Ресей әскері Украинаның шығыс аймағындағы шабуылын үдету үстінде. Ұрыс қимылдары Запорож, Херсон және Харьков бағытында тоқтаусыз жалғасуда. Ресейдің Курск облысындағы қиян-кескі шайқастардың өтіп жатқанына алты ай болды. Мәскеудің алға жылжуы бірқатар бағытта іске асуда, алайда әскери техника шығыны еселеп артуда. Бұл туралы әскери сарапшылар зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті.
Oryx жобасының сарапшылары Ресейдің әскери техника шығыны 20 мыңнан асқанын жазды, ал Украина әскерінің техника шығыны 9 мыңға жуық. Ресей әскері танк және жаяу әскерге арналған ұрыс көлігінің (БМП) 11,6 мың данасын жоғалтқан. Бұл көрсеткіш Украина әскерінде 3,8 мыңға тең. Осылайша Ресей әскерінің танк және жаяу әскерге арналған ұрыс көлігінің шығыны Украина әскерінен 3,5 есе көп деген сөз.
Артиллериялық шығын саны да еселеп артуда. Сүйремелі, өзіндік жүру артиллериясы және реактивті артиллерия шығыны 2 мыңға жуықтайды. Украина мен Ресей әскері әлі күнге дейін КСРО кезеңіндегі артиллериялық қондырғыларды қолданып келеді. Аталған артиллерия түрлері майдан даласында жақын орналасқандықтан, әдетте дрондардың құрбаны болады. Сарапшылар Ресей әскері КСРО-дан мыңдаған танк, бронды техника, шынжыр табанды артиллерия, сүйремелі реактивті құрылғыларды мұраға алғанын жазды және аталған қарудың басым бөлігі майдан даласында жойылған.
Украинаның WarSpotting әскери техника шығынын есептеу жобасы мен Ресейдің LostArmour әскери техника шығынын бағамдау жобалары аталған сандарды растап отыр. Яғни танк және жаяу әскерге арналған ұрыс көлігінің (БМП) шығыны Ресей әскерінде Украинадан бірнеше есе көп деген ақпаратпен келіседі.
Әскери сарапшылар техникалардың шығынын фото және видео дәлелдемелер арқылы анықтайды. Кей сәтте өзге әскери қақтығыстың видеоларын тараптар «жаудың жойылған техникасы» іспеттес ұсынады немесе бірнеше видеоны монтаждап, түрлі бағыттағы ұрыс ретінде көрсетуі мүмкін. Сол себепті де әр видео, фотоны тексеру ұзақ уақыт алады дейді Oryx жобасының сарапшылары.
The Insider-дің жазуынша Ресейдің әскери өндіріс кешендері жылына 300 танк шығарады. Алайда бұл көрсеткіш ұрыс даласында жеткіліксіз саналады. Себебі бір ғана Покровск маңындағы шайқастарда Ресей үш айдың ішінде 200-ден астам танк жоғалтқан. Ресей танк тапшылығын КСРО-ның ескі танктерін модернизациялау арқылы шешуге тырысуда. Ресейдің қорғаныс кешені БМП-3 әскери көлігін жаппай шығаруға тырысуда. 2023 жылғы дерек бойынша 463 дана БМП-3 шығарылған, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Ресей жылына 400 данаға жуық БТР-82 бронды әскери техникасын шығаруда.
Әскери сарапшылар Ресейдің артиллерия мен реактивті снаряд шығару тұрғысынан қиындықтарға тап болғанын айтты. Бұл санкциялармен тікелей байланысты. Ресей реактивті снаряд пен артиллерия тапшылығын Солтүстік Кореядан қару алу арқылы толтыруда.
АҚШ-тың барлау қызметі Ресейдің әскери қоймаларындағы КСРО қаруларының саны 52 пайызға азайғанын айтты. Бұл спутниктік түсірілім суреттерінде және Ресейдің ішкі құжаттарында көрсетілген. Ашық аспан астындағы әскери қоймалардың кейбірі толықтай сарқылған, ал кейбірінде тек жарамсыз қару түрлері қалған. Пентагон 1975-1988 жылдары КСРО-ның қорғаныс кешендері 40 мың танк, 37 мың БМП, 39 мың БТР шығарғанын айтты. Оның жартысы Африка және Азиядағы КСРО-ның одақтастарына берілген, ал қалғаны Ресей қоймаларына аттанған. Ресей 90-шы жылдары әскери техникасының бір бөлігін утилизациялады, сатты. Соған қарамастан Ресейдің әскери қоймаларында Украинаға басып кірер сәтте мыңдаған танк, артиллерия, бронды техника болды.
Сарапшылар Украина әскеріндегі техника шығынының аз болуын Киевте қару санының аздығымен түсіндіреді. Украина әскерінің қаруы Ресейден бірнеше есе аз, ал кей тұрғыдан тіпті айырмашылық 20 есе позицияны құрайды. Украина әскері соғыс басталғанға дейінгі қаруының басым бөлігін жоғалтқан, ал оның орнын Батыстық қару басуда. Дей-тұра Батыс берген қарудың саны аз саналады.
Mezgil.kz