Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 4-5 қарашада Францияға сапарлап бармақ. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
(Сурет invest.gov.kz сайтынан алынды)
ТОҚАЕВ ПЕН МАКРОН ТАҒЫ ЖОЛЫҚПАҚ: НЕ ТАЛҚЫЛАНАДЫ?
Ақорда таратқан ақпарға сүйенсек, бұл сапар барысында «сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту» дейтін мәселелер талқыланбақ. Сонымен қатар, Қазақстан президенті француз іскер топтарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізетіні айтылған.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ «БЕЙТАРАПТЫҚТЫ» ҰПАЙҒА АЙНАЛДЫРА АЛА МА?
Жалпы Еуропалық дипломатия – ЕО елдері Ресейге қарсы қап-қап санкцияларды дөгелеткенен бері Орталық Азия елдерімен байланысты күшейтті.
Ал Орталық Азия елдері көпжақты саяси байланыстар қағидатын берік ұстанып, бейтараптық позициядан ұпай жинауға ынталы екендігін көрсетті. Олай дейтініміз – ОА елдері Ресейге қарсы санкцияларға қосылған жоқ. Сөйте тұра, Батыстың саясатын да қолдайтындықтарын білдірді.
Жалпы Орталық Азия өңірі – ЕО қол жеткізуге тырысып жатқан табиғи қазбаларға бай. Оның үстіне Қазақстан салуға ниеттеніп отырған АЭС құрылысына Франция да араласуға ресми ұсыныс білдірген.
Сондықтан, Қазақстан президентінің осы жолғы Францияға сапары талқылауға қызықты тақырыптар папкасынан тұрады десек жаңылмаймыз...
Қазақстан президенті Тоқаев пен Франция президенті Макрон осыған дейін де екіжақты жолығулар өткізген. Макрон Астанаға сапарлап келгені, онда не талқыланғаны жайлы жазғанбыз.
ТОҚАЕВ ПЕН МАКРОН ЖОЛЫҒУЛАРЫНА ШОЛУ: ҮШІНШІ КЕЗДЕСУДЕН НЕ КҮТЕМІЗ?
Қазақстан президенті 2022 жылдың қарашасында Францияға сапарлап барған еді. Президент Тоқаев Елисей сарайында ресми қабылдауда болды. Франция билігінің һәм бизнесінің лауазымды тұлғаларымен жолықты.
Ақорданың айтуынша, Франция 2005 жылдан бастап Қазақстан экономикасына ірі инвестор елдердің бестігіне кіреді. Францияның Орталық Азиямен саудасының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Елдер энергетика, тау-кен өндіру және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, аэроғарыш саласы, машина жасау, денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібі салаларында тиімді жобаларды бірлесіп іске асыруда.
Қазақстанда 170-тен астам француз компаниялары мен бірлескен кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың арасында қазақстандық экономиканың жетекші инвесторлары болып табылатын «Total Energie»s, «Air Liquide», «Airbus», «Alstom», «Orano» және «Danone» сияқты компаниялар бар.
Қазақстан мен Франция сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бойынша 2030 жылға дейінгі жол картасын бекіткен.
Ал 2023 жылы Франция президенті Макрон Қазақстанға сапарлап келді. Іс жүзінде Макронның Астанаға келуін Токаевтың 2022 жылғы Парижге жасаған сапарына жауап ретінде бағалауға болады.
Бұл келісте екі ел стратегиялық минералдар бойынша ынтымақтастық жөніндегі декларацияға қол қойды. «Boehringer Ingelheim», «Total Energies», «Alstom» компанияларымен уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Сол кездесуде президент Тоқаев: «Қазақстан Францияға мұнай экспортын арттыруға дайын», - деді. Сонымен қатар, уран өндірісіне қатысты да екіжақты талқылаулар өткізді.
Макронның Қазақстанға жасаған сапарында жабық есік жағдайында АЭС құрылысына қатысты мәселелер талқы болғаны айтылады.
Биыл президент Тоқаев пен президент Макрон үшінші кезек жолықпақ. Бұл сапардан не күтілмекші?
ЕУРОПА ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА НЕГЕ ҚЫЗЫҚТЫ?
Франция Қазақстанмен кооперацияға қызығушылық танытты. Мысалы, 2021 жылы Астана мен Париж 2030 жылға дейінгі экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың бірлескен жол картасын бекітті. Бұдан басқа, Макрон үшін атом энергетикасын дамыту маңызды. Неге?
Біріншіден, Еурокомиссия атомды төмен көміртекті энергия көздеріне жатқызғаны тұрғысынан маңызды.
Екіншіден, уран нарығы әлдеқайда тұрақты және болжамды, бұл өткен жылдың көктемінен бері әлемдегі мұнай және газ нарықтарындағы құбылмалылықты ескере отырып, еуропалық елдер үшін ерекше маңызды.
Әрине, Макрон бастап, Щольц қоштап, Еуропа елдерінің ОА-ға қызығушылықты күрт арттыруында геосаяси күрестің элементтері де баршылық.
Бірақ әзірге Еуропа Орталық Азия кеңістігінде өзінің экономикалық қатысуы бойынша да қауіпсіздік пен ішкі саяси процестерге байланысты да екінші-үшінші қатарда саналады. ЕО Орталық Азияда Ресейден де, Қытайдан да, АҚШ-тан да, тіпті, Түркиядан да артта қалып отыр.
Mezgil.kz