АҚШ-тағы президенттік сайлауда Дональд Трамп жеңіске жетті. Трамптың жеңісі әлемдік биржаларға да әсер етуде дейді сарапшылар. Қаржыгерлер Трамптың жеңісінен кейін Мәскеу биржасындағы өсімді байқаған.
(Сурет РБК сайтынан алынды)
Ресейлік акциялардың биржада қарқынды өсуі байқалады. Мәскеу биржасындағы 49 ірі компанияның акциясы орта есеппен бірден 4,1%-ға көтерілген. Бұл бір жыл ішіндегі рекорд саналады.
Сбербанктың акциялары 3,4%, «Газпром» акциялары 5,1%, «Новатэк» акциялары 4,2%-ға өскен. ВТБ, НЛМК, «Сургутнефтегаз», «Лукойл», «Транснефт», «Совкомфлоттың» құнды қағаздары орта есеппен 2%-дан жоғары көтерілген. Ал санкциядан есеңгіреп, құлдырай бастаған «Аэрофлоттың» акциялары бірден 5,5%-ға өскен.
Binance криптовалюта биржасында биткоин құны да шарықтап, тарихи рекорд орнатты. Бір биткоин құны 74,352 долларға жеткен. Сарапшылар бұл өсімді АҚШ-тағы сайлаумен тікелей байланыстырады.
Дональд Трамп арнайы сайлаушылардың тиісті 270 дауысын жинады. Харристен 5 млнға жуық дауысты артық алды. Өзінің сөзінде Трамп сайлаушыларға алғыс білдіріп, «Американы Ұлы ететінін» айтты. Трамп сайлау алдындағы сөздерінде бірнеше мәрте Қытай мен ЕО тауарларына баж салығын көтеретінін айтты. Сарапшылар Трамптың саясаты әлі талай акцияны көтеріп, түсіретінін болжауда.
«Алор Брокер» компаниясының сарапшысы, қаржыгер Алексей Антоновтың пікірінше Трамптың саясаты Ресей экономикасы оң әсер етуі екіталай. Сарапшы Трамптың Қытаймен сауда соғысын қайта бастауы мүмкін екенін айтуда. Ал қазіргі уақытта Мәскеу биржасындағы акциялардың өсімін уақытша құбылыс дейді.
«Қытаймен сауда соғысы басталса, Қытайдың экономикасы құлдырап, өндірістік қабілеті төмендейді. Сәйкесінше Қытай түрлі шикізат сатып алуды азайтады. Ал Ресей Қытайға шикізат жеткізуші басты мемлекет саналады. Сол себепті де бұл Ресейге тиімді бола қоймас», - дейді Антонов.
Saxo Bank өкілі, сарапшы Уле Хансеннің ойынша Трамп шикізаттың бағасын түсіруі ықтимал. Сарапшы Трамптың Қытаймен сауда соғысын қайта бастайтынына сенім білдіруде. Ол үшін Трамп түрлі металлдың бағасын құлдыратып, темір, мыс, жез, қалайы өндіретін елдерге кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл Ресей экономикасына ауыр соққы болады дейді Хансен.
Mezgil.kz