Кимнің күні туды: Бөшке-бөшке мұнай, қап-қап бидай

Ресей мен Украина соғысынан Пхеньян барынша пайда табуға тырысуда. Санкция салдарынан Солтүстік Корея ұзақ уақыт бойы түрлі технологияға қол жеткізе алмай келді. Алайда Ресей билігі Ким Чен Ынға әскери технология, азық-түлік, ғарыштық технология, мұнай, дәрі-дәрмек беруде. Open Source Centre орталығы арнайы зерттеу жүргізіп, Ресейдің наурыз айынан бері Солтүстік Кореяға 1 млн баррель мұнай жеткізгенін анықтады.


Ким Чен Ын заявил Путину, что Россия победит в «священной войне» за мир —  РБК

 

Сараптамада Солтүстік Кореяның танкерлері Ресейдің Қиыр Шығысындағы мұнай терминалдарына сегіз айдың ішінде 43 рейс жасағаны жазылған. Ал спутниктік түсірілімдерде танкерлердің Ресейге бос барып, жүк тиеп қайтқаны байқалады.

 

Open Source Centre 2024 жылдың 7-наурызында Солтүстік Кореяның Ресейден мұнай тиеп қайтқаны жайлы ақпаратты тіркеді. Ал соңғы танкердің 2024 жылдың 5-қарашасында ресейлік мұнаймен Солтүстік Кореяның су айлағына кіргені анықталған. Open Source Centre орталығы Солтүстік Кореяның Ресейге қару-жарақ жеткізу жолдарын да бақылап келеді.

 

Open Source Centre орталығының сарапшысы Джо Берннің пікірінше Солтүстік Корея бұрын-соңды қазіргідей мұнай қорына ие болған емес. «Санкциялық қыспақта отырған Пхеньян үшін бұл нағыз қазына» дейді ол. Солтүстік Кореяға санкция бойынша жылына 500 мың баррельден артық мұнай алуға тыйым салынған. Алайда сегіз айдың ішінде Солтүстік Корея ол межені екі еселеп, 1 млн баррель мұнай алып үлгеруі мүмкін. Ресей үшін 1 млн баррель мұнайды Пхеньянға беру қиынға соқпайды. Себебі Мәскеу күніне бірнеше млн баррель мұнай өндіреді. Сарапшылар Ким Чен Ынның мұнайды елдің экономикалық қажеттілігін қамтамасыз ететін зауыттарға емес, әскери кешендерге жұмсайтынын айтуда. 

 

БАҚ өкілдері Солтүстік Кореяның Ресейге 5-8 млн дана снаряд жеткізгенін айтты. Ендігі таңда Пхеньян Ресейге зымыран ату құрылғыларын, артиллериялық қондырғыларды да жеткізуде. Солтүстік Кореяның 11 мыңнан астам сарбазы Ресейдің Курск облысына топтастырылды. Мамандар Ресейдің Украинамен соғысы ұзаққа созылған сайын, Солтүстік Кореяның экономикалық пайдасы артатытын айтуда. «Қазіргі таңда Солтүстік Корея Ресейден мұнайды ұдайы алу туралы келісім жасауға талпынуда, алайды Мәскеу келісім жасасуға асығар емес. Cебебі Мәскеу Солтүстік Кореямен байланыстың жоғары болуы соғысқа байланысты деп ойлайды. Соғыс тоқтаса, байланыс та азаймақ. Ал Пхеньян ұзақ мерзімді келісімге мүдделі», - дейді сарапшы Джо Берн. 

 

WSJ басылымы Украинаның Курск облысына жасаған зымыран соққысынан кейін Солтүстік Кореяның жоғары шенді офицері жараланғанын жазды. Ақпаратқа қатысты Ресей немесе Солтүстік Корея билігі ресми пікір білдірмеді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар