Қазақ елінің үлесі бар Ресейдің Кубанындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына (МАС) дрондар шабуылынан істен шығарылғаны белгілі. Бұл туралы егжей-тегжейлі жаздық.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Mezgil.kz мақаласы: «Каспий құбыры (КҚК) шабуылға ұшырады: Қазақ мұнайына қауіп төнді ме?»
Сонымен оқиға қалай болды?
Ресейдегі Кубанда орналасқан Каспий құбыр консорциумының (КҚК) «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына (МАС) соққылаушы дрондар шабуылдап, станция істен шығарылғаны туралы 17 ақпанда КҚК баспасөз қызметі хабарлады. Жарылғыш заттармен және металл зақымдағыш заттар толтырылған 7 дрон соққы бергені нақтыланған. МАС персоналы зардап шеккен жоқ. Мұнайдың төгілу қаупінің алды алынды.
Ақырында: «Кропоткинская» МАС істен шықты. «Теңіз-Новороссийск» құбыр желісі арқылы мұнай тасымалдау МАС-ты айналып өтіп, айдау режимін төмендетіп жатыр», - деп нақтылады КҚК 18 ақпанда.
Ресей БАҚ-тары мен лауазымды тұлғалары бұл тақырыпты іліп әкетті. «Транснефть» баспасөз қызметі: «КҚК мамандарының пікірінше, соққының салдарын жою 1,5 айдан 2 айға дейін созылады. Бұл Қазақстаннан мұнай айдау көлемін шамамен 30%-ға төмендетуі мүмкін», - деді.
Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавров бұл туралы: «Зеленскийдің бүкіл командасын ауыздықтап», оның өзінің «дәдесін таныту» керек», - деп соқты.
«Бұл Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымына жасалған шабуыл. Ресей ешқашан Украинаның энергиямен жабдықтау жүйесіне қауіп төндірмеген», - деді Лавров ұялмай-қызармай.
Лавровтың осы бір екі ауыз сөзінен екі өтірікті аңғаруға болады?
Біріншісі: Путин бастаған соғысты ақтап, екі түйе сүйкенгенде қосақ арасында кеткен «қазақ эконмикасына Украина өз қырсығын тигізді» деген сөзі.
Екіншісі: «Ресей ешқашан Украинаның энергиямен жабдықтау жүйесіне қауіп төндірмеді» деген құйырығы бір тұтам өтірігі.
Лавровтың өтірігін айдай қылып әшкерлеген Батыс сарапшысы не дейді?
«Карнеги-Берлин» орталығының Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі сарапшылары: «Украина ұзақ уақыт бойы Қазақстан мен оның халықаралық серіктестеріне (Chevron, Shell, ExxonMobil, Eni) зиян келтірмеу үшін Ресей аумағындағы Каспий құбыр консорциумының нысандарына елеулі шабуыл жасаудан бас тартып келді. Бірақ осы жолы КҚК баспасөз қызметі өзінің ірі мұнай айдау станциясына дрондар шабуыл жасалғаны туралы хабарлады.
Бұл дегеніміз не? Мұнай-газ секторы қазақстандық бюджет кірісінің үштен бірінен астамын қамтамасыз етеді. Ал мұнай экспортының 80 пайызы осы КҚК арқылы өтеді.
Орталық Азияның барлық елдерінің ішінде Қазақстан өзінің Ресеймен қарым-қатынастағы жіпсіз байланушылықтың шекарасын мойындай отырып, Украинадағы соғыс бойынша ең «батыл» позицияны (әсіресе бірінші жылы) иелене білді. Нақты эпизодтың салдары мен реакциясы қандай болса да, бұл Қазақстанға оның КҚК мұнай құбырына деген терең тәуелділігі туралы кезекті ескерту - ол арқылы Астанаға Ресей де, біз көріп отырғандай, басқалар да қысым көрсетуі мүмкін», - дейді.
Осы ретте Лавров айтқандай, КҚК – Қазақстанға тиесілі ме? Бұл Лавровтың бірінші өтірігі. Қараңыз:
КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫ АКЦИОНЕРЛЕРІ КІМДЕР?
Басты акционерлер: Ресей: «Транснефти» компаниясы - 24%. Қазақстан: «Қазмұнайгаз» АҚ - 19% және «Kazakhstan Pipeline Ventures LLC» - 1,75%. Жиынтығы - 20,75%.
Сондай-ақ: «Chevron Caspian Pipeline Consortium Company» - 15%, «LUKOIL International GmbH» - 12,5%, «Mobil Caspian Pipeline Company» - 7,5%, «Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited» - 7,5%, «BG Overseas Holding Limited» - 2%, «Eni International N.A. N.V.» - 2% және «Oryx Caspian Pipeline LLC» - 1,75%.
Демек, КҚК – Ресей жері арқылы өтетін құбыр. Және КҚК-дағы басты акционер – Ресей компаниясы.
Ал ҚР Энергетика министрлігі кеше ресми мәлімдеме жасап: «КТК-дағы жағдайға байланысты: Қазіргі таңда КТК арқылы Қазақстан мұнайын ағызу бойынша ешқандай шектеулер жоқ. Мұнай ағызу жоспарлы график бойынша жүргізілуде. КТК таратқан ресми ақпаратта: «Теңіз-Новороссискі құбыр магистральі 2025 жылдың 17 желтоқсанында Мәскеу уақытымен 02:50-де транзиттік режимде қайта іске қосылған. Іске қосу «Кропоткинская» мұнай айдау станциясынсыз жүзеге асырылған», - деді.
Ескерту: КТК - қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты болып табылады. Қазақстан өз мұнайының басым бөлігін осы мұнай тасымалдаушы құбыр арқылы Еуропаға саудалауда.
Онан әрі Лавров: «Ресей ешқашан Украинаның энергиямен жабдықтау жүйесіне қауіп төндірмеді», - деді. Бұл Лавровтың екінші өтірігі. Қараңыз:
Былтыр БҰҰ мінберінде сөйлеген президент Зеленский: «Ресей Украинаның 80 пайыз энергожүйесін талқандады», - деді.
Ал «Forbes» сарапшылары: «Ресей Украинаның энерго қуатының 50 пайызын жойып жіберді», - деп жазды биыл қаңтарда.
Батыс пен Украина БАҚ-тарын былай қойғанда, Ресей ақпарат құралдарының өзі: «Ресей армиясы Украинаның энергожүйесіне соққы бергенін» сан мәрте жазды да. Ендеше, АҚШ өкілдерімен жолығудан соң отыра қалып, лепірген Ресей СІМ басшысы Лавровтың айтқан екі ауыз өзі қыз-қызыл өтірік демеске лажы жоқ.
Mezgil.kz