Грузия билігі Еуроинтеграция бағытындағы келіссөздерді 2028 жылға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған соң, Тбилиси жұртынан тыныштық кетті. Оппозиция бас болып, Грузия президенті Саломе Зурабишвили қостап, халық алаңдарға шығып жатыр. Күн сайын митингке шығушылардың саны көбейген үстіне көбейіп жатқаны да факт.
(Суреттер: bbc.com сайтынан алынды)
Қазірге дейін жүздеген мың адам Грузия билігіндегі дара басымдыққа ие «Грузин арманы» партиясының шешіміне наразылық білдіруде. Грузия күштік құрылымдары бейбіт митингке шыққандарды су, көз жасаурататын газдар шашып, күшпен таратуға тырысқанымен әзірге нәтижелі емес. Күштік құрылымдар жүздеген адамды тұтқындағаны да белгілі болды. Грузия билігінің бұл ұрда-жық саясаты керісінше наразылыққа шығушыларды көбейтуде.
ГРУЗИЯ ЕУРОПАҒА ҚОШ АЙТЫП, РЕСЕЙГЕ БҰРЫЛДЫ МА?
Тбилисидің Еуропадан кері бұрылуының себептері не? Еуропалық интеграция идеясынан бас тартқан Грузия қандай бағытқа бұрылуда? Бұл Грузия Ресей жағына бұрылды дегенді білдіре ме?
Саясатшылардың пікірінше, Грузияның бұндай шешім қабылдауына бірнеше себеп бар. Соның бірі – Тбилиси Ресейлік агрессияның алдын алуды көздейді. «Егер Тбилиси Ресейдің Украинадағы соғысына қарсы тұра отырып, Мәскеуге жоспарлы түрде қиындықтар келтіре бастаса, онда сөзсіз кері жауап алады. Ал дәл қазір Тбилисидің мәскеумен конфронтацияға түсер қауқары жоқ», - дейді саясаткерлер. Былайша айтқанда, Грузия екінші майданнан қорқады. Әрі қарай: «Тбилиси өз ықпалынан шығарып алған Абхазия мен Цхинвали анклавымен қайта ықпалдасу Мәскеу арқылы жүзеге асады» деп есептейді.
ГРУЗИЯ ҚЫТАЙДЫ ТАҢДАЙ МА?
Саясаткерлердің бірсыпырасы: «Грузияның таңдауы – Еуропа да емес, Ресей де емес, Қытай болуы мүмкін», - дейді. Қазір белгілі бір мағынада бүкіл Еуразия Қытайдың құшағында тұр. Әңгіме Қытай ықпалы басым ШЫҰ және БРИКС сияқты ұйымдар туралы болып отыр.
Саясаттанушылар Еуроинтеграциядан бас тартқан Грузияның жолы – Қытайға қарай бұрылуы мүмкін екенін сөз етеді. Оның үстіне қытайлықтар қазірдің өзінде Грузияның магистральдық және порттық инфрақұрылым нысаны - Анаклия портын алды. Бұл Орталық Азиядан Еуропаға, Солтүстік Африкаға және Оңтүстік Американың алыс нарықтарына баратын жүктердің басым бөлігін қамтитын «Орта дәліз» бағытындағы өте маңызды коммуникациялық нүкте.
Анаклия порты – Қара теңiз бассейнiнiң шығыс бөлiгiнде Орталық Азия мен Ресейге қарай контейнерлiк жүктердi таратушы рөлге ие.
Грузин саясаттанушылары: «Егер Абхазиямен және Оңтүстік Осетиямен үйлестіру жолымен жүретін болсақ, онда Грузия үшін сыртқы саясаттың қытайлық және ресейлік бағыттары бұрыннан бері абхаздар мен осетиндерге қолжетімділігін жоғалтқан еуропалық бағдарламаларға қарағанда әлдеқайда перспективалы», - деп есептейді.
Қорыта айтқанда, Грузия дәл қазір тағдыршешті таңдау жасайтын жолайрықта тұрған ел. Таңдау шектеулі. Қалай десек те, грузиндер Звиада Гамсахурдийден бері ішкі интенцияға сүйене отырып, саяси шешім қабылдай алады.
«ГРУЗИН АРМАНЫ» КІМГЕ АРҚА СҮЙЕЙДІ?
Оның үстіне, жеке дара билікке қол жеткізген «Грузин арманы» партиясы мен оның саяси кадрлерінің артында өз жақтастары тұр. Олар қазір «үнсіз көпшілік» саналады.
Бір ескеретін жайт: «Үнсіз көпшілікке» Грузияның қайда баратыны маңызды емес. Аталған топтағылар үшін – оның таңдау жасаған үкіметі жаңа қарыздарға жол бермей ме, қымбат несие қамытын мойына іліп қоймай ма сол маңызды. Ақыр соңында азық-түлік, білім, электр қуаты мен газ үшін төлем қаншалықты өсетіні, әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қаншалықты болатыны маңызды.
