Төңкерістік көңіл-күй артуда: Куба халқы қара түнекке батты

18-қазанда Куба халқы жарықсыз қалды. Елдегі ең үлкен ЖЭО істен шығып, әлі күнге дейін миллиондаған адам жарықсыз, сусыз қалып отыр. Антонио Гутьеррес атындағы ЖЭО-ның жұмысының тоқтауы, мемлекетті толық блэкаут жағдайына түсіріп, ұзақ жылдық дағдарыстың күшейгенін тағы көрсетті. Жығылғанға жұдырық дегендей, "Оскар" теңіз дауылы Кубаның елді-мекендеріндегі жүздеген шақырым электр желілері мен мыңдаған бағаналарын да құлатып кетті. 


Куба осталась без света после выхода из строя крупной ТЭЦ

 

Кубадағы энергетикалық дағдарыстың жалғасып келе жатқанына міне бірнеше жылдың жүзі болды. Жанармай тапшылығы артуда, ЖЭО-лар күрделі жөндеуден өтпеген, сырттан жаңа технологияны кіргізу мүмкіндігі аз, ал электр энергиясы тапшылығын шешуге арналған бастамаларды іске асыруға қаражат жеткіліксіз болып тұр.

 

Ел президенті Мигель Диас-Канель өз сөздерінде энергетикалық дағдарысты еңсерудің басты мәселе екенін айтумен келеді. Соңғы блэкаутта мектептер мен ЖОО-лар өз жұмысын уақытша тоқтатты. Жарықсыз қалған мыңдаған адам наразылықтарын білдіріп, түрлі акциялар ұйымдастырды. Көшелерді жапты, ыдыс-аяқты көшелерге лақтырып, қоқыс жәшіктерін төңкеріп тастады. Бұл наразылықты ел билігі қатаң сынап, президентке дейін үндеу жасады.

 

«Мен революцияның мұндай бүлікшіл көңіл-күйді көтермейтінін ескерткім келеді. Заңды бұзғандардың барлығы дерлік қатаң жазаға тартылады», - дейді ел президенті.


Prensa Latina басылымының жазуынша дүйсенбі күні ел бойынша жарық беріле бастаған. Қазіргі таңда халықтың 70 пайызы электр жарығымен қамтамасыз етілді, ал 30 пайызға жуық халық әлі жарықсыз отыр. Блэкаутты еңсеру үшін тозығы жеткен 8 ЖЭО барынша жұмыс істеуде.

 

Электр жарығының ұдайы өшуі Кубаның экономикасына орасан соққы жасауда. 2023 жылы Куба экономикасы 1,9 пайызға құлдыраған, ал жоспар бойынша 2 пайыз өсім көрсетуі тиіс еді.

 

Ұдайы жарықтың өшуі мемлекеттегі саяси жүйеге деген халықтың наразылығын арттыруда. Билік энергетикалық дағдарыстың болуын «санкциялардың себебі» деу арқылы ақталумен келеді. Сарапшылар Куба билігі энергетикалық дағдарысты шешу мақсатында Ресей мен Венесуэладан бірнеше мәрте қаржы алса да, ақшаны ЖЭО-ларды күрделі жөндеуден өткізуге емес, жеке мақсаттарына пайдаланғанын айтуда.

 

Гавана Ресей мен Қытайдан энергетикалық дағдарысты реттеуде көмек қолын созуды сұраумен келеді. Дей-тұра Қытай да, Ресей де Кубада ауқымды жобаларды іске асырудан қашқақтауда.

 

Мемлекеттегі экономикалық дағдарыс салдарынан 2020 жылдан бері Кубада 5 мәрте мемлекеттік ауқымда және ондаған аймақтық наразылықтар өтті. Сарапшылар энергетикалық дағдарыстың ұзақ шешімін таппауы режимге деген наразылықты күшейтіп, төңкеріске әкелуі мүмкін деп болжауда.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар