясын иемденді. Ал 70 пайыз акцияны Вячеслав Мирилашвили отбасы алса, 10 пайыз акция Левиевке тиесілі болды.
2014 жылы Дуров «Вконтакте» желісінің өзінде қалған акцияларын сатты. 2014 жылдың сәуірінде ол Ресейден кетті, артынша «Вконтактенің» бас директоры қызметінен де кеткенін жариялады. Ол өз шешімін Ресей билігінің желідегі жабық қауымдастықтарға есік ашу талабымен түсіндірді. Дуров ол талапты орындаудан бас тартты.
2013 жылы Дуров Telegram мессенджерін жасауды бастады. Желі тез арада қолдауға ие болды. 2014 жылы 15 млн, 2020 жылы 400 млн, ал 2024 жылы 950 млн жазылманы бар үлкен желіге айналып, әлемдегі ең танымал 5 желінің қатарына қосылды. 2017 жылы ресейлік «Роскомнадзор» Дуровтан компанияға қатысты барлық ақпаратты беруді талап етті. Дуров талапқа келіспеген соң, 2018-2020 жылдары ресейлік тарап желіні бірнеше мәрте Ресей аумағында бұғаттау әрекеттерін іске асырды.
Қазіргі сәтте желіні Қытайда, Иранда, Ауғанстанда жартылай немесе толық бұғаттап тастаған. 2020 жылы Дуров өзінің криптовалютасын құрды. Алайда Дуровтың ұсталуынан кейін оның криптовалютасы өз құнын жоғалту үстінде.
2024 жылы Дуров өзінде БАӘ, Ресей, Франция азаматтығының барын айтты. Қазіргі таңда Дуров әлем елдеріндегі ауқатты адамдар тізімінде 279-орынға жайғасқан және оның байлығы 11 млрд доллар деп бағаланады.
AFP агенттігі 39 жастағы Дуровты қамауда ұстау мерзімі тағы екі күнге ұзартылғанын айтты. Осылайша жексенбі күні сот алдында сөз сөйлеуге тиіс болған Дуров, енді сейсенбі күні сотқа қатысуы мүмкін. Агенттіктің жазуынша Франция соты ұсталушыны 96 сағат бойы қамауда ұстауға құқылы. 96 сағаттан кейін ұсталған тұлғаға не айып тағылуы тиіс, не бостандыққа жіберілуі қажет.
Жексенбі күні Telegram алғаш рет Дуровтың ұсталуына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде Дуровтың қандай да бір заңды бұзбағаны айтылады. Ал компания (желі) жұмысын қалыпты режимде атқаратын болады.
Франциядағы Ресей елшілігі Дуровқа қатысты бірнеше сұрау хатын жолдап, мардымды жауап алмағанын айтты. Илон Маск Дуровтың ұсталуын сөз бостандығын шектеу деп атап, ЕО қауымдастығының саясатын сынады. Ол #FreePavel хештегімен бірнеше жазба қалдырған. Журналист Такер Карлсон да Дуровты қолдап, жазба қалдырды. Ол жаңа заманда цензура күшейіп, бостандық деген ұғым көмескі тартып бара жатыр дейді.
Саяси, экономикалық тақырыптарда зерттеулер жүргізетін танымал сарапшы Христо Грозев болса Дуровтың ұсталуына таңданудың қажеті жоқтығын айтуда. Ол Telegram-дағы ондаған арнаның скринін салып, онда халықаралық қылмыстық топтардың ашық насихаты көрсетілетінін жазған. Грозевтің пікірінше француз арнайы қызметі желінің құпия қауымдастықтарындағы халықаралық террорлық топтардан бастап жекелеген тұлғаларға дейінгі сан түрлі ақпаратты қолға түсіруге тырысатынын мәлімдеді.
Әскери сарапшылар Дуровтың ұсталуы Украина мен Ресей соғысына да әсер ететінін болжауда. Екі жылдан астам уақыттың ішінде ұрыс даласындағы ақпарат алмасу көбіне осы желі арқылы іске асқан. Ресейлік тарап операцияларды жоспарлауды да аталмыш желідегі жасырын арналар арқылы іске асырған дейді мамандар. Кей сарапшы Дуровтың терге өкілдерінің талабына келісіп, бостандыққа шығатынын болжауда.
Mezgil.kz