Асадтың «есірткі империясы»: Астана келіссөздері һәм ОА-ға төнген жаңа қауіп

Сириядағы әскери-саяси өзгерістер жайлы әлемдік ақпарат күні бүгінге дейін аз жазған жоқ. Десе де, «Сириядағы есірткі бизнесі» дейтін дәудей мәселе талқыдан тыс қалып қойды. Бүгін біз Mezgil.kz оқырмандарының талқысына осы тақырыпты ұсынғанды жөн санадық...

1734698093683994.jpg

(Суреттер: theins.ru, diapazon.kz сайттарынан алынды)

Бір дүние анық: Қаржылық және есірткі империялары аяқ астынан пайда болмайды. Һәм олар ешқайда жоғалып кетпейді. Өйткені, ол ең алдымен әлемдік экономиканың көлеңкелі, сұр бөлігіне терең интеграцияланған.

Сирияда «Хаят Тахир аш-Шам» бастаған оппозициялық күштер Асадтар отбасының 50 жылдан асатын билігін тоқтатып, айналасы 11 күнде Башар Асадты елден кетіргенін әлемдік ақпарат ызу-қызу талқылады. Егжей-тегжейін ақтарды. Бірақ, тасада айтылмай қалған бір тақырып – Башар Асадтың және оның одақтастарының «каптагон империясының» ендігі тағдыры...

АСАДТЫ БАЙЫТҚАН «КАПТАГОН ИМПЕРИЯСЫ» НЕМЕСЕ «КЕДЕЙДІҢ КОКАИНІ»

Каптагон // captagon – Таяу Шығыста кеңінен таралған есірткі психостимуляторы. «Кедейдің кокаині» - деген атқа ие. «Каптагон фенэтиллині» дейтін жалпы атауымен белгілі. Бастапқы 1961 жылы амфетамин мен метамфетаминге балама ретінде өндірілген препарат. Орталық Азияда түрлі тағамдамдарға қосылып жүр деген дақпырт та жоқ емес.

Жаңағы Башар Асад пен оның одақтастарының «каптагон империясының» осы бизнестен табатын жылдық табысы ең кем дегенде 11 миллиард долларды құрайды екен.

Ең қызығы – жаһандық ақпараттық кеңістікте Таяу Шығыс дейтін географиялық аймақтағы әскери ұрыстар мен ірілі-ұсақты соғыстар тақырыбы барыншы ашық әрі жақ-жақты талқыланады. Бірақ, оның тасасында аталған аймақтардағы есірткі бизнесі жайлы көп айтыла бермейді. Осындай бір сыңаржақ тренд қалыптасқаны рас-ақ.

Израильдің «ХАМАС-пен», «Хезболламен» соғыстары жайлы жер бетінде естімеген ел қалмаған да шығар. Алайда, «ХАМАС» бақылап келген, «Хезболла» тұтқасын ұстап келген қаржылық-есірткі бизнестері туралы ашық жазыла бермейді.

Басты сауал: Баасистік режим 50 жылдан аса тұтқасын ұстап келген каптагон саудасы Башар Асадтың елден қуылуымен тоқтай ма?

Жауап: Көп күмәнді! Өйткені, әл-әзірден, Сириядағы оптимистік ақпараттар ағынының көлеңкесінде «каптагон империясының» ендігі тағдыры туралы сөз айтылмайды. Сириядағы «каптагон империясы» ел экономикасына терең кірігіп, ондаған мың адамды қызметке тартып отыр. Есірткі бизнесінің ел билігімен интеграциялануы да әрқилы. Кез келген осындай империя – көтерме сатып алушылармен, кедендермен, шенеуніктермен және т.б. байланыстар орнатып үлгерген. Және бұл көл-көсір пайда көзі десе де болады. Сирияда бір каптагон таблеткасын өндіру бірнеше центті құрайды. Ал ол Эр-Риядта  25 доллардан сатылады.

СИРИЯДАҒЫ ЕСІРТКІ ИМПЕРИЯСЫ ЖОЙЫЛА МА?

Сирия оппозициясы біркелкі күш емес екенін осыған дейін айттық. Башар Асадты биліктен кетірген коалиция құрамында әртүрлі топтар бар. Және Сирия оппозициясында Башар Асадтан қалған бұл ресурсты жеке пайдаланғысы келетін ойыншылар жетіп артылады. Олар мұндай батпан құйрықты, осындай қаржылық, ұйымдастырушылық және логистикалық ресурсты жойып тастамай, өз иелігіне алуды көздейді.

