Сергелдеңге салған санкция: Байденнің соңғы соққысы Кремльдің басын қатыруда

АҚШ президенті Джо Байденнің биліктен кетер сәтте Ресейге қарсы салған санкциясы Мәскеуді сергелдеңге салуда. Жұма күні Байден Ресейдің мұнай және газ саласына бағытталған санкция ауқымын кеңейтті. Оның ішінде мұнай тасымалдайтын көлеңкелі флот, сақтандыру компаниялары, жеке тұлғалар мен кемелерге қызмет көрсету орталықтары, мұнай өңдеу зауыттары санкция астында қалды. Мұнай тиеп шыққан танкерлер жарияланған жаңа санкцияларға байланысты Қытай және Үндістан порттарына кіре алмауда.


Танкеры теневого флота РФ страхуются подсанкционными российскими  компаниями, а также фирмами из Камеруна и Кыргызстана – Bloomberg

 

Bloomberg басылымының жазуынша ресейлік мұнайды тиеген танкерлер Қытай порттарына кіре алмаған. Huihai Pacific танкері Қиыр Шығыстағы Козьмино портынан ESPO сұрыпты 770 мың баррель мұнайды тиеп шығып, 15-қаңтарда Дунцзякоу портына жетуі тиіс еді. Алайда санкциядан кейін аталған танкер ашық теңізде тұр және портқа бет алуын тоқтатты. Бұл туралы Kpler аналитикалық орталығы жазды. Mermar танкері Козьмино портынан 5-қаңтарда шықты. Танкерде 755 мың баррель мұнай бар. Ол Яньтай портына тоқтауы тиіс еді, дей-тұра портқа жетпей ашық теңізге тоқтаған.

 

Жұма күні Байден билігі ресейлік көлеңкелі флотқа тиесілі деп танылған 183 кемеге санкция салды. Санкцияға ұшыраған кемелерді қабылдаған порттарға да жанама санкция салынатын болады. Бұл Қытай порттарына үздіксіз мұнай тасыған танкерлерді әбігерге салды.

 

Жексенбі күні Қытайдың порттары ресейлік кемелерді қабылдауға қатысты жиын өткізген. Жиын барысында санкцияға ұшырамаудың жолдарын қарастыру керектігі айтылған. Үндістанның мұнай министрі мен компаниялары да демалыста бас қосып, Ресейден мұнай алудың басқа жолдарын қарастыру туралы кеңескен. Бұл туралы Bloomberg басылымы жазды. Үндістан билігі соңғы үш жылда Ресейден мұнай алуды 6 есе арттырып, Ресейді басты мұнай сатып алатын ошаққа айналдырған болатын. Алайда Дели жанама санкциялардан қауіптенуде және санкциядағы ресейлік танкерлерді қабылдамау туралы шешім шығаруда.

 

Үндістанның мұнай өңдеу зауыттары күніне қажетті 800 мың баррель ресейлік мұнайдан қағылуы мүмкін. Бұл кемі 3-6 айға дейін жалғасуы мүмкін дейді Үндістан сарапшылары. Үндістан билігі санкция әсерін азайту үшін Вашингтонмен келіссөз жүргізуге ниетті.

 

Kpler аналитикалық орталығының жазуынша санкцияға ұшыраған ресейлік танкерлер 2024 жылы 530 млн баррель мұнай тасымалдаған. Аталған мұнайдың 300 млн баррелі Қытайға жөнелтілген. Бұл жалпы тасымалданған мұнайдың 61 пайызы деген сөз. Жұма күні салынған санкциялар Ресейдің мұнай саласына салынған ең қуатты санкциялық пакет саналады.

 

Қытай және Үндістан билігі ресейлік мұнайды алмастыру жолдарын қарастыруда. Қытай Иран мұнайын сатып алуды арттыру керектігін айтса, Үндістан араб елдерімен байланысты күшейтпек.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар