Малың майлы болсын десең – жем-шөбің сайлы болсын

мал азыгы.jpgЕл басшысы әруақытта ауылшаруашылығы саласын дамытуға ерекше мән береді. Еліміздегі ауылшаруашылығы өндірісінің маңызды саласы малшаруашылығы ежелден қазақтың дәстүрлі кәсібі ретінде дамып келе жатыр. Әлемде астық қорының азаюына байланысты астық экспорты еліміз үшін маңызды болғанымен, Қазақстанда малшаруашылығының алатын орны одан да артық болмаса, кем емес.  Өйткені еліміз жайылымдықтарға өте бай. Республикамыздағы 270 миллион гектар жердің басым бөлігі, яғни 190 млн гектар көлеміндегі аумақ табиғи жайылымдықтарға жатады. Демек басты мәселе осы жайылымдықтарды ұтымды пайдаға асыра білгенімізде және оны табиғаттың берген мол сыйы, сарқылмас  байлық көзі ретінде іске жаратқанымыз орынды болар еді.

Нарықтық экономика жағдайында осы табиғи байлығымызды орынды пайдалану, малшаруашылығын өркендетуге мұрындық болатыны анық. Өйткені, ет өніміне деген сұраныста бар, оны өткізетін базарымызда жанымызда. Мысалы, көршіміз Ресей жылына  2 миллионнан астам ет сырттан Австралиядан, Бразилия тағы да басқа елдерден экспорттайды. Өкінішке орай, бұл үдерісте Қазақстанның үлесі жоқ. Кеңестік дәуірде Қазақстан Одақтың орталық қамбасына бес жүз мыңнан астам ет жөнелтіп отыратын. Егер біз Ресей сатып алып жатқан осы екі миллион тонна еттің бес жүз мыңын берген жағдайдың өзінде Қазақстанға ет экспортынан түсетін пайда астық экспортына қарағанда әлдеқайда артық болатыны анық. Екіншіден, малшаруашылығы жұмыс орындарын көп беретін сала, әрі өнеркәсіптік технологиялық дамуға бейімділігі де икемді. Қарапайым тілде, көп сатылы, яғни кластерлі өндіріс болып табылады. Мәселен, мал өсіру өз алдына, одан сапалы ет пен сүт, жүн өндіру және басқа да қажетті қосымша ұқсату өнімдерін алу, ол да жеке өндіріс. Алынған өнімдерді тереңдетіп өңдеу немесе ұқсату барысында олардың сақталу жағдайы мен өтімділік касиетін арттыру да бір сала. Осылайша жүйе-жүйесімен жалғасып кете береді. Сонымен, іс дұрыс ұйымдастырылған жағдайда алыстағы тау қойнауында бағылып жатқан бір отар қойыңыз немесе бір табын ірі қара осындай кластерлік сатылар арқылы қаншама табыс әкеледі, қаншама адамға жұмыс тауып береді. Міне, осы мәселелер малшаруашылығының әлеуетін ашудағы резервтер көзі десек болады.

Әдетте малшаруашылығын өркендетудегі шешімін табатын шаруа көп қырлы болып келеді. Соның ішінде мал азығын қамдау ең басты маңызды мәселе. Өйткені, жеткілікті мал азығы қоры жасалмай малшаруашылығы еш уақытта серпінді дами алмайды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ал, біздің Қазақстанда мал өсірудің ежелден кәсіп етілуі, ата-бабаларымыздың мал соңында көшіп-қонып жүруімен байланысты, яғни еліміздің ауа-райы мен жер ерекшелігіне орай табиғи жайылымдықтарды ұтымды пайдалана білуіне қатысты еді. Сан алуан географиялық ендіктерде орналасқан жайылымдықтардың мол болуы қазақтардың тіршілік болмысын, халықтың дәстүр-салтын әлеуметтік тұрғыдан айқындаған. 

Қазіргі күні Қазақстанда мал азығын өндіру саласында экстенсивті сипат басым. Өйткені, мал өсіру шаруасында азықтандыру мәселесі  көбіне табиғи жайылымдықтар мен шабындықтардың әлеуеттілігіне тәуелді. Әзірге мал шаруашылығын қарқынды дамыту толық шешімін таппай отыр, сондықтан да табиғи азықтық қорларды пайдалану басымдыққа ие. Мал азығы қорын қарқынды дайындау, яғни екпелі шабындық, көпжылдық екпелі жайылым немесе жоғары өнімді мал азықтық дақылдарын өсіру әдістері әлі де кенжелеген күйінде өндірісте кең қолданыс таба алмай отыр. Ең осал тұсымыз, табиғат берген байлығымыз 190 млн жайылымның, тек 100 млн ғана көлемі пайдаланылуда. Оның өзінде, айналымдағы осы жайылымдарды орынсыз  пайдалану олардың күйзеліске ұшырауына әкеліп соғуда. Өйткені, малдың басым көпшілігі ауыл халқының қолында болғандықтан, осы мал ауыл маңы мен жақын жерлердегі немесе сумен қамтылған аумақтарда ғана жайылып, сол жерлердің шиырлануына себеп болуда. Бұл қолайсыз жәйт, бір жағынан, жайылымдардың мал тұяғына тапталып тозуына жалғасса, екінші жағынан, шөпке тоймаған малдың қажетті өнім бере алмауына себепкер. Осы мәселенің зиянды тұсы да бар, мал тұяғы шиырлаған жерлер дағдарыска ұшырап, экологиялық қолайсыздықтарға, мысалы, топырақ эрозиясына жол берілуде. Осылайша ауылдық мекендердің айналасында табиғи ортаны қорғау мәселесі нашарлап, эрозияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру кезекті тағы бір проблеманы шешуді талап етеді.

Жалпы мал азығы базасын нығайту мәселесіне келсек, республикамызда малды азықпен қамтамасыз ету жайылымдарды пайдаланудан, табиғи және екпелі шабындықтар, екпелі мал азығы дақылдары есебінен дайындалатын жемшөп қорларын жасау мәселелерінен тұрады. Жайылымдарды пайдалану өз алдына, ал шөп, пішен сияқты ірі азық түрлерін дайындау екінші бір маңызды мәселе. Өйткені, қазіргі күні шаруашылықтардың көпшілігі дайын шөптің тапшылығын сезінуде. Шөп тапшылығы, қысы ұзақ солтүстік өңірлерге ғана тән емес, сонымен бірге оңтүстік өңірлерлерде де сақтық қоры ретінде қажеттілігі зор. Биылғы қыс тек суығымен ғана емес, сонымен қатар түскен қалың қарымен де ерекшеленді, осы бір қиыншылық шаруаларға шөп дайындаудың қаншалықты маңызды екенін естеріне салғандай болды. 

Шөп дайындаудың кепілді көзі ол республика аумағындағы өзен, көл жағалауындағы жайылмалы шалғындықтар, тау бөктеріндегі шабылмалы жайылымдықтар және жалпы шабындықтар, олардың көлемі республикада үш миллион гектарға жетпейді. Өкінішке орай, бүгінгі күні осы жерлердің өнімділігі төмен, гектарынан 11-13 ц аспайтын шөп дайындалады. Сондықтан да кейбір шаруашылықтар өзен маңайындағы қамыстарды іске жаратып жатады. Осындайда, мал азығы қорын нығайтуға республикамызда мүмкіншіліктің мол екенін ескеру қажет. Қаншама байлық орынды пайдаланылмай жатыр. Мысалы, астық егетін егістігі мол Қазақстанда сабанды іске жаратса да болады, оны дайындаудың  ғылыми негіздемесі өндірісте кеңінен қолдау да тапқан. Екіншіден, суға бөктіру арқылы гектарына 4 тоннадан астам шөп алынатын Орал-Көшім жайылмалы шалғындықтары мен Орталық Қазақстандағы көлтабандап суғарылатын шабындықтары бүгінде қолданыстан шығып қалған. Кеңес дәуірінде кең таралған қарапайым әдіс – сай-салалар мен аңғарларға шөп егу арқылы шабындықтар өнімділігін арттыру да бүгінде ұмыт болған. Ертеректе өндірісте тиімділігін дәлелдей білген осындай ұтымды шешімдермен қатар, бүгінгі таңда өндіріске жол тапқан ғылыми әзірлемелер де баршылық. Мысалы, соңғы жылдары республикамыздың оңтүстік шығыс өңірлерінде соя дақылын өндіру кең етек алуда. Осы орайда, микробиология институтының ғалымдары осы дақылдың өнімділігін арттыратын бактериалдық препараттан басқа олардың сабанын мал сүйсініп жейтін азық қорына айналдыру жолдарын да ұсынды. Сонда сояның дәнінен түскен пайдамен қатар сабаны да шаруаның табысын арттырары анық. Жайылымдарды, шалғындықтар мен шабындықтарды көпжылдық шөп тұқымдарын егу арқылы жақсарту өз алдына бір мәселе. Бұл проблема да назардан тыс қалып отыр. Мал азығы өндірісінің қарқынды дамуының негізгі өзегі екпелі шөп мәселесі “болдырған ат” тәрізді бір орында табандап тұрғаны да анық жағдай.

Жоғарыда республикамызда орын алып отырған олқылықтарды және өндірісте қолданылған кейбір ұтымды әдістерді еске алдық. Тағы бір ескеретін жәйт,  республикамызда шалғындықтарды жақсарту көбінесе еркекшөп тұқымын егу арқылы шешімін табуда. Бұл бұрыннан қалыптасып қалған «сыңарезу” көзқарас десек те болады. Әрине, Қазақстанның табиғи жағдайында бұл дақылдың зор маңызға ие екені даусыз. Бірақ, заманауи талаптарға сәйкес басқа да дақылдар түріне, соның ішінде мал азығы ретінде ең бағалы саналатын бұршақтұқымдастарға, әсіресе беде, жоңышқа және түйе жоңышқа сияқты дақылдарға көңіл аударған жөн, оларды қолданбау қателік болатыны анық.  Өйткені, бұл дақылдарда астық тұқымдастарға қарағанда протеин мен ақуыздың мөлшері екі еседен артық. Сонымен қатар, амин қышқылы құрамы да малға жұғымдылығымен құнды. Әлемдік тәжірибе анықтағандай және республикадағы қалыптасқан үрдіс бұршақ тұқымдастар өсімдігінен  ең арзан және мол ақуыз өндірілетінін айқындап отыр.

Тоқсаныншы жылдары шаруашылықтарды реформалау кезінде көптеген олқылықтар орын алғаны аян. Қажеттілік пен тұрақты табыс қалыптастыру емес, уақытша тығырықтан шығу мүддесін көздеген шолақ саясат кесірінен, малшаруашылығы дағдарысқа тіреліп, республикамызда мал азығы дақылдарын өсіретін алқаптар айналымнан шығып қалды. Тоқсаныншы жылдары 11,4 миллионнан астам жерге мал азығы дақылдары егілсе, бүгінгі таңда осы алқаптар 2,4 миллионнан аспайды. Көпжылдық өсімдіктер алқабы екі жарым есе азайса, жүгері алқаптары 27 есеге азайды. Осы орынсыздық, бүгінгі күні қолдағы бар малдың жем-шөппен толық қамтамасыз етілуіне қол байлау болып отыр. Өйткені, көптеген шаруалар мал азығын дайындаумен шұғылданбайды. Бұл ащы шындық. Малдың қысқы азығы сапалы пішен, мал сүйсіне жейтін пішендеме және сүрлем сияқты жем-шөп қорының аздығы малды азықтандыруда аса қажетті ақуыз, қант, каротин және тағы басқа да элементтердің жетіспеуіне жол беріп, малды азықтандыруда оның қажеттілігін өтей алмауда. Осындай сапалы шөптердің жетіспеушілігінен солтүстік астықты өңірлерде, малды көбіне дәнді дақылдармен азықтандыру кең етек алды. Етті ірі қара шаруашылығында осы үрдіс ет өнімінің қымбаттауына мұрындық болды. Өйткені, өндірілген ет бағасының елу пайыздан астамын жем-шөп қоры анықтайды. Ал, мал өсірудің табыстылығына қол жеткізу, біріншіден, мал азығының қолжетімділігіне, екіншіден, малдың өнімділігіне тәуелді. Өз кезегінде, мал өнімділігі, мал азығының сапасына тікелей байланысты. Сондықтан да, мал өсірем деген адам, мал азығын дайындауды игерген абзал. Оңтүстік өңірлерде қал калың, қыс қатты болған жылдары мал қолға қарап қалса, солтүстік өңірлерде, негізінен мал азығының 70%-дан  астам бөлігі мал қыстату мерзімінде пайдаланылады. Бүгінгі таңда республикамызда мал азығы қоры негізінен шабындықтардан және екпелі шөп есебінен дайындалады. Ең өнімді, әрі сапалы шөп дайындау бұршақтұқымдас өсімдіктерден, ал солтүстікте, көбіне еркекшөп есебінен өндіріледі.   

Табиғи шалғындықтардағы шөп қауымдастығы құрамында көпжылдық өсімдіктер басым: олар беде, жоңышқа, түейжоңышқа, еркекшөп және т.б. шөптер. Олардың ішінде, көпжылдық бұршақтұқымдас өсімдіктердің мал азықтық құндылығы зор, астықтұқымдастарға қарағанда оларда ақуыз мөлшері екі есеге дейін  артық. Өз кезегінде оларда аминқышқылдары да көп, ал аминқышқылдарының пайдалылығы оның құрамына байланысты екенін ескерсек, осы өсімдіктердің мал азығына қажеттілік құндылығы арта түседі.   Әлемдік тәжірибедегідей, республикамызда да қолжетімді ақуыз қорын осы көпжылдық бұршақтұқымдас өсімдіктері құрайды.

жем.jpg

Қазіргі кезеңде малшаруашылығында қалыптасқан үрдіс негізінен мал азығындағы ақуыз тапшылығынан жемшөптің ысырапқа ұшырап, мал өнімінің өзіндік құнының артуына әсерін тигізуде. Сондықтан да, алдымен мал азығының сапасын арттыру, оның ішінде ақуызмен қамтылуын қолға алған жөн. Бұл ретте, жайылымдарды және шабындықтарды бұршақтұқымдас және астықтұқымдастер өсімдіктер еге отырып жақсарту шаралары жүзеге асырылса малазығын дайындау науқанының көрігі қыза түсер еді. Бүгінгі таңда, табиғи жайылымдарды жақсарту ескерілмей жатыр, ал қолданыстағы жайылымдар мен шабындықтарды екпе шөптермен байыту арқылы өнімділігін арттыру күрмеуі әлі шешілмеген шаруа.

Көпжылдық бұршақтұқымдас өсімдіктерін өсіру мал азығы қорын нығайтумен қатар, топырақ құнарлылығының жақсаруына тікелей ықпал етеді. Бұршақтұқымдас шөптердің өсу және тамырлану ерекшеліктері топырақтағы микробиологиялық үрдістердің оңтайлы өтуіне және оның физика-химиялық қасиеттерінің жақсаруына оң әсерін тигізеді. Қорыта айтқанда, топырақта үнемі жүріп отыратын микробиологиялық үрдістерді оңтайлы бағытта дамытып, оның құнарлылығын өз дәрежесінде арттыруға болады. Бұршақтұқымдас шөптер тамырдағы түйнек бактерияларымен тығыз симбиоздық қатынаста бола отырып, өсу кезеңіндегі ауа-райы мен топырақ ерекшелігіне орай  гектарына 600 кг дейін биологиялық азот жинақтай алады. Былайша айтқанда, тамырдағы түйнек бактериялары ауадағы атмосфералық азотты сіңіру арқылы, оны топырақта биологиялық азот түрінде жинақтайды. Яғни, топырақты минералды азот тыңайтқыштарымен  емес, биологиялық азотпен тыңайту жүзеге асады, бұл өз кезегінде, химикаттардың әсеріне тосқауыл қойып, экологиялық қауіпсіз технологияларды пайдалануға мүмкіндік туғызады. Топырақта жинақталған биологиялық азот келесі егілетін ауылшаруашылық  дәнді дақылдарының минералды тыңайтқыштарды қолдануынсыз-ақ өсіп өнуіне кепілдік береді.  Сонымен қатар, өсімдіктердің өсуіне және топырақ қасиетінің жақсаруына ықпалын тигізетін микрофлораның дамуы топырақтың фитосанитарлық жағдайына да оң әсерін анықтайды: ауылшаруашылық дақылдарының, әсіресе дәнді дақылдардың аурулармен зақымдануына, оның ішінде тамыр шірігі ауруларының белең алуына жол берілмейді. Көпжылдық бұршақтұқымдас шөптер егілген алқаптағы топырақта ең оңтайлы су-физикалық, фитосанитарлы және азықтану мүмкіндігі орнығады. Сонымен, ғылыми тұрғыдан қарағанда, көпжылдық өсімдіктер мал азығы қорын өнімділік және сапалық тұрғыдан нығайтумен қатар,  егіншілік жүргізудің биологиялық жолмен дамуына, топырақтың құнарлылығын арттыруға және қоршаған ортаның экологиялық қауіпсіздігін сақтауға зор ықпалын тигізеді.   

Республикамызда соңғы жылдары мал азығы дақылдары есебінен екі миллион азықтық өлшем көлемінде шөп дайындалатынын ескерсек, ол малға қажетті азықтың 1/3 бөлігін ғана қамтиды. Қалыптасқан жағдай малшаруашылығының өркендеуіне және оның қарқынды (интенсивті) дамуына қол байлау болып отыр.    

Осы орайда, мал азығын дайындау мен оны ұқсату мәселелері мал азығы базасын нығайтудың технологиялық өзегі. Өйткені, мал азығын ұқсату бар мүмкіндіктерімізді толығымен пайдалануға ықпал етеді. Соңғы жылдары мал азықтық қоры пішен және сабан дайындаумен шектеліп, ал сүрлем және пішендеме дайындау үрдісі кенжелеп қалды. Республикамызда қазіргі уақытта сүрлем бір миллион, пішендеме жарты миллион көлемінде дайындалса, малшаруашылығы дамыған тоқсаныншы жылдары 35 млн тонна сүрлем, 7 млн тоннадан астам пішендеме дайындалатын еді. Ал енді, малды азықпен қамтамасыз ету деңгейін сараласақ, ірі қара шаруашылығында бір жылға шаққанда 22 ц азықтық өлшем берілетіні, протеин мөлшері 12-14 кг аспайтыны мәлім. Қысқы мерзімде қолданылатын мал азығы  11 ц азықтық бірлікпен шектелген. Сонымен, мал азығымен қамтамасыз етілу орта есеппен зоотехникалық талаптардан екі есеге дейін төмен. Ал, малшаруашылығы дамыған еуропалық елдерде 36 ц, америка елдерінде 45 ц, ал көршіміз Ресейде 30 ц астам азықтық бірлік көлемінде мал азығы дайындалатынын ескерсек, осы мәселеге үлкен ыждағаттылықпен қараған дұрыс болар.

Қалыптасқан жағдайда мал азығы базасын нығайтуды жеделдету ғана тығырықтан шығаратын жол. Ең тиімдісі, екпе шөп саласын дамыту, оның құрылымдық құрамын оңтайландыру. Мал азығы сапасын арттыру үшін бірінші кезекте, бұршақтұқымдастар алқабын кеңейту аса маңызды, мысалы, егістікте  беде, жоңышқа, эспарцет, түйежоңышқа тағы басқа да екпелі шөптердің үлесін арттырған жөн. Өйткені, бұл дақылдардан мол шөп дайындалады және шөп құрамындағы ақуыз мөлшері жоғары болады. Екінші кезекте, мал азықтық дақылдардың биологиялық сүрлем әдістерімен құнарлылығын сақтау тәсілдерін кеңінен пайдалану, яғни сүрлем мен пішендеме дайындау.    

Пішендеме құнарлылығы мен жұғымдылығы жағынан табиғи шөптерден кем емес. Пішендеме құрамында шөптің қуаттылығы мен құндылығы толығымен сақталады, ал ақуыз, каротин, қант және басқа да малға қажетті заттардың мөлшері барынша мол, әрі азықтың жалпы  қуаты шоғырланған құрғақтау шөп есебінде де өте маңызды. Әсіресе, өнімділігі жоғары малдарды азықтандыруда таптырмайтын мал азығы. Әлемдік тәжірибеде де мал азығын дайындау саласында пішендеме үлесі жылдан жылға арта түсуде.  Сүрлем де коректілігі жағынан балауса шөптерге жете қабыл, ең бастысы, кез келген  мал сүйсініп жейді. Пішендеме де, сүрлем де құрамында мал ағзасына қажетті коректердің басым көпшілігі бар, малға өте жұғымды азықтар. Бұл азықтардың пішенге қарағандағы артықшылығы, дайындау және сақтау кезінде коректік заттардың барынша сақталуы, ал биологиялық сүрлеу үдерісіне орай кейбір қосымша коректік заттардың түзілуіне байланысты құндылығының  артуы. Сонымен қатар, сүрлем кезіндегі қышқылдар әрекетінен азықтың дәмі кіріп, малға жұғымдылығы арта түседі.  Сондықтан да пішендеме қыс мерзімінде малға қажет шөп ретінде бағасы зор азық болып есептеледі. Мысалы,  пішендеме жеген малдың ағзасында оңтайлы қант-ақуыз теңгерілімі сақталады, сүтті малшаруашылығында бұл ең басты проблема. Сүрлем ретінде азықтағы жалпы қуатының артуы және құрғақ заттың мол болуы, әсіресе, жоғары өнімді мол сүт беретін сиырлар үшін таптырмас азық.

