Жуырда Женевада әлемдік сауданың қос алыбы – АҚШ пен Қытай келіссөздері өтті. Бұл Трамп билікке келе сала, Қытайға һәм онымен алыс-берістігі бар елдерге тариф соғысын ашқаннан бергі қос тараптың алғаш рет келіссөз үстеліне отыруы.
(Сурет: golosameriki.com)
Сонымен, БАҚ-та белгілі болғандай, АҚШ пен Қытай 90 күнге сауда бітімін жасасты. Ол бойынша:
*Бейжің америкалық тауарларға салынатын кедендік салықты 125%-дан 10%-ға дейін төмендетеді.
*АҚШ қытайлық тауарларға салынатын салықты 145%-дан 30%-ға дейін түсіреді.
*Келісім 90 күнге созылады. Егер тараптар шартты сақтаса, тағы да келіссөз болмақ. Ал егер шарт бұзылса, тарифтер қайта өсуі мүмкін.
Женевадағы келіссөздері 21 күнге созылды. Оның нәтижесінде қос тарап өзара сауда дағдарысын, тауар тапшылығын реттеуге, саудада теңдік қатынасты сақтауға келіскен. Екі тарап бірлескен мәлімдемесі бүгін жарияланады.
Ал әзірге АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент: «Мен АҚШ пен Қытай арасындағы өте маңызды сауда келіссөздерінде айтарлықтай прогреске қол жеткізгенімізді хабарлауға қуаныштымын. Біз егжей-тегжейлі ақпарат береміз, бірақ келіссөздер нәтижелі болды деп айта аламын», - деді.
АҚШ-тың Сауда өкілі Жеймисон Грир: «Қытайлық әріптестерімізбен жасасқан келісім АҚШ пен әлем елдері арасындағы 1 триллион 200 миллиард долларлық сауда алшақтығын қысқартуға көмектеседі», - деп пікір білдірген.
ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифэн: «Америкалық тараппен келіссөздер ашық, терең және сындарлы болды. Тараптар бірқатар маңызды консенсустарға қол жеткізді, сондай-ақ сауда-экономикалық консультациялар тетігін құруға келісті», - деп мәлімдеді.
Вашингтон мен Бейжің сәуір айының басынан бері сауда соғысын жалғастырып келеді. Әуелі АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай тауарларына баж салығын көтерді. Бұған жауап ретінде Қытай да баж салығын енгізген.
АҚШ-тың тариф саясаты Қазақстанды да айналып өткен жоқ. АҚШ Қазақстан тауарларына 27% пайыздық тарифтер енгізген. Ақ Үйдің есебінше, осыған дейін Қазақстан американдық тауарларға 54% баж салығын енгізген. АҚШ-тың тарифтері жауап ретінде енгізілген.
Осыған дейін біз Трамптың тариф соғысы Қазақстанға қалай әсер етеді деген сауалды сарпашыларға қойған едік. Мақала сілтемесі: Трамптың салықтық саясаты – Қазақстанды балама жол іздеуге мәжбүрлейді!
Қазақстан президенті Тоқаев та тарифтер соғысының Қазақстанға әсері туралы айтқан болатын. Мақала сілтемесі: Тоқаев: «Тариф майданы» Қазақстанға да әсер етеді. Әбжіл қимылдау керек!
Mezgil.kz