Сәтсіз сынақтар: Сергелдеңге салған "Сармат"

Ресейдің Архангельск облысы, «Плесецк» ғарыш айлағы маңындағы әскери полигонда «Сармат» ядролық зымыранының сынағы сәтсіз аяқталды. РС-28 зымыраны ұшыру шахтасында жарылып кеткен. Сарапшылар «Сармат» зымыранын сынақтан өткізу соңғы үш жылда кемі 4 мәрте сәтсіз болғанын жазуда.


Россия покажет ракету «Сармат» американским инспекторам — Ferra.ru

 

«Ресейдің «Сармат» стратегиялық зымыраны Техас штатымен бірдей аумақты жоюға қабілетті. «Сарматтың» әскери бөлімшелерге берілуі Ресей мен АҚШ арасындағы стратегиялық зымырандар бәсекелестігінде Ресейді алға шығарды. Зымыран қазіргі сәтте әлемде бар кез келген әуе қорғаныс жүйесінен өтіп, нақты соққы жасайды», - дейді ресейлік әскери сарапшылар. Алайда «Сарматтың» тиімділігі ұрыс жағдайында сыналған емес, ал сынақ барысында апатты жағдайлар жиі тіркелуде.

 

2018 жылы Ресей басшысы Владимир Путин Федералды кеңесте «Сарматты» таныстырып, аталмыш зымыран оңтүстік және солтүстік полюс арқылы шабуылдай алатынын айтты. Зымыран ядролық оқтұмсықты алып ұшатынын меңзеді.

 

2022 жылы, 20-сәуірде Ресей билігі «Сармат» зымыраны сынақтан сәтті өтті деп мәлімдеді. Сол жылы зымыранды жаппай өндіру басталды. 2023 жылдың 1-қыркүйегінде Роскосмостың бас директоры Юрий Борисов «Сарматтың» әскери бөлімшелерге беріле бастағанын айтты.  

 

2020 жылдың желтоқсанында Ресейдің қорғаныс министрі болған Сергей Шойгу «Сармат» зымыранын сынақтан өткізуге арналған арнайы ұшыру полигонын салатынын айтқан болатын. Алайда полигон салынған жоқ. Ол бойынша тексеріс жұмыстары жүргізілуде.

 

Сармат зымыранының сынағы сәтсіз болғаны жайлы алғаш болып OSINT-сарапшы, MeNMyRC1 лақап атымен белгілі зерттеуші жазды. Ол өзінің Х әлеуметтік желісінде «Плесецк» сынақ алаңында үлкен ойықтың пайда болғанын айтты.  Ол: «Бұл төртінші сәтсіз сынақ. Сарматтың алғашқы және әзірге соңғы сәтті сынағы 2022 жылы, 20-сәуірде болды», - дейді ол. Артынша спутниктік түсірілімдердің суреттері жарияланып, жарылыстың болғаны нақтыланды. Өрт деңгейіне мониторинг жасайтын FIRMS жүйесі де сынақ алаңы маңында өрт болғанын анықтады.

 

Ресей тарапы «Сармат» зымыраны «Воевода» зымыранын алмастыруы тиіс дейді. Ашық дереккөздерде Ресей әскерінде кемі модернизацияланған 40 дана «Воевода» зымыраны бары айтылады. Мамандар зымырандардың мерзімі 2004 жылы өтіп кеткенін айтты. Алайда Мәскеу зымыранды қолдану мерзімін 2016 жылға дейін ұзартқан болатын. Сарапшылар зымырандарды 35-40 мәрте сынақтан өткізіп, қауіпсіз екеніне көз жеткізбейінше, оны әскери бөлімшелерге беру және жаппай өндіріске шығару мүмкін емес дейді. Дей-тұра Ресей тарапы «Сармат» зымыранын санаулы мәрте ғана сынақтан өткізіп, сынақтың басым бөлігі сәтсіз аяқталғанына қарамастан қаруды жаппай өндіруге көшкенін айтумен келеді.


Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар