Шығыста мал тұқымын асылдандыру артып келеді

Еліміздің ауылшаруашылығы саласында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында асылтұқымды мал басын көбейту және өнім көлемін ұлғайтуға баса назар аударылып отырғаны белгілі. Ал Шығыс Қазақстан облысында ірі қараның еті мен сүтіне сұраныс артуы жылдағы көрсеткіштің жоғарылағанын байқатады.

Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Асқар Жақыпбаевтың айтуынша, 2021 жылға қарай мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуді кемінде 2,5 есеге арттыру жоспарланып отыр.

– Бүгінгі күнде облыс бойынша 7 индустриалды мал бордақылау алаңы салынып жатыр.Оның үшеуі Тарбағатай ауданында болса, екеуі Семейде, біреуі Көкпекті ауданында, ал екіншісі Бородулиха қаласында жұмысын жүргізетін болады. Одан бөлек 8 сүт зауытының құрылысы жүргізілуде, –  дейді басқарма басшысы. 

Өткен жылы сүт және ет өнімдерін сатып алу үшін Шығыс өңірде 439 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған екен. Оның ішінде 54 сүт дайындау нысаны іске қосылған.

Сондай-ақ мал тұқымын асылдандыру бағытында да оң нәтижелер барын айта кеткен жөн. Қазақстан жайылымдық жерлерді пайдалану көлемі жағынан әлемде 5-ші орынды иеленетінін ескерсек, елімізде мал тұқымын асылдандырудың маңызы қаншалықты екені түсінікті.

Қазіргі уақытта жергiлiктi малмен шетелден әкелінген асылтұқымды аталық малдарды будандастыруға баса назар аударылып отыр. ШҚО ауылшаруашылығы басқармасының басшысы А. Жақыпбаевтың сөзіне сүйенсек, мал тұқымын жақсарту үшін 2018 жылы 2000 асыл тұқымды бұқа сатып алынған.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Mezgil.kz


 



Ұқсас тақырыптар