Украина белсенді ұрыс қимылдары тоқтаған жағдайда Еуропа елдері Укаринаға 1000 шақырымдық майдан шебіне 40-50 мың әскер жібереді деп күтуде. Бұл туралы «Financial Times» жазды.
(Сурет: 24tv.ua)
Айта кетейік, Ұлыбритания, Франция және Нидерланды Украинаға бітімгерлік әскер жіберуге кетәрі еместігін осыған дейін ашық білдірген. Сәйкесінше, әскери контингент құруға аталған үш мемлекет жетекшілік ете алады деп айтылады. Ал Германия мен Польша әскер жіберуге қарсы позицияда.
ЕУРОПА ЕЛДЕРІ УКРАИНАҒА ӘСКЕР КІРГІЗЕ МЕ?
«Батыс әскері немесе әскери қызметкерлері майдан шебінде болмайды, ашық ұрысқа қатыспайды. Олардың міндеті Украина Қарулы Күштерінің ресурстарын босату үшін «тежеуші күштер» құру болады», - деп жазады «Financial Times».
Басылымның жазуынша, мұндай миссияның басты мақсаты – Батыс Украинадағы соғысқа қатысты өз принциптерінен айнымайтыны туралы Мәскеуге нақты белгі беру, Украинаны қолдау, аймақтың қауіпсіздігін нығайту және Ресейдің әлеуетті агрессиясына тосқауыл қою жөніндегі еуропалық міндеттемелерді көрсету.
БАҚ АҚШ президенті Дональд Трамптың инаугурациясынан кейін әскерді кіргізу ықтималдығы туралы пікірталас күшейгенін жазады. Еуропа елдері аймақтағы тұрақтылықты сақтауға ұмтылады, сонымен қатар, Ресеймен тікелей әскери қақтығыстарды болдырмауға тырысады.
Бұл сценарий Украинаның тыл аймақтарына шетелдік әскери қызметкерлерді орналастыруды көздейді, осылайша олар соғыс қимылдарын тоқтату туралы келісімдердің орындалуын бақылап, кепілдік бере алады.
ПУТИНДІ КЕРІ КЕТІП БАРА ЖАТҚАН ЭКОНОМИКАСЫ КӨБІРЕК АЛАҢДАТАДЫ
Ал «Reuters» агенттігі: «Путин қазір өз елінің экономикасына алаңдап, әлек болуда. Ол Украинаға қарсы соғыста көздеген мақсаттарға қол жеткіздім деп есептейді», - деп жазады.
Агенттіктің жазуынша, Путин қазір Ресей экономикасындағы күбірткеге айналған проблемаларға көбірек алаңдауда. Жұмыс күшінің тапшылығы, үдеген үстіне үдей түскен инфляция, жоғарғы пайыздық мөлшерлеме, ішкі шиеленістер мен түрлі санкциялардың кесірінен кері кетіп бара жатқан экономикалық ахуал қазір Кремльдің басты проблемасына айналып отыр. Оған рекордтық деңгейдегі әскери шығындарды және қосыңыз.
«Осындай факторлардың ықпалынан қазір Ресейдің саяси және бизнес элитасында пікірталас қыза түскен және олардың бір бөлігі соғысты неғұрлым жылдамырақ келіссөз арқылы реттеуді қолдауда.Путин сондай-ақ, Ресейді Қырыммен байланыстыратын аумақтарды бақылау және Украина армиясының әлсіреуі сияқты соғыстың негізгі мақсаттарына қол жеткізілді деп санайды», - деп жазады.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?
Еуропаның бітімгерлік күштері туралы: «Еуропа күшті жаһандық ойыншыға айналуы керек! Ресей 1,5 миллион әскерін орналастыра алады. Біздің Қарулы күштерімізде 800 мыңнан астам адам бар. Бұл бір ел өзін өзі жалғыз қорғайтын жағдай емес. Бізге бәріміз жиналу, күш біріктіру керек! Еуропаға «Темір күмбездің» өзіндік нұсқасы қажет! Бізге Әуе шабуылына қарсы ортақ қорғаныс жүйесін жасау керек. Ол қанатты және баллистикалық зымырандардың барлық түрлерімен күресуге қабілетті болуы керек! Соғыстан кейін Батыс елдерінен Украина қауіпсіздігіне кепіл болатын 200 мың бітімгер әскер керек және оның құрамында міндетті түрде АҚШ әскери контингенті болуы керек», - деді Зеленский.
Бейбіт келіссөздер туралы: «Ресеймен қандай да бір келіссөздерді бастау үшін, Ресей кем дегенде 2022 жылдың шекарасына кері оралуы керек. Келіссөздер әділетті немесе әділетсіз болуы мүмкін. Ең бастысы – Украина кіммен болады? Егер ол келіссөздерде Украина жалғыз болмайтын болса, біз келіссөздердің әділетті өтуі үшін қолдан келгінін аянып қалмаймыз», - дейді Зеленский.
Трамп пен Путин туралы: «Батыс бізді келіссөзге мәжбүрлеп отырғыза алмайды. Мен Трампқа айтқанмын: Басқадан гөрі келіссөз бізге ауадай қажет. Бірақ, біз ол келіссөзге мықты позициямен келуіміз керек! Маған соғыстың қаншалықты жылдам аяқталғанынан гөрі, қаншалықты нәтижелі аяқталғаны маңызды! Яғни, біз мықты позициямен аяқтауымыз маңызды», - деді.
«Қытай Ресейді соғысты тоқтатуға мәжбүрлей алады! Бүгін Украина президенті Зеленский: «Ол Путинді бейбітшілікке көндіре алады, мен сенімдімін. Президент Трамп - ең күшті - және Си Цзиньпин де күшті. Менің ойымша, мұны шынымен жасай алатын басқа одақтас жоқ. Путиннің экономикасы Қытайға өте тәуелді», - деді Зеленский.
СТОНТЕНБЕРГ НЕ ДЕЙДІ?
НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы Столтенберг: «Соғысты биыл аяқтау мүмкін нәрсе. Бірақ, міндетті шарттар бар. Иә, майдан даласындағы ахуал күрделі. Иә, Ресей қысымды арттырып, қандай да бір территорияларды бағындыруда. Бірақ, Ресей ол үшін орасан зор құн төлеуде. Ал Украина Ресей басып алған аумақтардың 50 пайызға жуығын қайтара білді. Ресей өз экономикасын соғыстың релсіне түсіріп үлгерсе де, Ресей экономикасы өлімші хәлде. Жоғарғы инфляция мен Ресейдің орталық банкінің жоғарғы пайыздық мөлшерлемелері Ресей экономикасының қазіргі күйінен хабар береді», - дейді.
ТРАМП НЕ ДЕЙДІ?
АҚШ президенті Доналд Трамп Ресейге арнап жазған талап-шартында: «Дәл қазір тынышталып, мынау масқара соғысты тоқтатыңыз! Бұдан әрі жағдай ушыға береді! Егер біз «мәмілеге» қол жеткізе алмасақ, жақын арада маған Ресейдің АҚШ пен басқа әріптес елдерге сататын барлық тауарына жоғары салықтар салуыма, тарифтер мен санкциялар енгізуіме тура келеді», - деді.
Mezgil.kz