Бразилиядағы «Әуе апаттарын зерттеу және олардың алдын алу орталығына» (CENIPA) Ақтау маңында апатқа ұшыраған әзербайжандық ұшақтың қара жәшігіндегі деректерді зерттеп, мәліметтерді Қазақстанға жіберді.
Әзербайжанға тиесілі «Azerbaijan Airlines» компаниясының жолаушылар ұшағы Бакуден Грозныйды бетке алып ұшып, апатты жағдайда Ақтауға бұрылған. Ұшақ Ақтау әуежайының маңына жетер-жетпес жерде 2024 жылдың 25 желтоқсанында құлаған.
Қазақстан ұшақ апатын тергеу үшін арнайы комиссия құрған. Кейін 1 қаңтарда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігін Бразилиядағы «Әуе апаттарын зерттеу және олардың алдын алу орталығына» (CENIPA) жіберген еді.
«CENIPA» мен Бразилия БАҚ-тары таратқан ресми ақпаратта: Мәлімет жазатын екі құрылғыдағы деректерді жинау және тексеру 4 қаңтарда аяқталған. Оған Қазақстан, Әзербайжан мен Ресейден өкілдер барып қатысқан.
«Алынған мәліметтер оқиғаның себептерін анықтайтын орган – Қазақстанның әуе апаттарын тергеу комиссиясына жіберіледі», - делінген ресми ақпаратта.
Қазақстанның Көлік министрлігі: «Ұшақтың қара жәшігінде анықталған деректер жақын арада Астанаға жетеді. Деректер бізге жетісімен, мамандар анықталған деректерді зерттеуге кіріседі. Бұл ұшақ бортының жазбалары», - деп мәлімдеді.
Айта кетейік: Әзербайжанға тиесілі AZAL ұшағының апатқа ұшырауының басты себебі – Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің қателігі.
Кеше ұшақ апатына қатысты пікір білдірген Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев: «Ұшақ апатына кінәлілер жазалануы тиіс! Бұл апаттан Әзербайжан азаматтарының қаза болуына Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп сеніммен айта аламын. Біз әділдікті талап етеміз, кінәлілердің жазалануын талап етеміз, толық ашықтық пен адами мінез-құлықты талап етеміз», - деді.
Осыған дейін Ресей президенті Владимир Путин де Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке хабарласып, ұшақ апатына байланысты КЕШІРІМ СҰРАҒАН болатын.
Әлиев сонымен қатар: «Әдетте қандай да бір елдің әуе кеңістігіне қауіп төнсе, ол дереу жабылады. Бұл барлық елде солай және оның әртүрлі атауы бар. Ресейде бұл «Ковер» деп аталады. Ресейдің әуе кеңістігіне қауіп төнген болса, ұшақ капитаны бұл туралы дереу хабардар болуы керек еді. Әуе кеңістігі дереу жабылып, ұшақ қайта оралуға тиіс еді. Ұшақ апатына дейін шамамен 10 күн бұрын осыған ұқсас оқиға Грозный қаласы маңында болған. Azerbaijan Airlines-ке тиесілі ұшақ жарты жолда артқа қайтқан. Бұл жолы ұшақ экипажына неліктен ескерту бермеді? Әрине, мұны тергеу анықтайды», - деді.
Mezgil.kz