ТБЛИСИ БИЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?
Тбилисидегі басшы-қосшылар: «Соңғы жылдары жаһандық саясатта көп дүние өзгерді. Қазір біртұтас Еуропа жоқ. Ал Мәскеумен ымыраға келуге дайын Будапешт, Белград және ішінара София бастаған саяси аймақтар архипелагына не болып, не қоймады?..
Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы. Қытаймен сауда соғысы. Әлеуметтік бюджет төлемдеріне форс-мажорлық жүктемесі бар көшіп-қонушылар ағыны проблемасы. Украинадағы соғыс (Бұл жерде Еуропаның «жаңа азшылық» топтарына бөлінуі басталды).
Еуропа қанша жерден Грузияға құшақ жайғанымен оның тауарын шын бейілімен сатып ала қояр ма екен?
Грузия Ресеймен сауда байланысын төмендетпейді, керісінше оны арттыруға тырысады. 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте грузин-ресей тауар айналымы 1,8 миллиард долларды құрады. Рас, бұл Грузияның барлық сыртқы экономикалық айналымының 10 пайызы болып табылып, Түркиямен сауда ықпалдастығынан кейінгі екінші көрсеткіш болып саналады.
Ал Еуропаның бір жерінде 500 миллион долларға аграрлық экспортты енгізіп көріңіз! Мүмкін, уақыт өте келе бұл орындалатын міндет шығар. Бірақ алдымен Румыния, Польша, Испания және тіпті Түркияның бәсекелестері сізді демпинг жасады деп айыптап, осы нарықтан түре қуып шығарады. Ал Ресей бұл ретте Грузия тауарын одан да көп қабылдауға дайын ел болып қала береді», - деп есептейді.
ГРУЗИЯДАҒЫ ЖАППАЙ НАРАЗЫЛЫҚТАРҒА ШОЛУ
Грузия билігі Еуроинтеграция туралы келіссөздерді 2028 жылға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылдағалы төрт күн өтті. Осы төрт күннен бері Тбилиси бастаған Грузия қалаларында жаппай наразылық акциялары өтуде.
Наразылық акциялары қай қалаларда өтуде: Тбилиси, Батуми, Рустави, Поти, Телави және Кутаиси қалаларында билік шешіміне қарсы наразылықтар өтуде.
Осылардың ішіндегі ең күшті қарсылық – Тбилисиде өтіп жатыр. Наразы жұрт Грузия Парламенті ғимараты алдында күштік құрылымдармен қақтығысқа тсүіп, «молотов коктейлдерін», отшашуларды пайдалануда. Ал күштік құрылымдар шерушілерге қарсы су шашып, көз жасаурататын жарылғыш құралдар қолдануда. 100-ге жуық адам жараланған. Қазірге дейін күштік құрылымдар бейбіт наразылықтарға шыққан 200-ден аса адамды тұтқындаған.
Тіпті, осы төрт күннің ішінде Грузия Парламентінің ғимаратынанан өрт шыққан факті де тіркелді. Наразы халық Парламент ғимараты алдында шатырлар тігіп, баррикадалар орнатты.
ГРУЗИН АРМАНЫ» ШЫН МӘНІНДЕ «РЕСЕЙ АРМАНЫНА» АЙНАЛДЫ!
Грузия премьері Иракли Кобахидзе: «Украина сценариін Грузияда қайталауға жол бермейміз!» - деп мәлімдеді.
Ал Грузия президенті Саломе Зурабишвили наразы халықтың жағында. Ол көпшілікпен бірге алаңға шығып: «Грузин арманы» шын мәнінде «Ресей арманына» айналды!», - деп мәлімдеді.
Наразылық акцияларының ең ірісі 30 қарашада өткен. Оған ондаған мың адам қатысқан. Грузия полициясы мен күштік құрылымдары шерушілерді сойылдармен ұрып және су шашқыш көліктерді іске қосқан.
Биыл желтоқсан айында өзінің президенттік өкілеттігі аяқталатын Саломе Зурабишвили мәлімдеме жасап: «Грузияның қазіргі Үкіметі – заңсыз Үкімет. Мен қайта сайлау өтіп, заңды Үкімет жасақталғанға дейін президенттік мандатымды тапсырмаймын!», - деп мәлімдеді.
Ал бұған Грузия премьері Кобахидзе: «Саломе Зурабишвилиге бәрібір президенттік мандатын тапсыруға тура келеді!», - деп қысқа қайырды.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕАКЦИЯ ҚАНДАЙ?
«Грузин арманы» партиясы мен Грузия Үкіметінің Еуроинтеграцияны 2028 жылға дейін тоқтата тұру туралы шешімінен соң, АҚШ Грузиямен барлық стратегиялық байланыстарын тоқтататынын мәлімдеді. Ал ЕО Грузияға қарсы санкциялар салатынын айтты.
Mezgil.kz