Қойдың қадірін білген адам шығынға ұшырамайды

қой.jpg

Қазақ халқы қатаң табиғи жағдайларға бейімделген әр өңірдің өзіне тән құйрықты қылшық жүнді қойларын және қиыр оңтүстікте қаракөл қойларын өсірген. 

Әлемдік үрдіске және кеңестік дәуірде халық шаруашылығының дамуына байланысты қой шаруашылығы жіңішке жүн беретін биязы жүнді бағытта басымдылықпен дамыды. Қазақстанда биязы жүнді қойларды шығару жұмыстары 1946 ж. В.А.Бальмонттың жетекшілігімен «қазақтың биязы жүнді қой тұқымы» атауымен етті-жүнді өнімділік бағытындағы алғашқы биязы жүнді қой тұқымын апробациядан өткізуден басталды. Кейін арқармен будандастырылған қазақ арқармериносы және оңтүстік қазақ мериносы сияқты биязы жүнді қойлардың отандық тұқымдары шығарылды. 

Әлемдік нарықтағы жүнге деген сұраныстың азаюына байланысты, сексенінші жылдардың соңына қарай қой өсіретін көптеген елдер етті бағыттағы қойларды өсіруге басымдылық берді. Осы кезеңдерде қазақстандық ғалымдар да етті биязы жүнді қой тұқымын шығару қажеттілігін ұғынып, жергілікті қазақтың биязы жүнді қойының негізінде, әлемдік селекцияның үздік жетістіктерін оңтайлы пайдалануды қолға алған еді. 

Қазақтың биязы жүнді қойының жергілікті жерге бейімділігін пайдалана отырып, олардың еттілігін арттыру мақсатында сындарлы сұрыптау жұмыстары жүргізілді. Алғашқы кезеңдерде, қазақтың биязы жүнді қойларының ішінен ең етті малдар таңдалып, тұқымішілік селекция әдісімен етті бағыттағы отарлар саны көбейтілді. Селекциялық үрдістің соңғы кезеңдерінде еттілік қасиетті күшейту мақсатында етті бағыттағы әлемдік үздік қой тұқымдарының тектік әлеуеттілігі пайдаланылды. Немістің «дейчемеринофлейшшаф» қошқарларының генетикалық әлеуеттілігі жергілікті қойлардың еттілік бағыттағы кейбір олқылықтарын жедел толықтыру үшін қолданылды. Осындай будандастырудан алынған тұқымдарды да өз төлінен өсіру жолымен көбейтіп, көбінесе тұқымішіндік сұрыптауға басымдылық берілді. Ұзақ жылғы селекция жергілікті малдың еттілігін арттырып, оның биязы жүнді сапасын сақтап қалды. 

Сонымен, биязы жүнді бағыттағы жаңа етті қой тұқымы шығарылды. Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі Зияткерлік құқық комитетіне 2007 жылы өткізілген қойдың етті бағыттағы селекциялық жетістігі туралы өтініші, мемлекеттік комиссияның елегінен өтіп, 2011 жылы жаңа тұқым ретінде бекітіліп, селекциялық жетістікке патент берілді. Қолданыстағы заңнамалар аясында жаңа тұқымның жаңалығы расталып, оның ерекшелігі, біртектілігі және тұрақтылығы дәлелденіп,  Қазақстан Республикасы мал тұқымдарының мемлекеттік реестріне енгізілді.

Сонымен ТМД елдеріндегі етті бағыттағы алғашқы «Етті меринос» биязы жүнді қой тұқымы шығарылды.  Айта кететін жайт, Ресейде етті мериностардың жаңа тұқымын шығару жұмыстары РФ-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2010 ж. ғана басталды. 

Еттілік қасиетінің артуы осы малдардың шөл және шөлейт жерлерге бейімділігін оңтайлы пайдаланып, еліміздің игерілмей жатқан шалғайдағы жайылымдарын орынды пайдалануға мүмкіндік беретінін ескерсек, жаңадан шыққан “Етті меринос” қой тұқымы халық шаруашылығы үшін таптырмас олжа.   