Өндірісті жүргізу барысында сүрлем дайындаудың артықшылығы шөптегі азықтық қуат пен құндылығының барынша сақталуы. Мысалы, сүрлем дайындау барысында пішен дайындаумен салыстырғанда құрғақ заттың сақталуы екі есеге артық. Коректік заттардың сақталуын сараласақ, пішендемеде қант толық сақталады, ал сүрлемде ол органикалық қышқылдарға ыдырайды. Мал азығын сүрлеудің өндірістік тиімділігі де зор,  пішенмен салыстырғанда екпелі егістіктің әр гектарынан алынатын коректік заттардың молдығы және азықтық бірлікке шаққанда жұмсалған шығынның өтемі жоғары. Мысалы, судан шөбінен пішен дайындағанда азық өлшемі 7,8 центнер болса, сүрлем дайындағанда азық өлшемі 10 центнерден асады, ал пішендеме дайындалса 12 центнерге дейін жетеді. Сондықтан да, республикадағы суармалы жерлерді мал азығы дақылдарын өсіруге тиімді пайдалану сүрлем немесе пішендеме дайындау арқылы ұтымды ұйымдастырған жөн болары анық.

Осы орайда, мал азығы базасын нығайту мәселесіне Микробиология және вирусология институтының ұсынар ғылыми әзірлемелері баршылық. Мал азығы қорын қалыптастыратын бұршақтұқымдас дақылдардың өсіп-өнуіне ықпал ететін, осы өсімдіктердің көк балаусасын сақтайтын және осы шөптерден пішендеме немесе сүрлем дайындауға арналған биологиялық препараттар әзірленіп, шығарылады. Мысалы, «Ризовит-АКС” бактериалдық препараты бұршақтұқымдастар дақылдарының беденің, жоңышқаның  тамырдағы түйнек бактерияларының ауадағы атмосфералық азотты сіңіру арқылы топыраққа биологиялық азот түрінде жинақтау қабілетін арттырады. Яғни, топырақты биологиялық азотпен тыңайту жүзеге асады, бұл өз кезегінде, минералды тыңайтқыштарға деген қажеттілікті өтейді. “Турингин” атты бактериалдық препараттың да маңызы зор. Негізгі мал азығы болып есептелетін жоңышқаның өнімі алғашқы орылымда жоғары болады, өнімнің мол болуы өсімдік көк балаусаның жапырақтарының сақталуына тікелей байланысты. Кейінгі жылдары оңтүстік өңірлерде жоңышқаның жапырағымен коректенетін зиянкес құрттар кең етек жаюда, солардың кесірінен алғашқы орылымнан дайындалатын мал азығының көлемі азайып, сапасыда нашарлауда.   Осы орайда “Турингин” препараты осындай зиянкестерді жоңышқа алқабынан биологиялық әдіспен аластатылуына арналған. Арнайы бактериялар негізінде дайындалған препарат осы зиянкес құрттардың биологиялық жолмен жоюылуына ықпал етеді. Бактериалдық препараттың артықшылығы да бар, препарат қолданған соң алқаптың шөбін пайдалануға толық жарамды. Мысалы, Алматы облысының озық шаруашылықтарының бірі “Алматы” асылтұқымды зауытында препарат қолданған кейінгі алқапта жайылған ірі қара малының ас қорыту үрдісінде өзгерістер байқалмады және ақуызы мол азық жегендіктен сүт өнімділігінің артуы анықталды.

Ақуызы мол өсімдіктер санатына жататын, маңызды мал азығы ретінде белгілі беде, жоңышқа, экспарцет және түйе жоңышқа дақылдары бұршақтұқымдастар болғандықтан  сүрлемделуі қиын топқа  жатады. Осындай маңызы зор мал азығы өсімдіктерінің әлеуеттілігін толық пайдалану мал шаруашылығы үшін үлкен резерв көзі. Әсіресе, мал ағзасына пайдалы құрамында ақуызы көп, қуаты мол бұршақтұқымдас шөптерді ысырапсыз мал азығына пайдалану малды қажетті деңгейде азықтандыруға ықпал етеді. Бұл ретте, микробиология және вирусология институтының қызметкерлері көп жылғы ізденістерінің нәтижесінде сүрлемделуі қиын бұршақтұқымдастар өсімдіктерімен бірге, сүрлемдеуге келмейтін ірі сабақты шөптер мен сабанды да сүрлеуге арналған арнайы бактериалдық препараттарды өндіріске ұсынды.  Арнайы бактериалдық препараттар шөпті сүрлеу барысында шөп құрамындағы қуаттылықтың, ақуыздың және дәрумендердің мал ағзасына сіңімді деңгейде түзілуіне ықпал етеді және микробиологиялық үрдіс кезеңіндегі пайда болған қосымша заттармен жұғымдылығын арттырады. Мал азығы ретінде сүрлем мен пішендеме дайындаудың пішеннен артықшылығы мол, біріншіден, шөптің бойындағы бар қуаттылығы мен құндылығы толық сақталады, екіншіден, шөптегі ақуыз, микро және макроэлементтер, қант, дәрумендер микробиологиялық  үрдіс әсерінен мал ағзасында қорытылуы жеңіл түрде түзіледі, үшіншіден, азықта қышқылдардың қалыптасуына байланысты шөптің мал сүйсініп жейтін сапасы артады. Сонымен,  бактериалдық препараттың қолданылуы мал азығын дайындауды сапалы деңгейге көтереді, ал биологиялық препарат ретінде қоршаған ортаға зияны жоқ. 

Сүрлемделуі қиын шөптерді сүрлеу үшін амилолиталық сүтқышқылды стрептококк бактериялары негізінде дайындалған “Казбиосил – АМС” препараты қолданылады. Сүрлемделуі қиын өсімдіктерге бұршақтұқымдастардан басқа табиғи шалғындықтар мен шаппа жайылымдықтар шөбі, астықтұқымдас аралас шөптер, еркекшөп, қамыс пен құрақ шөптер жатады.  Амилолиталық сүтқышқылды стрептококк бактериялары көмірсулардың басым көпшілігінің, әсіресе, крахмал мен декстрин сияқты күрделі сахаридтердің ыдырауына ықпал етеді. Ыдырау үрдісінің нәтижесінде В дәрумендерінің қалыптасуы жүзеге асады, мысалы, 1 грамм сүрлемде 32,7 мкг В2 дәрумені түзіледі. Бактериалдық препараттың сүрлем кезінде тигізетін ықпалы, шөп құрамындағы көмірсуларды тиімді пайдалану, яғни органикалық қышқылдардың тез қалыптасуына әсер етіп, сүрлем кезінде шіріткіш бактериялардың дамуын тежейді және мал азығындағы азоттың сақталуын қамтамасыз етеді. 

Ақуызға бай бұршақтұқымдастар шөбінен сүрлем немесе пішендеме дайындау әлемдік тәжірибеде кең таралса, еркекшөп және қамыс пен құрақтан сүрлеу арқылы пішендеме дайындау үрдісі өндіріске әлі сіңіспеді. Осы орайда, қамыс пен құраққа бай өңір Алматы облысының Балхаш ауданы шаруашылықтарында осы өсімдіктердің сүрлеміне арнайы арналған бактериалдық препарат негізінде пішендеме сүрленіп, құрғақ күйінде аса құндылығы жоқ қамыс шөптен малға жұғымды мал азығы дайындауға болатыны іс жүзінде дәлелденді. Қол кесетін қияқ шөптер малға жұғымды сүрлемге айналып, құрамындағы азоттың мал ағзасына пайдасы мен қамыс құрағының желінуі артты.   Республикамыздың солтүстік және орталық аймақтарында кең таралған еркекшөп бүгінгі таңда қысқы азық ретінде барлық мал түрлеріне маңызы зор. Дегенмен де, пішендеме дайындау кезінде тым кепкен шөптің құнарлығы нашарлайтыны белгілі. Осы орайда шабындықта орылып, қоңыр құрғақ күйінде арнайы институт ұсынған препараттың қосылуымен дайындалған пішендеменің сапасы еркекшөп өсімдігінің барлық пайдалы қасиеттерін сақтауға толық мүмкіндік береді. Қостанай облысының Алтынсарин атындағы кооперативінде жүргізілген үлкен өндірістік тәжірибе нәтижесінде еркекшөптен және еркекшөп пен жоңышқа аралас құрамашөптен дайындалған пішендеме еркекшөп өсімдігінің барлық құндылығын бойына сіңіріп,  сүрлеу әдісінің кезінде түзілген қышқылдарға қаныққандықтан мал сүйсініп жейтін азық ретінде танылды. Орталық және солтүстік аймақтарында кеңінен өсірілетін еркекшөптің құрамындағы пайдалы коректі заттарды толық игеру үшін, бактериалдық пркпарат негізінде пішендеме дайындау арқылы шөптің пайдалы коректерін толық сақтап, оны микробиологиялық үрдіс кезінде түзілетін мал ағзасына қажет дәрумендер, микроэлементтер және қышқыл заттармен байытып, мал азығы ретінде құндылығын арттырып және жұғымдылығын жоғарылату қолдағы бар мүмкіндіктерді толыққанды пайдалануға ықпал етеді.

азык 2.jpg


Мал шаруашылығын өркендету үшін қолдағы бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланған жөн. Қазіргі уақытта ірі сабақты өсімдіктердің қалдықтарын, сабанды мал азығы ретінде іске жарату ұмытыла басталды. Кеңес дәуірінде жыл сайын жоспарлы түрде артып отыратын мал басын азықтандыру үшін өндірістің мал азығына жарамды қосымша қалдықтары толығымен пайдаға асатын. Көбіне, қосымша қалдықтардан сүрлеуі оңай өсімдіктермен бірге араластырылған сүрлем немесе пішендеме дайындалатын. Микробиология және вирусология институтының соңғы жылдардағы әзірлемелері осы бағыттағы мүмкіндіктерді толық қамтуға бағытталды. Мысалы, егін орағынан кейін алқапта қалатын сүрлем дайындауға технологиялық икемді ірі сабақты өсімдіктердің сабақтары мен сабанды пайдаға жарату үшін пентозоыдыратушы сүтқышқылды бактериялар негізінде жасалған бактериалдық препарат  “Казбиосил – ПМБ” әзірленді. Алқаптағы шағын және өндірістегі ауқымды сынақ препараттың тиімділігін толық дәлелдеді. Пентозоыдыратушы бактериялардың әрекеті сүтқышқылды ашу үрдісінің негізінде гемицеллюлозды кешеннің ұйтқысы пентозаның ыдырауын қамтамасыз етуге бағытталған. Ыдырау үрдісінің нәтижесінде сүтқышқылы және сірке қышқылы түзіліп, сүрлемнің қышқылдығының 4,4-4,5 pH деңгейінде болуына ықпал етеді. Осындай тәсілмен дайындалған сүрлемнің желінуі 90 пайыздан асады. Эксперимент кезінде алынған мәліметтер сүрлем құрамындағы құрғақ зат, майлар, органикалық заттар мен азотсыз шырынды заттардың ағзаға сіңімділігі жоғары болатыны анықталды. Яғни, бактериялар әсерінен жүретін микробиологиялық үрдіс ірі сабақты өсімдіктердегі коректік заттардың ағзаға сіңімді түріне айналатынына дәнекер  екеніне дәлел. Институт қызметкерлерінің әзірлеген осы препараты мал шаруашылығына тапшы болып отырған мал азығы қорын алқаптарда қолданылуын күтіп жатқан егін орағының қосымша қалдықтарын іске жарата отырып толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл мал азығы қорын нығайтуға бағытталған зор резерв көзі.

Құрамында қант мөлшері мол болатын өсімдіктер сүрленуі оңай санатқа жатады.  Жүгері, күнбағыс, қонақ жүгері (сорго) сияқты өндірісте кең қолданыс тапқан дақылдар осы санат қатарында.     

А.ӘДЕПХАНҰЛЫ


Ұқсас тақырыптар