Қазіргі басты сұрақ: Трамптың Украинадағы үш жылға жуық жалғасып келе жатқан қарулы қақтығысты, қанқасап соғысты тоқтату жоспары қаншалықты шынайы?
Егер АҚШ ұсынған мәміле Украина аумағының бір бөлігін Ресейге беруді көздейтін болса, оған Киев пен Украина халқы көне ме?
Трамптың инаугурациясына, президенттік қызметіне кірісуіне дейін 2 айдан асатын уақыт қалды. Сарапшылар сөзінше: Сайланған президент Трамп Ресей президенті Путинмен Украина бойынша келіссөздер жүргізе алады. Оған мүмкіндігі жоқ емес.
Дегенмен, бұл келіссөздердің қалай өрбитіні - Трамптың сыртқы саясат бойынша командасынаның, атап айтқанда: АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысының, Ақ үй жанындағы Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің құрамына кіретін тұлғалардың және Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшінің кімдер болуына байланысты.
Қазірге белгілісі: АҚШ-тың Мемлекеттік хатшы лауазымына негізгі үміткерлер ретінде сенаторлар Билл Хагерти мен Марко Рубио қарастырылуда. Соңғы күндері бұл тізімге Ұлттық барлау қызметінің бұрынғы директоры Ричард Гренеллдің есімі қосылды. Бірақ республикалық топтардың пікірінше, Хагерти мен Рубионың мүмкіндіктері көп.
(Сурет: lrt.lt)
Марко Рубио кім?
Рубио – Ресейге қарсы қатаң санкциялардың жақтаушы. Трамптың бірінші әкімшілігі кезінде, Ресей Украинаға қарсы соғыс бастамай тұрып, осы Рубио қатаң антироссиялық санкциялар енгізуді айтқан.
2022 жылдың ақпанында Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, ол алғашқылардың бірі болып Украинаға әскери көмек көрсетуді қолдады. Алайда соғыстың ұзаққа созылуы және Украинаға едәуір көлемде көмек бөлу қажеттігі оның ұстанымын өзгертті.
Осы жылдың наурыз айында Рубио Киевке 61 миллиард долларлық көмек пакетін бөлуге қарсы дауыс берген 15 сенатордың бірі болды.
Сонымен қатар, Рубио Украинаның бұл соғыста жеңіліске ұшырауына мүлдем қарсы. «Мен Ресей жағында емеспін. Бірақ, Украинадағы соғыс келіссөздер арқылы аяқталады. Мен де, менің ойымша, Доналд Трамп та Украинаның осы келіссөздерге көбірек ықпал етуін қалаймыз», - деген бір сұхбатында.
Сенатор бұл келіссөздердің нәтижесінде Украинаға өз аумақтарының бір бөлігінен бас тартуға тура келетінін жоққа шығармады. Сонымен қатар, Ресей де Украинаға қатысты өз мақсаттарына жете алмайды.
«Менің білетінім мынау: Ресей Украинаны, бүкіл Украинаны немесе Украинаның жартысын ешқашан басып алмайды. Ал Ресей президенті Владимир Путиннің әуел бастанғы ойы Украинаны екіге бөліп алу болатын. Киевті қоса алғанда, Украинаның жартысына бақылау жасағысы келді. Бірақ бұлай болмайды», - деген еді Рубио.
АҚШ-тың болашақ Мемлекеттік хатшысы: «Украина мен Ресейдің шынайы мүмкіндіктері мен әлеуетін басшылыққа алу маңызды», - деп санайды.
Ол: «Бір шындық бар. Украина жер көлемі мен мүмкіндіктері, ресурстарды жұмылдыру және адам тарту жағынан Ресейден кем. Бұл мен ойлап тапқан шындық емес», - дейді Рубио.
Марко Рубионың айтуынша, Путин Украинаның Беларусь сияқты «шын мәнінде сателлит» болуын қалайды. Оның алдын алу үшін Украина бейтараптыққа ұмтылуға мәжбүр.
(Сурет: dzen.ru)
Ал Билл Хагерти кім?
Билл Хагерти – Ресей мен Украинаны келіссөздер үстеліне отырғызғысы келеді. Ол АҚШ-тың Теннесси штатынан сайланған сенатор.
65 жастағы Билл Хагерти Украинаны қаржылық қолдаудың басты сыншыларының бірі. Ол бір сұхбатында: «Америка халқы басқа елдің егемендігін қорғау үшін ел қаражаты мен ресурстарын жұмсауды емес, Американың егемендігін қорғауды қалайды», - деп сөйлеген.
Хагерти 2020 жылы Сенатқа сайланғанға дейін, Трамптың Жапониядағы елшісі болған.
Рубио да, Хагерти де Қытайға қатысты қатаң ұстанымдардың жақтаушылары болып саналады. Атап айтқанда: Хагерти байланыс және электроника саласындағы қытайлық компанияларға қарсы санкцияларды қолдайды және Бейжіңді «Құрама Штаттар мен басқа әлем үшін қауіп» деп атайды.
Хагерти: АҚШ-тың ішкі мәселелерін шешуге керекті қаражат басқа елдерге жұмсалып жатыр деп есептейді.
«Ойланыңызшы, біз Украинаға көмек ретінде 175 миллиард доллар жібердік. Бұл АҚШ теңіз жаяу әскерлері корпусының жылдық бюджетінен үш есе артық. Мен Құрама Штаттар Сенатында Украинаға осы көмектің әр центіне дауыс беріп, қарсы болған санаулы сенаторлардың бірі болдым. Мен Америка халқын тыңдадым. Алдымен өзіміздің проблемаларымызға назар аударуымыз керек. Мен осыған байланысты көп сынға ұшырадым, бірақ аАмерика халқы осыны қалайды. Біз ешқашан Украинада болмауға тиіспіз!», - деп сөйлеген.
(Сурет: vedomosti.ru)
Ричард Гренелл кім?
АҚШ Мемлекеттік хатшысының лауазымына үшінші әлеуетті кандидат – 58 жастағы Ричард Гренеллге келсек, Ол Ұлттық барлау директорының міндетін атқарушы болған. Кейін АҚШ-тың Германиядағы елшісі болды. Оны да жаңадан «Трамптың жақын одақтасы» деп санайды.
Гренелл АҚШ Президентінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі лауазымы үшін күресте фаворит болып саналады.
Түйін: Осылайша, Трамптың сыртқы саясат жөніндегі командасындағы жетекші лауазымдарға үміткерлердің барлығы Украина аумағының бір бөлігін Ресейге беру арқылы соғысты тоқтатуды қолдайды. Осыдан Доналд Трамптың әкімшілігі Киевке ықпал етіп, Украинаға әскери және қаржылық көмекті қысқартып, аумақтық құрбандыққа мәжбүрлейді деген қорытынды шығаруға болады.
Бұл ретте басты сұрақ – Украина бұл ұсынысқа көне ме? Ресейді Украинаның бір бөлігі қанағаттандыра ма? Және Владимир Путин Доналд Трамп үміттеніп отырған АҚШ-пен мәмілеге келе ме?
Mezgil.kz