27-28 қараша күндері Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға сапарлап келеді. Екі ел арасында келіссөздер өтіп, сауда-саттық, экономика, мәдениет, халықаралық жағдайды талқылау іске асады. Сапар алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресейлік «Известия» газетінде «Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі» атты мақаласы жарияланды. Ресей президенті Владимир Путин өз кезегінде «Казахстанская правда» басылымына «Ресей – Қазақстан: өмір талап еткен және болашаққа бет бұрған одақтастық» атты мақаласы жарияланды.
(Суреттер: akorda.kz және kt.kz)
Екі ел басшыларының мақаласында не айтылған? Қысқаша тоқталайық.
Қазақстан президенті Ресейдің Қазақстан экономикасы үшін маңызды рөл ойнайтынын атап өткен. Қазақстанда ресейлік 23 мыңнан астам компанияның бар екені, Ресейдің Қазақстан экономикасында маңызды саналатын құны 18 млрд доллардан астам 90-ға жуық жобаны іске қосқанын жазды. 2023 жылы Ресей компаниялары Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция салды дейді президент.
Қазіргі сәтте Ресей тарапы Қазақстанның үш қаласында 3 жылу орталығын салуды іске асырып жатқаны да мақала ішінде айтылған.
Мәдени байланыстар жайлы да сөз қозғалды. Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өткені, ондағы ең негізгі оқиға ретінде «Абай» операсының Үлкен театрда қойылғанын атап өтіпті. Ресейдің басты мұражайлары – Третьяков галереясында және Эрмитажда Қазақстанның көрмесі ашылаған еді. Мақалада сол жайлы да ақпарат қамтыла кетті.
Екі елдің арасындағы білім мен ғылым байланысы жайлы да мақалада айтылды. Қазақстанда 3500-ге жуық мектепте орыс тілінде білім беру қамтылғаны айтылған. Бұл аралас мектептерді қоса алғандағы статистика болып саналады. Қазіргі сәтте Қазақстанның 60 мыңға жуық студенті Ресейде білім алуда. Бұл туралы Қазақстан президенті де, Ресей президенті де өзінің мақаласында айта кеткен.
Ұлы Отан соғысының аяқталуына 80 жыл толуына байланысты алдағы жылы Жеңіс Күнін атап өтудің маңызды екені президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да, Ресей басшысы Владимир Путиннің де мақаласында жазылып, оның идеологиялық маңызды екені айтылыпты.
Ресей президенті Владимир Путин өз мақаласында Қазақстан мұнайының 80 пайызы Қара теңіздегі ресейлік порттар арқылы Еуропаға тасымалданып жатқанын жазыпты. Ол «Солтүстік-Оңтүстік» транспорттық дәлізі жайлы жазып, «Байқоңыр» ғарыш айлағы туралы сөз қозғаған.
Қазақстан мен Ресейдің арасында Өңіраралық ынтымақтастықтың ХХ форумы өтеді. Екі ел президенті форумға қатысады деп күтілуде.
ПРЕЗИДЕНТ ПУТИННІҢ МАҚАЛАСЫ: «Россия – Казахстан: союз, востребованный жизнью и обращенный в будущее» деп аталады.
Путин өз мақаласында: «Біздің серіктестігіміз достық, тату көршілік және өзара көмек дәстүрлеріне сүйенеді, теңдік пен бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеудің мызғымас қағидаттарына негізделеді. Ресей мен Қазақстан халқын мәдени, рухани және адамгершілік құндылықтар, біртұтас мемлекеттегі өмірдің ғасырлық тарихы, бірлескен жетістіктер мен жеңістер байланыстырады», - деп жазды.
Путин Тоқаевты 9 мамырда Мәскеуде өтетін шараға шақырды.
«Ресей де, Қазақстан да нацизмге қарсы иық тіресе күрескен әкелері мен аталарының ерлігін еске алып, қасиетті түрде құрметтейді. Ал біз, әрине, болашақ ұрпақ бейбітшілік пен бостандық қандай бағамен қорғалғанын есте сақтауы үшін барлығын істеуіміз керек. Бұл, әсіресе, тең құқықты ынтымақтастыққа негізделетін және егеменді дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашатын көпполярлы әлемдік тәртіп қалыптасып жатқан уақытта ерекше маңызға ие», - деп жазды Путин.
ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВТЫҢ МАҚАЛАСЫ: «Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі», деп аталды.
Мақалада: «Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы – берік әрі мызғымас достықтың шынайы көрінісі. Екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы тығыз астасып жатқан тарихи және мәдени байланыстарға, сондай-ақ, қос халықтың болашағына қатысты ортақ жауапкершілікке негізделген. Бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, біздің елдеріміз тату көршілік пен сан салалы ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп келеді. Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика саласындағы ықпалдастығы тұрақты түрде дамып келеді. Бұған екі елдің үкіметтері мен бизнес өкілдерінің күш-жігерін жұмылдырғанының арқасында қол жеткіздік», - дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысының мақаласы жоғары деңгейдегі сапарлар қарсаңында «халықаралық сыпайылық» қағидатына негізделген символдық және тиімді коммуникация құралы болып табылады.
Mezgil.kz