Қазақстанда қазір 16 млн. қой болса, оның 2,2 млн. шамасын биязы жүнді қойлар құрайды. Биязы жүнді қойлардың басым бөлігі негізінен Алматы облысында шоғырланған, осы өңірде 1,7 млн бастан астам қой бар. 

Биязы жүнді қойлар республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында, негізінен шөл және шөлейт аймақтарда кеңінен  тараған. Қойлар жайылатын жерде жылқы, әсіресе ірі қара мал өсіру қиын. Жақ жүйесінің ерекшеліктеріне  байланысты қойлар төменгі қабаттағы сирек шөптермен қоректенеді және олардың әртүрлі шөптерді жей алу қабілеттілігі өте жақсы. 

Агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің  форумында (2011 жылдың 11 қарашасында)  еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қой шаруашылығын одан әрі дамыту, орасан зор көлемдегі шөл және шөлейтті жайылымдарды игеру қажеттілігін атап көрсетті. Ол кісі бұл мақсатта елімізде етті қойлармен қатар жүнді қойларды қолдану мүмкіндігін айтты. Осы тапсырманы іске асыруға жаңа тұқымның қосар үлесі зор.

Биязы жүнді қойлардың өнімділігі қандай?

Қазіргі кезде қой шаруашылығын одан әрі дамытудың басты мақсаты – өнімділікті арттыру, тұқымдық қасиеттер мен бәсекеге қабілеттілікті жақсарту. 

Ең үздік тұқыммал шаруашылықтарындағы биязы жүнді қойлардың өнімділігі төмендегідей: аталық қошқарлардың тірілей салмағы 100-110 кг, саулықтар – 55-65 кг, жүн түсімі тиісінше 5,5-6,5 кг және 2,5-3,0 кг. 

Кеңес Одағының ыдырауымен барлық кеңестік республикаларда, оның ішінде Қазақстанда биязы жүнді қойлардың саны күрт төмендеді. 1990 ж. аяғында елімізде 22 млн. биязы жүнді қой болса, қазір олардың 2,2 млн ғана қалды. Бұл жағдайдың басты себебі – нарықтық экономикаға өту кезіндегі биязы жүн бағасының күрт төмендеуі. Кеңес Одағы кезінде 1 кг биязы жүннің бағасы 10 АҚШ долларына жететін. Мұндай бағаны мемлекет біржақты қолдап тұрды, ол кезде Австралиядан басқа елдерде баға 1-2 доллар ғана болатын. Бірақ, әлемдегі ең үздік биязы жүн өндіретін Австралияда да жүннің бағасы төмендеді. Нәтижесінде кезінде қой саны бойынша әлемде 1 орын иеленген (1980 ж. – 180 млн. бас)  Австралияда қазіргі кезде бар болғаны 63 млн. қой қалып, олардың саны күннен-күнге азаюда. Австралиялықтар босаған аймақтарда етті малды көбейтіп, жүнді-етті биязы жүнді қой шаруашылығын осындай жүн беретін етті тұқымдармен алмастыруда. 

Етті меринос қойларын өсірудің тиімділігі неде?

Зоотехникалық заңдылық бойынша бір килограмм жүн өндіруге жұмсалған азық мөлшері, бір килограмм қосымша салмақ қосуға жұмсалған мөлшерден 8-10 есе артық. Экономикалық тиімділігіне үңілсек, бір килограмм жүннің бағасы етке қарағанда 3-4 есе арзан, яғни жүннің бағасы 300 тенгедей болса, еттің бағасы 1100 тенгеден де қымбат. Бір саулық негізгі өнім өндіруші ретінде 3-4 кг жүн өнімін береді де, оның құны он долларға жетер-жетпес бағаланады,  сол саулық ет өнімі ретінде бір қозы туып, оны 4-4,5 айлығына дейін өсіреді, оның құны жүз доллардан кем түспейді. Сонымен, ет өнімінің құны жүн бағасымен салыстырғанда он еседен астам, яғни өнім өндірудің жалпы көлемінде ет бағасы 90%-дан да астам. Шаруашылықты рентабельді жүргізу үшін, негізгі өнім ретінде еттің мол болуы алғы шарт, ал сапалы жүн қосымша өнім ретінде жалпы алатын өнім бағасын арттыра түседі. 

Алматы облысындағы шаруа қожалықтары енесінен бөлінген қозылардың әрқайсысын 15-20 мың теңгеге өткізеді, ал оларға кететін шығын өте аз – қойлар жыл бойы жайылымда, қысы қатал мезгілде ғана аздаған қосымша азық беріледі және қой өсірудің технологиясы да шаруағва икемді, әрі қарапайым. 

Алматы облысының Кербұлақ ауданыда орналасқан «Арай» шаруа қожалығының басшысы, әулетінен келе жатқан қой өсіруші Кегенбеков Дулат 20 жылдан бері жеке өз кәсібін жүргізуде. «Етті меринос» тұқымының 500 саулығын өсіруден ғана ол жыл сайын 4,0 млн теңгеден аса таза пайда табады. 

Осыған байланысты етті қойларды көбейтудің маңызы зор. Етті мериностарды шығару тәжірибесі  көрсеткендей, Қазақстандағы орасан зор көлемдегі шөл және шөлейтті аймақтарда жоғарғы ет өнімділігімен ерекшеленетін, экологиялық таза қой және қозы етін беретін қойларды өсіруге болады. «Етті меринос» жаңа қой  тұқымының қозылары енесін ему кезеңінде де, бордақылау кезінде де тез өсуімен ерекшеленеді. Тірілей салмақтарының орташа тәуліктік өсімі 300-320 г-ға жетеді. Енесінен бөлінген 4-4,5 айлық еркек тоқтылардың тірілей салмағы 35-38 кг-ға (максималды 50 кг), ұша шығымы 50-52℅-ға жетеді. 4-4,5 айлық қозыларды етке өткізгенде 1 саулыққа шаққандағы пайдасы 7500 теңгеден кем емес. 

Еліміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев шетел экономикаларын және олардың даму бағыттарын үнемі зерттеу қажеттілігін атап көрсетеді, сонда ғана халық шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында дер кезінде тиісті шараларды іске асырып, тоқырау мен шығындарға батпау шараларын қарастыруға болады. Осы орайда қойдың етті меринос жаңа тұқымы орамды шешім десек болады, өйткені, бүгінгі таңда етке деген сұранысқа бар, ал осы етті қойды өсіру экономикалық тиімді. 

«Етті меринос» жаңа қой тұқымының артықшылықтары бар ма?

Қой шаруашылығының басты өнімі – қой және қозы еті. Германияда өткен ғасырдың басында шығарылған «Дейче меринофлейшшаф» етті биязы жүнді қой тұқымы әлемге әйгілі. Бұдан кейін, осы тұқымды пайдалану негізінде өткен ғасырдың 70-ші жылдары Оңтүстік Африка республикасында (ОАР) «Доне» етті қой тұқымы шығарылды. Бұл тұқымды австралиялықтар өз елдеріне апарып, қазір олардың аса құнды отарлары бар. Оған қоса, австралиялықтар өткен ғасырдың соңында өзіндік австралиялық етті қой тұқымын шығарды. 

Қазақстанға 2005 жылы Австралиядан «доне» және австралиялық етті меринос қой тұқымдарының аздаған қошқарлары мен саулықтары әкелінді. Оларды таза өсіру әдісі қажетті нәтижелерге қол жеткізбеді. Өнімділік көрсеткіштері олардың отандағысымен салыстырғанда төмен болды. «Доне» және австралиялық етті меринос тұқымдарының қошқарларын «Етті меринос» тұқымының саулықтарымен шағылыстырудан алынған төлдер ет көрсеткіштері және өз төлінен көбею қабілеттілігі бойынша жергілікті «Етті меринос» көрсеткіштерінен асып түсе алмады. Мұның себебі – бұл тұқымдар шығарылған Африка мен Австралияда  ауа-райы жыл бойы жылы (қыста +10+15оС), жылдық жауын-шашын мөлшері – 600-1000 мм. Кейбір жылдары ғана құрғақшылық болады, болған жағдайда да қысқа – 1 айдан ұзақ емес, бұл жерлер теңіздер  және мұхиттармен  қоршалған. Ол жерлерде шалғын шөптер басым болғандықтан, шүйгіні де мол. 

Олармен салыстырғанда, біздің елімізде экстремалды жағдайлар қалыптасқан. Біздің етті мериностар Балқаштың оңтүстігіндегі шөбі сирек, жылдық жауын-шашын мөлшері 100-150 мм болатын  шөл және шөлейтті аймақтарда өсіріледі. Жаңа Етті мерионос тұқымы әлемдік тәжірибеде осындай жағдайларда шығарылған бірінші қой тұқымы. Қыстық температура -20-30 оС, кейбір жылдары - 40 оС-қа жетеді, қары қалың. Құрғақшылық бір жыл емес, екі жыл және одан  да ұзақ болуы мүмкін. Жазда қойларды 2-2,5 айға тауға 150-250 км қашықтыққа айдап кетеді. Алайда, қазіргі кезде көптеген шаруалар қойларын тауға айдамай, жазда құмда, қыстауда қалып та жүр. 

Қазақстанда өсірілетін басқа биязы жүнді қойлардан айырмашылығы зор. Етті-жүнді бағыттағы жаңа тұқым малының қазақтың биязы жүнді қойы тұқымынан еттілік қасиеттері, тезжетілгіштігі, төлшілдігі артық. Қозыларының 4 айлығындағы тірілей салмағы – 35-38 кг, сойғандағы ұшасының салмағы 18-20 кг тартады, қарқынды бордақылауда тәуліктік салмақ қосуы 570 граммға деін жетеді. Қошқарларының орташа тірілей салмағы – 110-130 кг, саулықтарыныкі – 65-75 кг, жуылған жүн түсімі – тиісінше, 5,5-6,0 кг және 2,8-3,2 кг, төлшілдігі – 135-150%. Шаруашылық отарларында әр жүз бас саулықтан 130-дан аса қозы өреді, төлі өте тезжетілгіш, қозылары 4 айлығында 35 килограммнан аса салмақ тартады, тәуліктік салмақ қосуы 300 граммнан асады.

Қорыта айтқанда, жаңа тұқым қойларының ет өнімділігі казақтың биязы жүнді қойының көрсеткіштерінен 15-20%-ға артық. Ұша және жұмсақ ет шығымы 5-7%-ға көп. Ал, қатаң табиғи жағдайларға төзгіштігі, шөл және шөлейт аймақтарға бейімділгіштігі, төлдегіші сияқты қажетті қасиеттері жағынан жергілікті қойлардан кем емес.  

Кегенбеков Дулаттың селекциялық отарындағы саулықтардың тірілей салмағы  жоғары – 69,3-76,6 кг (ең ірісі 103 кг тартқан), жүнінің ұзындағы да жеткілікті ұзын – 9,71-10,41 см. Отардағы әр 100 саулықтан 144 тірі қозы алынған, әр саулыққа шаққандағы қырқылған орташа жүн түсімі 6,9 кг, жуылған орташа жүн түсімі 3,8 кг, 10 кг-нан артық жүн берген 9 саулық ерекшеленген, бір жасар ұрғашы тоқтылардан қырқылған орташа жүн түсімі 8,6 кг құраған.

Етті бағыттағы мал болғандықтан, жаңа тұқымның қозы етінің дәмдік сапасы да өте жоғары. Құрамында ең жақсы арақатынастағы амин қышқылдары, ақуыздар мен көмірсулар, сонымен қатар дәрумендер, микро және макро элементтер мол  қозы еті нәзік, жұмсақ және дәмді. Бұл етті адам ағзасы жақсы қабылдап, жақсы қорытады. 

Адам ағзасындағы холестериннің жоғарғы мөлшері қан тамырларында май түйіршіктерінің пайда болуына әкеліп, сол арқылы тамырлар тарылып, қан қысымы көтерілген кезде инфаркт, инсульттар орын алады. 1 кг қой етінде 36 мг холестерин болса, қозы етінде оның мөлшері – екі есе аз. Ғылыми деректер көзіне сүйенсек, 1 кг сиыр етінде – 76 мг, ал шошқа етінде – 100-150 мг холестерин болады.  

Қырғызбай БЕГІМБЕКОВ


Ұқсас тақырыптар