Приднестровье үшін күрес: Украина жеңе ме, Мәскеу жеңе ме?

Carnegie Politika Приднестровьедегі энергетикалық дағдарысқа қатысты ауқымды мақала жариялап, аталған сепаратистік аймақ үшін Киев пен Мәскеудің арасында күрес жүріп жатқанын жазды.


Приднестровье обратилось к Путину: просят защитить от Молдовы, но о присоединении к России не упомянули

(Сурет tsn.ua сайтынан алынды)

 

Приднестровьедегі энергетикалық дағдарыс күн өткен сайын ушығып барады. Бүлікшіл аймақтағы көпқабатты тұрғын үйлер жылусыз қалды. Ірі кәсіпорындардың жұмысы уақытша тоқтатылды, мектеп пен балабақшаның қыстық каникулы ұзартылды. Ыстық су беру тоқтатылған. Жергілікті билік халықты отынмен қамтамасыз етуді қолға алған. 1-қаңтардан бастап ыстық су мен жылу беру тоқтатылса, 7-қаңтардан бастап жарық берудің уақыты шектеле бастады.

 

2009 жылы Молдова, бүлікшіл Приднестровье аймағы мен ЕО-ның бірқатар елі екі апталық энергетикалық дағдарысқа тап болды. Ресей мен Украина ресейлік газды транзиттеуге қатысты мәселеде дауласып, газ жіберу уақытша тоқтатылған болатын. Мәселе келіссөзбен реттелді. Бұл жолы жағдай күрделі, себебі Ресей мен Украина арасында соғыс жүріп жатыр, ал тараптар газ транзитін жалғастыруға қатысты келіссөз жүргізіп жатқан жоқ.

 

Приднестровье тарапы энергетикалық дағдарыстың басты себебі екеу дейді. Біріншісі, Украина аумағы арқылы ресейлік газды транзиттеуге қатысты келісімнің тоқтауы. Екіншісі, Молдова билігінің «Газпромға» қарызын төлемеуі. «Газпром» Кишиневтың қарызын 709 млн доллар деп бағалайды, ал Кишинев бар болғаны 8,6 млн доллар қарызбыз деумен келеді.

 

Сарапшылар Приднестровье аймағына газ жеткізудің тағы бір жолын атады. Ол «Трансбалқан» газ құбыры. Бұл құбырдың да бір бөлігі Украина аумағы арқылы өтеді. Дей-тұра аталған құбыр арқылы газ сатып алу келісімі жоқ, сәйкесінше құбырда Молдоваға жететін артық газ тапшы.

 

Приднестровье Ресейден газды тегін алып келді. Аймақтағы ГРЭС-те энергия өндіріп, оны Кишиневке сатумен болды. Приднестровьеде газдың құны текше метріне 6 цент болса, Молдовада ол 1 долларға жетті. Тирасполь 2005 жылдан бері Ресейден құны 11 млрд доллар болатын газ алды және ол үшін Мәскеуге бір тиын төлеген жоқ. Приднестровье аталған газды «гуманитарлық көмек» деп сипаттады. Ендігі таңда жағдай өзгерді. Ресейлік газ тоқтатылды, ал Молдова энергияны Приднестровьеден емес, Румыниядан сатып алуда. Кишинев жанармай алудың жолын да тауып, ЕО елдерімен келісім жасасты.

 

Майя Санду Ресей тарапы энергетикалық дағдарысты пайдаланып, Ресейдің Молдованың ішкі саясатына әсер ету жоспары барын айтты. 2025 жылы Молдовада парламенттік сайлау өтпек. Молдова билігі «сайлауда Ресей тарапы оппозицияны күшейтіп, ресейшіл күштердің қолына энергетикалық дағдарыс атты ұранды ұстатуы мүмкін» деп қауіптенуде.

 

Украина билігі Приднестровьедегі энергетикалық дағдарысты Санду билігіне тиімді позицияда шешуге ниетті. Зеленский Украинаның Приднестровьеге көмір бере алатынын айтты. 7-қаңтарда Молдова премьері Дорин Речан Киевтің көмегінен бас тартпайтынын жеткізді. Ал 8-қаңтарда Зеленский мен Санду энергетикалық дағдарысты телефон арқылы талқылады.

 

Украина тарапы Приднестровьеге күндігіне 2 млн текше метр газ беруге қабілетті екенін мәлімдеді. Бұл газ ірі өнеркәсіптердің жұмысын жандандыруға жеткіліксіз, алайда халықты ыстық сумен, жарықпен және жылумен қамтамасыз етуге жетеді. Газдың құнын ЕО төлесе, Украина Приднестровьеге газ жөнелтуге дайын отыр.

 

Бүлікшіл Приднестровье аймағында жүздеген мың адам Ресейдің азаматтығын алған және Ресей паспортының иегерлері саналады. Саясаттанушылар қиын жағдайға тап болған Приднестровьедегі Ресей азаматтарын Ресей емес, Ресейдің қас жауы Украина құтқарып қалатын болса, онда бұл Мәскеуге аса жойқын имидждік соққы болатынын айтуда. Приднестровьедегі энергетикалық дағдарысты Молдова және Украина билігі бірлесе шеше алса, аймақтағы сепаратистік көңіл-күй де бәсеңдеп, Приднестровьенің Кишиневке бет бұруы жылдамдайды дейді сарапшылар.


Mezgil.kz

 

 

 



Ұқсас тақырыптар