Бүгінгі күннің басты саяси жаңалығы – «Орталық Азия + Германия» саммитінің Қазақстан астанасында өтуі. Ресей мен Украина арасындағы қанқасап соғыс басталғалы-бері Орталық Азия өңіріне саяси-экономикалық қызығушылықтың өскенін «ОА5+1» форматына жүгінуші елдердің қатарының еселеп көбейгенінін аңғарсақ жөн шығар.
(Суреттер Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Орталық Азия + Германия саммиті осымен екінші мәрте өтіп отыр. Алғашқысы былтыр Берлинде өткен.
АСТАНАҒА АҒЫЛҒАН АҚ ЖАҒАЛЫЛАР
Орталық Азия + Германия саммитіне кімдер келді? Кешелі-бері Астана әуежайына №1 бортар ағылып келіп жатыр. Әуелі Астанаға ат басын бұрған Германия канцлері Олаф Шольц болды.
Қазақ-Неміс саяси-экономикалық байланыстарын дамыту бойынша екіжақты кездесулер өткізді. Тіпті, Қазақстан-Германия бизнес форумы ұйымдастырылып, ұзын-ырғасы 23 құжатқа (келісімге) қол қойылды.
Онан соң, Қазақстанға Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтер келіп жетті.
ГЕРМАНИЯ ӘЛЕМДЕГІ ПОЗИЦИЯСЫН НЫҒАЙТУҒА ҰМТЫЛАДЫ
Сарапшылардың бікірінше, Германия әлемдік аренада өз позициясын нығайтуға ұмтылуда. Бұл келіссөздерге Шольц өзінің күн тәртібімен, Қазақстан өзінің күн тәртібімен келді. Қазіргі геосаяси турбуленттілік жағдайында екі жақтың қарым-қатынасына ерекше назар аударылады. Өйткені Шольц Ресейдің қатысуымен Украина бойынша бейбіт конференция өткізуді ұсынды. Бұған дейін ол Украина президенті Зеленскиймен де кездескен. Десе де, Германияның Орталық Азиямен өзара қарым-қатынасы экономикалық мәнге ие.
«ОА5 + 1» ФОРМАТЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ
Қазақстан ірі халықаралық форумдарды өткізу мен шет мемлекеттер көшбасшыларының ресми сапарларын біріктіру тәжірибесін табысты сынақтан өткізіп жатыр. Бұл инновациялық тәсіл елдің мультилатерализм қағидаттарын нығайтуға ұмтылысын көрсетеді. Өзара іс-қимылдың мұндай моделі Қазақстанға бір мезгілде нақты елдермен маңызды екіжақты мәселелерді талқылауға және өңірлік проблемаларды көпжақты форматта талқылау үшін алаң құруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Германия Орталық Азияға үлкен қызығушылық танытты және Қазақстан Германияның осы өңірдегі экономикалық-саяси байланыстарды нығайту жөніндегі стратегиясында орталық орын алады.
Сарапшылар пікірінше, «Орталық Азия + Германия» және «Орталық Азия + ЕО» форматтары жалпыеуропалық күн тәртібіндегі өңірлік бастамаларды ықпалдастыруға жағдай жасай отырып, бір-бірін толықтырады.
ГЕРМАНИЯНЫ ЭНЕРГИЯ РЕСУРСТАРЫ ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ
Сарапшылар қазіргі жағдайда Германияны энергия ресурстары қызықтыратынын айтады. «Солтүстік ағындағы» жарылыстардан кейін Германия энергетикалық дағдарысқа тап болып, неміс экономикасына соққы болған. Сондықтан да Германия газ жеткізуді әртараптандыруға ұмтылуда. Қазақстанның өзіне газ жетпесе де, Түркіменстанда Германия ала алатын қорлар бар.
Германия Еуропаның ірі экономикасы бола отырып, энергетикалық жеткізілімдерді әртараптандыру жолдарын іздейді және Орталық Азия өзінің кең ауқымды табиғи ресурстарымен бұл мәселеде сенімді серіктес бола алады. Германия тарапынан айтарлықтай қызығушылық тудыратын осындай жобалардың бірі «Орта дәліз» болып табылады. Бұл бағыт дәстүрлі көлік жолдарына тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді және Орталық Азиямен көлік байланыстарын нығайтуға көмектеседі. Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) Орталық Азиямен орнықты және өзара тиімді ынтымақтастықтың бір бөлігі бола ма - бұл уақыт мәселесі.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ГЕРМАНИЯНЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫ
Қазақстан мен Германия 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнатты, содан бері қарым-қатынас нығайды. 2023 жылы екі елдің өзара тауар айналымы 3,9 миллиард долларды құрады. Германия Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің ондығына кіреді. Қазақстан Германияға турбовинттік қозғалтқыштар, мұнай, көмір, никель және т.б. жөнелтеді.
Өз кезегінде Германия ауыл шаруашылығы техникасын, дәрі-дәрмектерді, медициналық жабдықтарды, шоколад пен жеңіл автокөліктерді жеткізеді. Екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары да серпінді дамып келеді. Өткен жылдың қыркүйегінде Тоқаев Берлинде Шольцпен кездесті.
Mezgil.kz