Сарапшылардың пікірінше, дәл қазір бұл бизнестің қожайыны ауысып, қайта құрылып, тіпті, билік тарапынан белгілі бір бөлігі жаойылғанның өзінде, одан түсетін пайда бәрібір орасан зор болып қала бермек. Сирияның жаңа билігіне келетіндердің әрқайсысы (арнаулы қызметтен саясаткерлерге дейін) осы активтен өз жілігін мүжіп қалу үшін жанталасады. Өйткені ондағы аздаған үлестің өзі оларды бір сәтте заманалық Харун әл-Рашидтей маңызы тұлғалардың дәрежесіне жеткізетін күшке ие.

СИРИЯДАҒЫ ЕСІРТКІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ

Жоғарыда айтқанымыздай, Сириядағы есірткі бизнесі жойылмайды. Жәй ғана қожайыны өзгереді. Және бұл өзгерістер орта мерзімді перспективада оның ұлғаюына ғана әкелеп соғып, Орталық Азия аумағына таралуы әбден мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше: Есірткі империясы бұрынғы иелеріне, яғни Асадтың кланына ешқандай жағдайда қайтарылмайтыны анық. Биліктегі «Хаят Тахрир аш-Шам» бұл активтен бас тартады. Себебі олай жасамаса Саудиттермен және Әмірліктермен қарым-қатынасы айтарлықтай күрделене түседі. Өйткені, Саудия мен БАӘ Асад тұсында Дамашықтағы осы бір империяны түп-тамырынан үзуге көп тырысқан. Ал Саудия мен БАӘ жаңа Сирияның потенциалды инвесторлары саналады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Асадтан қалған «каптагон империясын» сириялық оппозиция бауырына басып қалуға барын салады. Өйткені, каптагон өндірісінің технологиясы толығымен өз шыңына жеткен, ал мұндай өндіріске арналған жабдық бұл елде жеткілікті.  Жалпы, цехты кез келген кең қорада орнатуға болады және оны әдеттегі жолмен ешкім де қадағалай алмайды.

ИРАН «КАПТАГОН ИМПЕРИЯСЫНА» ТАЛАСУДА

Сарапшылар Асадтан қалған «каптагон империясын» Иракқа, шиит милициясы бақылайтын аумаққа көшіру туралы тағы бір нұсқаны сөз етеді. Бұл процес шамамен бір жыл бұрын басталып та кеткен. Ол кезде Тегеран өзінің ирактық прокси технологияларын беру және сириялық мамандардың көмегімен осы өнімді шығаруды бастау туралы шешім қабылдаған.

Бұл шешімге Дамашық разы емес. Өйткені, Тегеран көлеңкеде жүріп жатқан бұл бизнеске бәсекелес болуда. Осы жерде тағы бір маңызды сауалдың құлағы қылтияды. Каптагонды жасау бір бөлек, оны сату дейтін мәселе бар ғой. Ал бұл жолдар Иранның бақылауында. Дәлірек айтқанда, «Хезболла» мен ИТКҚ (Ислам төңкерісі күзет қосыны) өткізу желілеріне иелік етіп келген. Сарапшылар: Бірақ уақыттан соң «Хезболла» мен ИТКҚ каптагон өндірушілерімен ынтымақтастық туралы жаңа келісім жасасуға бел шеше кірісетіні шындық дейді. Ондай жағдайда, есірткі тасқыны орын алып, Орталық Азияға шын қауіп төнеді. Бұл тасқынмен күресуге ОА мемлекеттері дайын ба?!

«АСТАНА ПРОЦЕСІ» СИРИЯ ДАҒДАРЫСЫН РЕТТЕЙ АЛДЫ МА?

Орталық Азия демекші, Сириядағы жағдайларға қатысты жуырда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Сирия дағдарысын реттеу бойынша құрылған «Астана келіссөздерінің» жұмысына баға беріпті. «Астана процесі» 2017 жылдан бері 22 рет өткізілген екен.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев: «Жақында болған оқиғаның «Астана процесіне» тікелей қатысы жоқ. Бірақ, егер «Астана процесіне» қажеттілік туындаса, біз оны кепілдік берген елдермен бірге қарап, тиісті шешімдер қабылдайтын боламыз», - деді.

Оған қоса: «БҰҰ шешімдерін мұқият қадағалаймыз. Бұл Ұйым («Хайят тахрир аш-Шам») Қазақстанның террористік ұйымдарының тізіміне кірмейді. Біз Сириядағы жағдайды және БҰҰ қабылдайтын шешімдерді мұқият бақылаймыз», - деп түсіндірді Әлібек Бақаев.

Сириядағы Асад билігін құлатып, ел билігін қолға алған «Хайят тахрир аш-Шам» АҚШ, Түркия, Ресей және БҰҰ-да «террористік топ» деп танылса, Қазақстанда террористік топтар тізіміне енгізілмеген.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар