Венгрия: Ресей басып кіргенде, Украина қарсы тұрып қателік жасады. Біз соғыспас едік!

Венгрия билігі Украина мен Ресей соғысына қатысты пікір білдіріп, кезекті дауға себепкер болды. Премьер Виктор Орбанның бас көмекшісі Балаш Орбан Ресейдің басып кіруіне Украинаның қарсы тұруын қателік деп атады.


В Киев едет Орбан - The Guardian - Korrespondent.net

 

«Будапешт Киевтің орнында болса, басқа шешім қабылдар еді» дейді Балаш Орбан. Балаш Орбан Виктор Орбанның бас кеңесшісі саналады. Олардың тегі бірдей болғанымен, туыстық байланыстары жоқ.

 

«1956 жылғы оқиғадан сабақ алдық. Біз Украинаның орнында болсақ, екі жарым жыл бұрын Зеленский жасаған әрекетті жасамас едік. Өйткені бұл жауапкершілікке сай келмейді, ол өз елін қорғаныс ұрыстарына жұмылдырды. Салдарынан мыңдаған адам көз жұмды, кей аймақтарынан айырылды, қалалар қирады. Бұл олардың шешімі, ондай шешім қабылдауға әрине толық құқылы еді. Әр ел өз тағдырын шешуге құқылы, ал көшбасшылары қабылданған шешім үшін жауапкершілік алады. Алайда, егер бізден ақыл сұраса, біз бұл әрекетті жасауға кеңес бермес едік», - дейді ол.

 

Орбанның кеңесшісінің сөзі Украинада ғана емес, Венгрияның өз ішінде де қызу талқылануда. Оппозициялық күштер Виктор Орбан бастаған команда биліктен кетуі тиіс деп мәлімдеді.

 

Еуродепутат Петер Мадьяр: «Балаш Орбан өзінің осы бір сөздері арқылы Венгрия тәуелсіздігі үшін күрескен қаһармандарды қорлап отыр. Өз елінің азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен сол бір боздақтар, елі үшін жанын құрбан етті. Олардың Балаш Орбаннан айырмашылығы міне осында. Елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын қорғайтын, тиісті кеңес беретін тұлғалардың сиқы мынау болса, онда бұлар биліктен кетуі тиіс», - деп тіліп салды.

 

Демократиялық коалицияның көшбасшысы, бұрынғы премьер-министр Ференц Дюрчань Facebook әлеуметтік желісіне былай деп жазба қалдырды: «Орбан үкіметі Венгрияны орыстарға ұрыссыз бере салатынына еш күмәнім жоқ».

 

Балаш Орбанның сөзі Венгрияда дау болары анық еді. Себебі Венгрия үшін 1956 жылғы коммунистік режимге қарсы көтеріліс аса нәзік тақырыптардың бірі саналады. Коммунистік режимге қарсы көтерілгендер елден КСРО әскерін шығаруды талап етті. Мемлекетте демократиялық құндылықтар орнауын сұрады. Алайда көтеріліс аяусыз басылып, жаншылды. Салдарынан 3200 адам көз жұмып, 20 мыңнан астамы жараланды. Ондаған мың адам қудаланып, 200 мыңға жуық адам өзге елге босқын болды. Кеңестік әскердің шығыны 700 адамды құрады. Көтерілістен кейін коммунистік режим 400-ден астам адамды өлім жазасына кесті.

 

Балаш Орбан өз сөзіне түсініктеме беріп, 1956 жылғы көтеріліс құрбандарын қорламағанын, керісінше оларды қаһарман санайтынын айтты. «Мен бұл жайында тағы ойымды нақтылағым келеді. 1956 жылғы көтеріліс жасаған азаматтар – нағыз батырлар. Олар жайлы естеліктер біздің жадымызда мәңгі сақталады, бұл біз үшін қастерлі де қасиетті. Олар өте дұрыс әрекет етті», - деп ақталды.

 

Ол саяси сұрақта өте абай болу керектігін айтты. «Біз халықтың өміріне келгенде, әр адамның өміріне әсер ететін шешімге келгенде өте абай болуға тиіспіз. Басқалардың алдында олардың өмірін саудаға сала алмаймыз. Венгрияның Украина-Ресей соғысындағы позициясы анық, біз жүздеген мың адам қаза тапқан бұл соғыстан еш мән көріп тұрғанымыз жоқ», - дейді.  

 

Украина тарапы Балаш Орбанның сөзіне жауап қатып, «жеріңді тартып алып, халқыңды қыруға келген агрессорға қалай жауап қату керек» деген сауал жолдады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар