Ресей президенті Владимир Путиннің Моңғолияға сапары алдында «Оноодор» газетінде ауқымды сұхбат шықты. Ол көптеген тарихи оқиғаларға және қазіргі уақытта әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты пікірін айтып, ойын бөлісті. Сұхбатта айтылған пікірлерді қысқа-нұсқа назарларыңызға ұсынамыз.
ХАЛХИН-ГОЛ БОЙЫНДАҒЫ ШАЙҚАС ТУРАЛЫ
Біздің еліміз бен халқымызды ондаған жылдар бойы түрлі саладағы әріптестік байланыстыруда. Біздің еліміз 1921 жылы алғаш болып Моңғолияның тәуелсіздігін мойындады және ұзақ жылдар бойы жалғыз өзі Моңғолияның суверенитетінің кепілі болды. 1939 жылы Моңғолия елі үшін өте қиын жағдай қалыптасты. КСРО өзінің одақтастық принципіне адалдық танытып, екі ел арасында 1936 жылдың 12-наурызында жасалған хаттама негізінде жапон агрессиясын тойтаруға көмекке келді. Халхин-Гол бойындағы ұрыстарда 10 мыңнан астам қызыл әскер мен оның қолбасшылары Моңғолия үшін жанын құрбан етті. Қазіргі сәтте Ресей мен Моңғолия еріктілері сол кезеңнің батырларын ұлықтап, оларды жерлеу рәсімдерін өткізуде.
Биыл бұл шайқастарға 85 жыл. Одан бөлек басқа да тарихи маңызды даталар бар. Мысалы Ұланбатыр теміржолының салынғанына 75 жыл, Моңғолия жерін кеңестік мамандардың тың игеруге алғанына 65 жыл, кеңестік құрылысшылардың Эрдэнэта қаласын салғанына 50 жыл.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖАЙЛЫ
Қазіргі таңда Ресейден Қытайға газ құбырын Моңғолия арқылы салу жобаларын кең талқылап жатырмыз. Ұланбатыр теміржолын модернизациялау жұмыстары іске асуда. «Роснефть» компаниясы су жаңа Шыңғысхан әуежайында жанармай құю базасын салуға қатысуда. «Интер РАО-Экспорт» компаниясы болса Ұланбатырдағы ТЭЦ-3 реконструкциясына қатысуда. Моңғолиядағы достарымыздың өтінішін жерге тастамай, үнемі жанармайды жеңілдікпен беруді қарастырып келеміз.
Моңғолиямен білім саласында да әріптестігіміз жоғары. Мысалы биыл біз ресейлік ЖОО-ларда Моңғолия студенттеріне арнап 620 грант бөлдік. Моңғолияда орыс тіліне қызығушылық жоғары екені қуантады.
ГАЗ ЖАЙЛЫ
Ресей-Моңғолия-Қытай экономикалық дәлізін құру идеясын ең бірінші болып Моңғолия тарапы ұсынды. Бұл «Дала жолы» атты Моңғолия жобасы аясында жасалған ұсыныс еді. Осы жоба аясында Қытайдан Ресейге, Ресейден Қытайға Моңғолия арқылы жүк тасу еселеп артты. Ұланбатыр теміржолы арқылы жүк тасу 2023 жылы рекордтық негізде өсіп, 32,4 миллион тонна болды.
Соңғы жылдары Моңғолияның президенттері қандай партиядан шыққанына қарамастан Ресейден Қытайға Моңғолия жері арқылы өтетін газ құбырын салу идеясын көтерумен келеді. Жұмыстың алғашқы баспалдағы 2021 жылы қалана бастады. «Шығыс Одақ» атты газ құбырын салу қарастырылуда. Оның ұзындығы 960 шақырым болмақ. 2022 жылы жобаның техникалық сипаттамасы дайындалды, ал 2023 жылы өзге құжаттары толық бітті. Бұған дейін Моңғолия саясаткерлері газ құбырын тек транзит етуді ойласа, енді сол құбырдағы газды Моңғолия экономикасына пайдалануды да ойластырып, ұсыныстар айтуда.
РЕСЕЙ БАҚ-ТАРЫНА ЖАСАЛҒАН ҚЫСЫМ ЖАЙЛЫ
Біздің журналистер Батыс елдерінің барлығында жұмыс істеуге тырысуда. Алайда оларға әділетсіз негізде көп қиянат жасалуда. Ресей арналарына тыйым салынуда, тікелей цензура артты, интернет ресурстарда қысымды күшейтті. Әрине бұл демократияның сөз және баспасөз еркіндігіне қарама-қайшы әрекеттер екені түсінікті. Біздің БАҚ-тарымыз әлемдік процесстерге ресейлік көзқарасты дәлелмен жеткізуге тырысуда. Оны барлық заңдылықты сақтап, әдеппен іске асыруда.
Ал Ресейде БАҚ өте еркін, тәуелсіз. Бұл Конституциямен бекітілген. Біз ақпарат көздеріндегі плюрализмге сенеміз. Кез келген ақпарат көздеріне бір ғана талабымыз бар, ол – Ресей заңын бұзбау. Оны барлық тілшілер, аккредитация алған шетелдік журналистер де түсінуі қажет. Осылайша сөз бостандығы мен ұлттық қауіпсіздік арасындағы баланс сақталады.
ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ ТУРАЛЫ
ХОК қазіргі таңда ұжымдық Батыстық нұсқауымен, оның ішінде АҚШ-тың айтуымен олимпиаданың қалыптасқан заңдылықтарын өрескел бұзуда. Спортшылардың құқығын қорғаудың орнына олар өз статустарын сақтап қалуға жанталасуда. Біздің атлеттерімізді түрлі сайыстардан шеттетіп жатыр. Тіпті халықаралық турнирлерде «Ресей», «ресейлік» деген сөздерге тыйым салуға дейін жетті. Бұл Олимпиаданың рухына қайшы әрекет. Олимпиада және спорт саясиланбауы тиіс. Олимпиада ойындарында этникалық сипаты, діни ұстанымы, саяси көзқарасы үшін алалау болмайтыны айтылса да, ол сақталмауда. Ресей спорттың саясилануына үзілді-кесілді қарсы. Сол үшін спортты демократизациялау жолын жалғастырамыз. Ұлттық және халықаралық сайыстарды ұйымдастырып жүрміз.
УКРАИНА СОҒЫСЫ ЖАЙЛЫ
Украинадағы жағдайға көптеген ішкі және сыртқы фактор әсер етті. Кеңестік басшылардың ұлттық-аумақтық мәселені реттеу шешімдері де өзінің негативті рөлін ойнады.
Украинаның қалыптасу процесі 1917 жылғы революциядан кейін іске асқанын естеріңізге салғым келеді. Сол сетте бірнеше шекарасы айқын емес, квазимемлекеттер қалыптасқан еді. Кейін КСРО құрамындағы одақтас елдердің шекарасы пролетарлық қажеттілік бойынша сызылды. Осылайша Украинаға орыс халқы көпшілік саналатын өндірістік Донбасс аймағы берілді. Кейін Сталин екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және соғыстан кейін Украинаға бұрынғы Польшаның, Румыния мен Венгрияның бірқатар жерін қосып берді. 1954 жылы Н.С.Хрущёв Украинаға Қырымды сыйлай салды.
Кеңестік басшылар сол сәттегі геосаяси жағдайға байланысты әрекет етті. Олар КСРО қолдан сызылған ішкі әкімшілік шекаралар арқылы бөлініске түсетінін, құлайтынын болжамады. Сол себепті де қазір болып жатқан оқиғалардың әрине тарихи тұстары да бар.
Одан бөлек, Украина трагедиясының бірден-бір себебі АҚШ бастаған ұжымдық Батыстың мақсатты түрде антиресейлік саясатты ұстануы болып саналады. Ондаған жылдар бойы олар Украинаны бақылауға алуға тырысты. Ұлттық және антиресейлік ұйымдарды қаржыландырып, «Ресей Украинаның өмір сүруіне басты жау» деген концепцияны мақсатты негізде енгізумен болды.
2014 жылы американдықтар мен олардың сателлиттері Украинада қарулы мемлекеттік төңкеріс жасады. Оның негізгі идеологтары неонацистік топтар болды және кейін олар Киевтің мемлекеттік бағыт-бағдарын айқындауға көшті. Ұзақ жылдар бойы Донбасстың миллиондаған тұрғыны Киев режимі тарапынан геноцидке ұшырады, үнемі шабуыл мен құрсау құшағында болды. Украинада орысқа қатыстының барлығын жек көру негізгі идеологияға айналды. Орыс тіліне қысым күшейді, орыс православ шіркеуі қуғындалды, ал енді тіпті оған тыйым салынып отыр.
Батыс елдері Украина басшылығын қаржылай, әскери және саяси қолдауды іске асырып, оны Ресеймен күрес құралына айналдырды. Біз оның барлығын көріп отырмыз, сол себепті де арнайы операция аясында Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырудамыз.
Mezgil.kz