2021 жылы тәлібтер билікті басып алған сәтте, Ауғанстан билігінің ұшқыштары Тәжікстан мен Өзбекстанға АҚШ берген тікұшақтар мен ұшақтарды алып, Ауғанстаннан қашуға мәжбүр болды. Ұшақтарды тәлібтер үшінші жыл қатарынан Ауғанстанға қайтаруға тырысуда. Бұл мәселеге қатысты АҚШ тарапы өз шешімін айтты.
АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі Джонатан Хеник авиациялық техниканың Өзбекстанда қалатынын жеткізді. Ол ұшақтар мен тікұшақтар ешқашан Ауғанстанға тиесілі болмағанын, Ауғанстанның заңды үкіметі авиациялық техниканы АҚШ-тан жалға алғанын мәлімдеді. Сәйкесінше техниканың тағдырын АҚШ тарапы шешуге толық құқылы екенін айтты.
Пентагонның мәліметі бойынша Өзбекстанға 46 дана авиациялық техника жеткізілген. Оның ішінде 22 ұшақ пен 24 тікұшақ бар. Ал Тәжікстан тарапына 18 дана авиациялық техника келіп қонған. Олардың ішінде Embraer EMB 314 Super Tucano, PC-12, C-208, AC-208, A-29, Ми-17, UH-60 сынды ұшақтар мен тікұшақтар бар.
2021 жылдың қыркүйегінде Өзбекстан тарапы өз аумағына кірген Ауғанстан ұшқыштары мен олардың отбасы мүшелерін үшінші елге жеткізгенін айтты. Алайда әскери техникаға қатысты қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ. Тәлібтер билікке келгенге дейін Ауғанстанда 164 дана ұшақ пен тікұшақ болған, қазіргі таңда олардың саны 81-ді құрайды. Ауған билігінің ұшқыштары тәлібтер келген сәтте, әскери техниканың тең жартысын сыртқа шығарып үлгерді. Ал Ауғанстан аумағында қалған техниканың басым бөлігін АҚШ сарбаздары жарамсыз күйге түсірді.
2022 жылы Өзбекстанның Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Исматулла Иргашев әскери техниканың АҚШ-қа берілетінін айтты. Иргашев ұшақтар мен тікұшақтардың тағдырын АҚШ тарапы шешетінін жеткізді.
Алайда 2022 жылы Вашингтон Тәжікстан мен Өзбекстан билігіне ұсыныс жасап, жабық келіссөздерді бастады. Politico басылымы әскери техника Ташкент пен Душанбеге берілуі мүмкін, қарымтасына аталған екі ел АҚШ-тың аймақтағы терроризмге қарсы серіктестеріне айналуы тиіс деп жазды.
АҚШ тарапы ұшақтар мен тікұшақтарды Өзбекстан мен Тәжікстанға сату нұсқасын да қарастыруда. Алайда барлық шешімге «Талибан» тарапы қатаң қарсылық танытып келеді. Тәлібтер авиациялық техниканы «ауған халқына тиесілі» деп атауда.
Тәлібтердің қорғаныс министрлігі былай дейді: «Өзбекстан үкіметі достық қатынасымызды сақтай отырып, бұл шешімнен бас тартады деп үміттенеміз. Ұшақтардың Ауғанстан әуе күштеріне берілуіне барын саларына сенімдіміз», - дейді.
Алайда ресми Ташкент әзірге бұл мәселеге қатысты қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ. Сарапшылар Ташкент үшін бұл қиын сұрақ екенін айтуда. Ұшақтарды алу Өзбекстанның қорғаныс саласын күшейтуі мүмкін, алайда «Талибанмен» ара-қатынасына сызат түсіруі ғажап емес.
Mezgil.kz