Ресейдің қорқатыны – Батыстың атом қаруы емес, «Түркі бірлігі» дейтін «бомба»

Қазақта: «Орыспен дос болсаң, айбалтаң қасыңда болсын», - деген қанатты сөз бар. Бұл материалды дәл осы сөзден бастауымыздың жөні бар. Қараңыз:

1731056760267348.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: rbc.ru, gazeta.uz, ria.ru, azertag.az, википедия сайттарынан алынды)

Ресей билігі әл-әзірден Түркі бірлігімен күресуге кірісіп кетті. Анығы бұл күрестің басталғаны кеше-бүгін емес. 2014 жылы жазылған Лорс Бердовтің «Пантүркизмнің амбициялары» атты мақала бар. Пост-кеңестік кеңістіктегі, соның ішінде Орталық Азия елдеріндегі Ресей мен Түркияның ерегес-таласы туралы жазылған бұл мақаланы Mezgil.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн санадық...

ТҮРКИЯНЫҢ АҚПАРАТТЫҚ СОҒЫСЫ: ПАНТЮРКИЗМ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

«Түркияның сыртқы саяси бағытының басты жобасы – елдің басқарушы топтары өздерінің империялық амбицияларын іске асыру құралы ретінде пост-кеңестік кеңістікте әскери-саяси және экономикалық әсер ету вакуумын қалыптастыру үшін пайдаланатын пантюркизм тұжырымдамасы болып табылады.

Пантүркизм – этникалық, мәдени және тілдік ортақтыққа сүйене отырып, оларды саяси топтастыру қажеттілігі туралы идеяларға негізделген түркі халықтарының мемлекеттерінде таралған мәдени және саяси ағым.

Бір қарағанда 100 жылдан астам тарихы бар жақсы тұжырымдама. Түрік элиталары «жалпыға ортақ түркі әлемінің» әлеуетін бірден көре алмады, бірақ содан кейін теорияны тез арада қаруландырып, оны өз міндеттерін жүзеге асыруға ыңғайлы құралға айналдырды», - деп жазылған мақалада.

КӨБЕЙГЕН ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ

Түркия НАТО-ға кіргеннен кейін (1952 жыл) пантүркизм идеясы КСРО-ға қарсы идеологиялық күрестің құралы ретінде, одан Орталық Азия елдері мен Әзербайжанды Ресейден алыстату мақсатында өзектілікке ие болды.

Ал 1991 жылы Кеңес Одағының ыдырауы пантүрк қозғалысын қалпына келтіруге жақсы жағдай жасады. (Түркия енді жалғыз түркі мемлекеті болған жоқ, тәуелсіз - Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қазақстан және Қырғызстан пайда болды.)

РЕСЕЙДЕ БАР КӨП ТҮРКІ – ЖАРЫЛМАҒАН БОМБА!

Сол жылы Ресей құрамындағы Татарстанның Қазан қаласында пантүркизм тарихында маңызды кезеңге айналған – «Түркі халықтары ассамблеясы» құрылды.

Айта кетейік, Ресей аумағында түркітілдес халықтар көп. Бұрыннан-бері Ресейдің бір бөлігі болып келе жатқан – Алтай, Башқұртстан, Саха-Якутия Республикасы, Татарстан, Тыва және Хакасия мен КСРО құрсауынан құтылған Орталық Азия мемлекеттері бар. Олар үшін Түркия – географиялық жағынан алыстағы аймақ.

«Ресейдің ыдырауы жөніндегі күш-жігердің пайдасыздығын түсіне отырып, Түркия ТМД елдеріне назар аударды. Міндет – пост-кеңестік кеңістікті басып, оны Ресейден алыстату, ОА-ны Ресейге қарсы пайдалану», - деп жазылған аталмыш мақалада.

Шын мәнінде Ресей құрамындағы түркі халықтары Ресей үшін жарылмаған бомба саналады.

ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫ ДА ТҮРІК САЯСАТЫНЫҢ ОРБИТАСЫНА КІРЕДІ

«2014 жылы Анкара Украинамен жақындасып, Қырым Татарларының бір бөлігі оның негізіне айналды. Түріктер мәдени-білім беру жобаларын іске қосты, Қырым Татарларының мәдениет және өзара көмек қорын, Қырымды дамыту қорын және Ресейде тыйым салынған «Қырым-Татар халқының Меджлисін» құрды. Киев пен Анкара «жарты аралды оккупациядан босату» бойынша бірлескен іс-қимыл жасауға келісті. Ердоған Зеленскийдің «Қырым платформасын» қолдады.

Ресей аумағындағы ақпараттық кеңістікте де Анкара табысты жұмыстар жүргізуде. Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздерде делдал мәртебесін жариялай отырып, сонымен бірге Әуе қорғанысы күштері төңірегінде жағымсыз ақпараттық фон қалыптастыруға, еліміздің түркітілдес ортасында ұлтшылдық және сепаратистік көңіл-күйлерді ынталандыруға жағдай жасауда», - деп жазады мақала авторы Лорс Бердов.

Мақала авторы Ресей ақпараттық кеңістігінде еркін ақпарат таратып отырған БАҚ-тарға тоқталып, Түркияның жетекші «TRT World» ақпараттық агенттігін тілге тиек етеді.

«Түркияның «TRT World» ақпараттық агенттігі танымал ресейлік әлеуметтік желілер («ВКонтакте», «Одноклассники», «Телеграм») арқылы Ресейдің түркітілдес халықтарын «әділетсіз пайдалану» тақырыбын қозғайтын контенттерді түркі тілдес халқы бар өңірлерде таратуда. Ресей құрамындағы түркітілдес халықтарға Ресейдің қарулы қақтығыстарына қатысудан баст артуға үндейтін материалдар жариялауда», - деп жазады автор.

Әлбетті бұл – Ресей позициясын қолдау тұрғысынан жазылған мақала. Алайда, бұл мақаладан Түркияның Ресейдегі түркі халықтары мен Орталық Азия мемлекеттеріне бағытталған саяси қадамын байқауға болады. Орталық Азияда Ресеймен ерегеске түскен Түркияның күш алып келе жатқанын, Ресей құрамындағы түркі халықтарына ықпал ете бастауын айтып, дабыл қаққан мақаланың жалпы мазмұны осы.

РЕСЕЙДІҢ СОҒЫСҚҰМАРЛЫҒЫ – ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ ЖАҢА СЕРІКТЕС ІЗДЕУГЕ МӘЖБҮРЛЕЙДІ

Біз осыған дейін де Украинаға соғыс ашып, әлемдік өркениетті қауымдастықтың қатаң айыптауына тап келген Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалының әлсірей бастағаны туралы жаздық.

Сөзсіз, Ресей билігінің соғысқұмарлығы һәм осы бағытта жүргізіп келе жатқан саясаты – Орталық Азия мемлекеттерін өзіне жаңа серіктестер іздеуге итермелейді. Ал бұл кеңістік бос тұрмасы және белгілі.

Соңғы жылдары белсенді қолданыла бастаған ОА5+1 форматына қызығушылықтың артуы – сөзіміздің дәлелі.

ТМҰ САММИТІ: БАСТЫ МАҚСАТ – ТҮРКІ ӘЛЕМІН НЫҒАЙТУ!

Күні кеше ғана Қырғызстанда Түркі мемлекеттері ұйымының 11-ші саммиті өтті. Бұл басқосудың тақырыбы: «Түркі әлемін нығайту: экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және барлығы үшін қауіпсіздік» деп аталды.

Саммит қорытындысы бойынша:

* «Бішкек декларациясы, «Түркі жасыл көзқарасы: тұрақты болашаққа бірлік»,

* «Түркі әлемінің Жарғысы және Түркі мемлекеттері ұйымының туы» қабылданды.

* ТМҰ-ның азаматтық қорғау механизмін құру туралы;

* Цифрлық экономика саласындағы серіктестік туралы;

* Жасыл қаржы жөніндегі Түркі кеңесін құру туралы;

* Түркі орталық банктер кеңесін құруға;

* Жерді бақылауға арналған ТМҰ технологиялық спутнигін құру туралы;

* ТМҰ-ның Үлкен түркі тілдік моделін әзірлеу бойынша меморандумдарға қол қойылды.

ТМҰ САММИТІ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ КӨЗДЕГЕН МҮДДЕСІ НЕ?

Қазақстанның ТМҰ саммитіндегі бағыты — Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлін нығайту және көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастыру. Қазақстан, өз тарихи және мәдени ерекшеліктерін ескере отырып, ТМҰ аясында әртүрлі мәселелер бойынша бірігуге ұмтылуда. Елдің басты мақсаты — Түркі мемлекеттерінің экономикалық интеграциясын тереңдету, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және энергия саласында ынтымақтастықты арттыру.

Қазақстан ТМҰ ішінде өз ықпалын сақтап, халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша белсенді рөл атқаруға тырысады. Ел экономикасында ерекше орын алатын ауыл шаруашылығы мен энергетика саласында түркі елдерімен ынтымақтастықты арттыру маңызды болып табылады. Қазақстан сондай-ақ ТМҰ-ның кең ауқымды геосаяси мәселелерге қатысты бірегей ортақ көзқарас қалыптастыруы үшін жағдай жасауға тырысады. Әсіресе Қазақстанның аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мен стратегиялық сауда жолдарын дамытуға баса назар аударатыны байқалады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар