Елімізде құс шаруашылығының дамуы жақсы

муха.jpg

Мұхтар БАЙБАТШАНОВ, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ҚазҰАУ-нің қауымдастырылған профессоры:

Елімізде құс шаруашылығының дамуы жақсы

– Мұхтар Қасенұлы, қазіргі таңда құс шаруашылығы әлемдік жетекші өндірістің біріне айналды десек те болады. Оның себебі етінің де, жұмыртқасының да қолжетімді болуы ма, әлде өнімділігінің жоғарылығынан ба?

– Аз уақытта тұтынушы қажетін өтейтін өнім өндіру саласы әлемде тез дамуда. Құс шаруашылығы – ауыл шаруашылығындағы өнімді қысқа мерзімде бере алатын тиімді саласы болып саналады. Себебі аз уақыт ішінде аз қаржы жұмсап, диеталық тағам – ет және  жұмыртқамен тұтынушыны қамтамасыз етуге болады. Құс жұмыртқасы витаминдерге бай азық көзі. Еті – жеңіл қорытылатын диеталық тағам. 

– Ал біздің еліміздегі құс шаруашылығының даму бағыты қандай?

– Тәуелсіздік алғаннан соң еліміздегі ірі құс өсіретін шаруашылықтар көптеген қиындықтарға тап болған кезеңдерді өткерді. Қазір бәрі басқаша. Басты себебі өнімді тұтынушыға жеткізетін жолдың дұрыс қойылғандығы. Сұраныс бар жерде кез келген өндіріс ілгерлемек. Жыл сайын елімзде құс өсіретін шаруашылықтар құрылуда. Мемлекеттік «Агробизнес–2020» жобасы аясында инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша  (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің №9-3/726 бұйрығына сәйкес) субсидиялаудың басым бағыттарының бірі – құс шаруашылығымен айналысатын үлкен өнеркәсіптерді салу және кеңейтуге бағытталып отыр. Қазіргі уақытта 50-ден аса ірі құс өсіретін шаруашылықтар бар.

– Медицина мамандары қызыл еттің, яғни қой, жылқы, ірі қара етінің зияндылығын, ағзаға ауырлығын көп айтып кетті. Олардың айтуынша ақ ет – осы біз сөз етіп отырған құс және балық еттері пайдалы екен. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе? Бұл қаншалықты ақиқат? 

– Қой, ірі қара еті ауыр деп айтқанымызбен ешкінің еті жеңіл келеді. Сол себептен болар кейінгі уақытта ешкіні ауыл түгіл, қалада асырап асырап үлкен табысқа кенеліп отырған азаматтар бар. Себебі 400-ден аса шөп түрін теріп жейтін ешкінің еті жеңіл әрі сіңімді келеді. 

Ал балық еті белокқа бай тағам болып саналады. Мысалы бекіре тұқымдас балықтардың  уылдырығы майлы, бағалы белоктар мен витаминдер көп, өте құнды тағам болып табылады. Калориясы жағынан ол ет, сүт тағамдарынан құнды әрі қуатты келеді. Мысалы, түйірлі немесе түйірсіз 100 г уылдырық организмге 280 калория береді. Ал семіздігі орташа 100 г ет бар болғаны 120 калория, 100 г сүт 70 калория береді.

– Қиюын келтіргендер құс өсіріп те пайдаға шаш-етектен батып отыр емес пе? Алайда бізге құс өнімдері мұхит асып, Америкадан келіп жатады. Біздегі құс шаруашылығы неге ішкі нарықты қамти алмай отыр деп ойлайсыз?

– Адамдарға күніне 50 грам жұмыртқа қажет екендігін ескерсек еліміздегі 18 миллион адамға қанша жұмыртқа керектігін аңғарарсыз. Сондай-ақ құс еті –диеталық тамақ екендігін ескерсек құс өнімдеріне сұраныс жыл өткен сайын көбеюде. Сұранысты толық қамти алмағандықтан сырттан құс өнімдері ішкі нарыққа енуде. Біздің еліміздің кейбір шаруа қожалықтар сыртқа да өнім шығаратынын ескеруміз қажет. Елімізде құс шаруашылығының дамуы жақсы жүргізілуде, қарқынды деуге толықтай негіз бар. Өйткені ел аумағында өндірілетін құс еті 2000 жылға дейін 50-50 тонна болса, соңғы уақытта 300 мың тонна маңайында.

кус.jpg

– Сіз Қазақстандағы бөдене популяциясын, оның жалпы пайдасын ғылыми тұрғыда тұңғыш зерттеген ғалымсыз. Бөдене етінің, жұмыртқасының артықшылығы неде? Пайдасы қандай?

– Бөдене еті мен жұмыртқасы адамға  өте пайдалы. Өте жылдам көбейетін бөдене етімен жұмыртқасы витаминдерге бай. Бөдене медицина саласында -демікпе, созылмалы өкпе ауруын, туберкулезді, созылмалы гастрит, асқазан ауруын, өт іріктелетін қалта ауруы мен өт жолдарын, жүрек-қан тамырларының жетіспеушілігін, бранхит, қан аздық және сәуле ауруларын емдеуде қолданылады. Оның  жұмыртқасының құрамына кіретін тирозин амин қышқылы косметика саласында ең қат өнім саналады. Оның  адам бетінің түсін жақсартуда зор пайдасы бар. Шетелдік биоөндіріс саласында бөдене жұмыртқасының негізінде әртүрлі бетперделер мен кремдер шығарылады. 

Бөдененің иммунитет жүйесі ағзаларының қорғаныс күштерін зерттеуге ыңғайлы. Тағы бір дәлелденгені, бөдене жұмыртқасы витаминдер мен амин қышқылдарына өте бай, гипоаллергенді. Бөдене жұмыртқаларын жүйелі пайдалану ағзаның әртүрлі ауруларға, оның ішінде түберкулезге қарсы күресуін жоғарылатады. Оларды шикі күйінде пайдалану Чернобыль апатынан сәулелі ауруға ұшыраған балаларға көмектескен. Олар өздерін жақсы сезіне бастаған, мұрындарының қанауы, бас айналулары тоқтап, қандағы гемоглабиндері көбейген. Бөденелердің жұмыртқасында басқа құстарға қарағанда белок көп. Егер тауық жұмыртқасында белок орташа 5,6 пайыз болса,   бөденелерде  ол 6 пайызды құрайды. Сарыуыздың үлесі тауықтікі сияқты 32 пайызға жуық. Онда қауыз жұмыртқа салмағының 7 пайызын  құрайды, ал тауықтарда бұл көрсеткіш 10 пайыздан асады. 

– Сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар